«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сергелдеңмен басталып, сәтті аяқталды

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Барыс жылы Мамлют ауданындағы Белое ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығының басшысы Ислам Омаров үшін келеңсіздіктермен басталып, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің араласуымен соңы сәтті аяқталды. Жаз кезінде редакцияға келіп, жергілікті билік өкілдері жұмысына кедергі келтіріп отырғанына шағымданған болатын. Айтуынша, Белое ауылындағы үйінен мал қораға дейінгі және көрші Прогресс елді мекеніндегі жазғы қорасына тартылған электр сымдарын қиып кеткен. Соның кесірінен ондағы сүт сауатын және оны суытатын жабдықтардың жұмысы тоқтаған. Жетпіс шақты сиыр ұстап, бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтың иесін бұдан басқа да бірнеше мәселе мазалайтыны әңгіме арасында анықталды. Жергілікті әкімдік Белое ауылындағы біраз жылдан бері өзіне тиесілі болып келген екі гектар жердің жартысын пайдалану құқығын шектеп, мал қораның қарсы жағындағы бос жатқан ескі жұртты пайдалануға бермеген.

Ислам Омаров еліміз егемендік алғаннан кейін, яғни 1994 жылы Омбыдан атамекенге қоныс аударған екен. Нақтырақ, Уәлиханов ауданына қарасты Бидайық ауылындағы жеке шаруашылық жұмысқа шақырып, біраз уақыт сонда директордың орынбасары қызметін атқарады. 2001 жылы Петропавл қаласына көшіп келіп, №1 училищеде жұмыс істейді. Кейін Мамлют ауданына қоныс аударып, сондағы коммуналдық шаруашылықты басқарған. Сол қызметтен 2012 жылы зейнетке шығып, жеке шаруашылықпен айналыса бастайды. Алғашында он торпақ, он бес қоймен бастаған кәсібі кеңейіп, қазір 76 сиыр, 80 тұяқ қойы бар. Сауылатын 30 сиырдан күніне 300 литр сүт алады, жылына 4 тоннадай ет өткізеді екен. Негізгі жұмыс баласы Мырзабектің мойнында.

– Ата-бабамның туып-өскен жері – Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылы. Бодандық қамытын кимей тұрған заманда атам Омардың 1500 бас жылқысы болыпты. 1928 жылы солақай саясаттың салқыны жетіп, әпербақандардың зорлығына шыдай алмай, Түмен облысына қоныс аударады. Әкем сонда жүргенде соғысқа кетіп, 1944 жылы ауыр жарақат алып оралды. 1950 жылы Омбыға көшіп барыппыз, сонда біз өмірге келдік. Сол жерде білім алып, механик мамандығын игеріп шықтым. Еңбек жолымды қарапайым жұмысшылықтан бастап, кейін директордың орынбасары, ауыл әкіміне дейін көтерілдім, – дейді Ислам Омаров өткен күндерді есіне алып.

Әңгімені әріден бастаған азамат тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шаш ал десе, бас алудан тайынбайтын жергілікті шенеуніктердің әрекетіне наразы екеніне әкеліп тіреді. Ақсақалдық жасқа жетсе де, бойынан қуаты қайтпаған іскер жанның жұмысынан не кінәрат тапқанын білмек болып, редакция атынан Мамлют ауданының әкіміне хат жолдаған едік.

Біз жазған хатқа шекті уақыт ішінде жауап келді. Алайда мемлекеттік тілде жазылған хатқа аудан әкімінің орынбасары Искак Насыров орысша жауап жазып, айды аспаннан бірақ шығарды. Біз қайта талап еткеннен кейін ғана қазақша нұсқасы жетті. Оның өзінде сауатсыз аударғандары көрініп тұр, қате деген өріп жүр. Бұл ауданда мемлекеттік тілге деген құрметтің осалдығын осыдан-ақ аңғаруға болатындай.

Хатта аудан әкімінің орынбасары шағымданушының айтқанымен келіспейтінін, бәрі заңдық негізде істелгенін айтып ақталыпты. Ал іргедегі жер телімінің берілмеуін әкелі-балалы кәсіпкерлердің аукционға келмегенімен түсіндірген екен. Мырзабек Исламұлының сөзіне қарағанда, бастапқыда қаражат жеткіліксіз болып, мал базасын салуға арналған төрт гектар жер телімінің аукционына қатыса алмапты. Кейінгі бір байқауда бәсекелес болатындай екінші адам табылмай өтпей қалған.

Кәсіпкердің ала алмай жүрген жері – осыдан отыз жыл бұрын бұзылып қалған мал қорасы орналасқан ескі жұрт. Қираған қораның материалдары шашылып, кей жерлерінде тереңдігі екі метрлік шұңқырлар ашық қалған. Оны жаппаса шаруашылықтың да, ауыл тұрғындарының да әрі-бері жүрген төрт түлігі түсіп кетуі мүмкін. Омаровтар әулеті ешкімге керексіз осы бос жатқан жерді пайдалануды өтініп отыр. Әкелі-балалы кәсіпкер қанша күш пен қаражат кетсе де бұл жерді алып, қалпына келтіреміз деп бекініп отыр.

Ал электр сымының не себепті қиылғанын білу үшін “Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату” АҚ-ның бас директоры А.Казановскийге хабарластық. Оның сөзіне қарағанда, аудандағы бірқатар елді мекенді тарату туралы шешімге Прогресс те енген. Белое ауылдық округінің әкімі бұл елді мекенде электр энергиясын тұтынушылар жоқ екенін мәлімдеген соң, аталмыш компанияның Мамлют ауданындағы бөлімшесі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында электр сымдарын жинап алуға мәжбүр болған көрінеді. Ал Белое ауылындағы үйден қораға дейін тартылған электр сымын кесуге тұрғындардың шағымы себеп болыпты-мыс. Олардың айтуларынша, ауылдағы транформатордың қуаты төмен екен.

Сөз арасында Ислам Омаров өзі сияқты шағын шаруашылық иелеріне мемлекеттен бөлінетін субсидияның жете қоймайтынын да айтып қалды. Бұл жайт билік басындағылардың арасында ала қойды бөле қырқатындар бар екенін аңғартқандай. Ауыл шаруашылығы үлкен екі саладан тұратыны баршаға аян. Біреуі егін ексе, екіншісі өріске төрт түлігін өргізеді. Ислам Омаровтың айтуынша, егін еккеннен мал өсірудің машақаты көп. Төрт түлікке қысы-жазы күтім керек. Ал шағын шаруашылықтарға мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Мәселен, бір литр сүтке берілетін субсидия 10 теңгеден басталады екен. Ал оны алу үшін шаруашылықтағы сауын сиырдың саны 51-ден көп болуы керек. Ал етке 200 теңгеден беріледі деп белгіленген. Ол үшін соятын мал 100-ден асуы тиіс. Қолындағы азын-аулақ қаражатына мал алып, кәсібін енді бастап жатқан кәсіпкер бұл талаптарды қайдан орындасын. Осылайша бағдарламадан тыс қалады. Ал мемлекет қаржысын онсыз да шаш-етектен пайдаға кенеліп отырған үлкен шаруа қожалықтары алуда.

– Мыңдаған сиыры бар шаруашылықтар сүттің бір литріне 45 теңгеге дейін субсидия алады. Бір жолда етке 200-300 бас өткізеді. Оларға жеңілдік көп. Мәселен, несие рәсімдеп, комбайн алу үшін кемінде 500 гектар жерің болуы шарт. Бұл талапқа да көп шаруашылықтың жағдайы сәйкес келмейді. Мемлекет ауылды дамытып, ондағы шағын шаруашылыққа дем беремін десе он-жиырма бас малы барларға да көмек көрсетуі тиіс, – дейді Ислам Омаров. Кәсіпкер тиесілі 850 гектар жердің 168 гектарына дәнді дақылдар егіп, оны қорадағы малына жем-азық үшін пайдаланса, қалған аумақ – қысқы-жазғы жайылым.

Кәсіпкердің мәселесі бойынша тиісті орындарға газеттің атынан хат жолдап, жауап алғаннан кейін жоғарыда айтылған түйткілдер біртіндеп шешімін таба бастады. Нақтырақ, Белоедегі үй мен қораның арасындағы электр сымын қайта жалғап беріпті, ауыл тұрғындарына зиян келтірмеу үшін шаруашылық иесі өз қаражатына жаңадан трансформатор сатып алғанын айта кеткен жөн. Кәсіпкердің сөзінше, екі гектар бос жерге қатысты дау-дамай оң шешімін тапқан. Әзірге тек қораның қарсы жағындағы алты гектер жердің мәселесі шешімін таппай тұр. Ал Прогрестегі жазғы мал қорасына дейінгі электр сымы да сол қалпы жалғанбаған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp