«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУДАҒЫ АЙШЫҚТЫ ОҚИҒА

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Биылғы жылғы елеулі жаңалықтардың ішінде Айыртау ауданындағы “Зейнеп” колледжінің ашылуын ерекше атап өткен жөн. Облысымыздағы ең шұрайлы мекендердің бірінде орналасқан оқу орны туризм саласына қажетті мамандар даярламақ. Өңіріміздегі тұмса табиғаттың айшықты көріністерін тамашалау үшін артынып-тартынып шекара асып, шетелден келетіндер де көп. Саумалкөлдің самал ауасымен емделуге еліміздің өзге өңірлерінен де адам аяғы үзілмейді. Көркем көрініс, ертегідегідей табиғат кімді де болса баурайтыны анық.

Айыртауда туризм саласында тың жаңалықтар көп. Бірқатар әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жүйесі жөнделу үстінде. Бұл туристердің іркілмей келуі үшін жасалып жатқанын айта кеткен жөн. Шалқар мен Имантау көлдерінің жағасындағы 44 демалыс орны бір мезгілде 3700 туристі қабылдай алады. Ал қыс айларында 10 орталық қонақтарға қызмет көрсетеді.

Жалпы аудандағы туризм саласы түрлі бағытта дамуда. Соның ішінде мәдени-тарихи бағыттағы Қарасай-Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешен, Айғаным қонысы, Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражай, Ботай қонысы және биыл ашылған Жанатай батырға арналған кесене жылдың төрт маусымында саяхатшылардан бір босамайды.

– “Солнечное Вип” демалыс орталығы жыл бойы емдеу-сауықтыру қызметін көрсетсе, Шалқар, Имантау көлдері – әуесқой балық аулаушыларға таптырмас орын. “Изумрудное”, “Тұрпан”, “Дом у озера”, “Имантау Адам”, “Адель”, “Қазығұрт” және “Имантау Марина клуб” демалыс орталықтары өздерінің қызметтерін қыста да ұсынуда, – дейді Айыртау аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Аманбек Махметов.

Бұл өңірде туристік саланы дамытудың мүмкіндігі зор. Мәселен, Алматы менеджмент университеті бұрынғы Лобаново колледжінің ғимаратына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, туристік сала мамандарын оқытудың заманауи әдістері мен технологиясын енгізуде. Болашақта 800 студент білім алады деп жоспарлаған болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарына 160 миллион, қондырғылар сатып алуға 140 миллион теңге жұмсалды.

Көпсалалы “Зейнеп” колледжінің директоры Қанат Қожахметовтің айтуынша, Лобаново ауылындағы туристік оқу орны жаңа үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Колледждің ашылғанына төрт ай уақыт болса да, қабылданған студенттер алған білімдері мен шығармашылық жетістіктерін жұртқа паш етіп үлгерген. Айталық, жақында өткен “ХХI ғасыр көшбасшысы” халықаралық білім орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда 6 студент бірінші орынды жеңіп алыпты. Сонымен қатар аудандық бейнеролик байқауынан гран-при, дебат сайысынан екінші орын алған.

– Колледждің басты бағыты – Айыртау ауданындағы Имантау– Шалқар туристік аймағын дамытатын мамандар даярлау. Осы бағытта жас мамандарға арналған “Күзгі мектеп – 2022” семинары, Имантау-Шалқар аймағындағы “Туризмді ауыл тұрғындарының қосымша табысына қалай айналдыруға болады?” атты бизнес-тренинг және Имантау көлі арқылы “Мұз үстінен өту” атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шараларға аудандағы кәсіпкерлер, Лобаново ауылының тұрғындары қатысты, – дейді колледж директоры Қанат Қонысбайұлы.

Туристерді Айыртау ауданының көркем табиғаты ғана емес, туризм саласында еңбек етіп жатқан бизнес өкілдерінің қонақжайлығы да тәнті етуде. Енді бұл іске жаңа колледжді тамамдайтын білікті мамандар қосылса, Имантау-Шалқар курорттық аймағының танымалдылығы тіпті арта түспек.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp