«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫС КЕШЕУІЛДЕМЕУІ КЕРЕК

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы “Жас өркен” шағынауданына барып, ондағы салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысты. Өңір басшысы атбасын бұрған алғашқы әлеуметтік нысандардың бірі – емхана.

Емдеу мекемесі келер жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бір мезетте 250 адамды қабылдай алатын емхананы шағынаудан тұрғындары көптен күтіп жүр. Өкінішке қарай, биылғы жылдың соңында қолданысқа берілуі тиіс ғимараттың құрылысы айтарлықтай кешеуілдеп жатыр. Бүгінде мұндағы жұмыстардың тек 60 пайызы аяқталған. Мердігерлер болса құрылыс жоспары әуел бастағыдан өзгеріп, толықтырулар енгізілгенін алға тартады.

– Халық емхананың қашан ашылатынын күтіп жүр. Сондықтан да бұл жұмысты кешіктірмеу керек. Қаржы, құрылыс материалдары мен мамандар жеткілікті. Жұмысты қарқынды жүргізуге ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Туындаған мәселені қала басшылығымен бірлесіп шешіңіздер, барлығы жоспарға сай аяқталуы тиіс, – деген өңір басшысы мұндағы құрылыс барысын қала әкімі Руслан Аңбаевқа бақылауға алуды тапсырды.

Кейін Айдарбек Сейпілұлы шағынаудандағы 17 қабатты үйге барды. Мұндағы жұмыстардың дені атқарылыпты. Жаңа үйге тұрғындар 2023 жылдың сәуірінде қоныстанбақ. Зәулім баспананы аралап көрген облыс әкімі халықтың тұрғын үйге мұқтаждығын, оларды баспанамен қамту ең өзекті мәселелердің бірі екенін жеткізді. Айдарбек Сапаров құрылыс алаңдарындағы тазалық мәселесіне де назар аударды. Кей мердігерлер нысанды аяқтай сала айналасын абаттандырмай, жинамай тастап кетеді екен. Облыс әкімі құрылыс компаниялары қала көркін бұзбауы қажеттігін ескертті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp