«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры талай дарынның шыңдалып, биіктерді бағындыруына жол ашып отырған шеберхана іспеттес. Өткен жылы театр ұжымы жас өнерпаздармен толыққан болатын. Солардың бірі талантты жас – Махамбетәли Әбілда. Бүгінде өнерпаз “Х-фактор” жобасына қатысып, бағын сынауда.

Ол Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданына қарасты Абай деп аталатын ауылда дүниеге келген. Махамбетәлидің балалық шағы Атырау облысының Құлсары қаласында өтеді. Кейіпкеріміз тоғызыншы сыныпты бітірген соң Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы колледжге, кейін академияға оқуға түскен.

– Оқушы кезімде архитектор не тарихшы болсам деп армандадым. Мектеп қабырғасында жүргенде анам маған радио мен құлаққап сатып алып берді. Сол радиодан ең бірінші тыңдағаным қазақтың күміс-көмей әншісі Роза Рымбаева орындайтын “Наурыз айы туғанда” әні болатын. Сол кезден бастап әнге қатты ғашық болдым. Жүрек түкпірімде бір ұшқын пайда болды. Болашағымды өнермен байланыстырғым келді. Аңсарым театрға, сахнаға ауды да тұрды, – дейді Махамбетали Амантайұлы.

Жас дарын белгілі қаламгерлер Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын жата-жастанып оқып, вокалдық қабілетінің шыңдалуы үшін көп ізденген. Колледж қабырғасында жүріп түрлі қойылымдарға қатыса бастайды. Ол көбінесе жағымсыз кейіпкерлерді сомдаған. “Король лев” қойылымындағы Шрамның, Пушкиннің “Моцарт пен Сальери” шығармасындағы Сальеридің, “Фархад пен Шырын” дастанындағы Фархадтың рөлі Махамбетәлидің хас сұлудың көз жасындай саф өнерге деген қызығушылығын одан сайын арттырыпты.

Колледжді жақсы бағамен тамамдаған кейіпкеріміз білімін академияда “Музыкалық театр әртісі” мамандығы бойынша жалғастыруды жөн көрген. Ол Есләм Нұртазиннің шеберханасында талантын шыңдайды. Талапкердің әнші ретінде жетілуіне Рэй Чарльз, Стив Уандер, Фрэнк Синатра, Джордж Майкл, Эд Ширан сынды шетел әншілерінің шығармашылығы әсер еткен. Отандық әншілерге келер болсақ, Махамбетәли Жұбаныш Жексенұлы мен Айқын Төлепбергеннің туындыларын, халық әндерін сүйіп тыңдайды.

Бүгінде Махамбетали “Х-фактор” жобасына қатысып, 3 кезеңнен сүрінбей өтіп, финалға шықты. Қатысушының айтуынша, өнер додасын 7 қаңтардан бастап тікелей эфирден тамашалауға болады.

– Бұған дейін бағымды тек облыстық, республикалық, халықаралық поэзия байқауларында сынаған едім. Бұл менің вокал бойынша қатысып жатқан бірінші үлкен жобам. Қарсыластарым өте мықты. Күніне 4-5 сағат ән айтып, 1-2 сағат би билеп дайындаламын. Жалпы көңіл күйім, дайындығым жақсы деп айта аламын. Бәрі ойдағыдай өтіп жатыр, – дейді талантты жас.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp