«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

БАЛАЛЫҚ ШАҚ – БАЛ ДӘУРЕН

Арайлым Бейсенбаева

 araily86@mail.ru

Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Кез келген халық ұрпақ тәрбиесін – ұлттың тағдыры деп біледі. Ертеңін ойлаған ел жас ұрпақтың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатпайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – жалпыұлттық міндет, ал жарияланған “Балалар жылы” – еліміздің ертеңіне деген қамқорлығымыз”, – деп атап өткен болатын. Жыл бойы атқарылған істі саралап, балғындарға қандай қамқорлық жасалғанын зерттеп көрген едік.

Бір жыл бойы ел болашағы сана­ла­тын жас толқынды жан-жақты қол­дау мен қорғау үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қолға алынған жоспарлар қар­қын алды. Ерекше білім беру қажет­тіліктері бар балаларды қолдауға, спорт пен саламатты өмір салтын на­сихаттауға, сондай-ақ шығармашы­лықты дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыру бойынша жос­пар жасалды. Осының барлығы – бо­лашақ ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп өсірудің қамы. Бүгінгі таңда об­лысымызда 139 мыңнан астам бала тұрады. “Балалар жылы” аясындағы іс-шаралар жоспары олардың қабі­лет-қарымын дамытып, мүмкіндігін молайтуды көздеген жеті бөлімді қамтыды. Олар – “Білімді бала”, “От­басы – қауіпсіз мекен”, “Дені сау бала”, “Баласын жетімсіретпеген ел”, “Жайлы мекен”, “Балаларды қорғау”, “BALA_TIME.KZ”.

“Білімді бала” бағыты аясында өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына және тұлға ретінде дамуына жағдай жасап, оқу-тәрбие үдерісінде тәрбие компонентін күшейту міндет­телген. Бұл бағыттағы зияткерлік іс-шараларға 2 мыңнан астам бала қатысты. Алғаш рет республикалық олимпиадалардың 24 жеңімпазы мен жүлдегерлері жалпы сомасы 1350,0 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. “Балалар жылында” бала­ларды қосымша біліммен қамту 6 пайызға артты. Аз қамтылған, жетім және ата-анасының қамқорлығын­сыз қалған балалар театрларға тегін бара алады. Барлық балалар үшін облыстық мұражайлар мен кітапха­на­ларға тегін кіру мүмкіндігі қарасты­рылған. “Балалар жылында” жеті этнолингвистикалық орталық ашы­лып, төрт мыңнан астам бала қамтылды. Алғаш рет мектеп кітапхана­ларының материалдық-техникалық ба­засы жетілдірілді. Көркем әдебиет қоры мемлекеттік тілдегі басылымдармен толықты. Сонымен қатар “Балалар жылында” мектеп автобус­та­рының паркі айтарлықтай жаңартылды. Биылғы жылдың соңына дейін лизинг шартымен 306 елді мекеннен 2 мыңнан астам баланы тасымалдау үшін 29 ыңғайлы автобус сатып алынды.

“Дені сау бала” бағыты – балалардың денсаулығын нығайтуды көз­дейді. Осы ретте 123 мыңнан астам бала кәсіби тексеруден өтті. Көпсалалы облыстық балалар ауруха­на­сының базасында 28 төсектік медициналық оңалту орталығы жұмыс істейді. “Балалар жылында” осындай орталық Тайынша ауда­нында да ашылды. 942 бала оңалту шараларынан өтті. Мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтау үшін 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмыс істейді.

“Баласын жетімсіретпеген ел” ба­ғыты бойынша жетім және ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетілді. Бүгінде олардың саны 1079 болса, 818 бала патронаттық отбасында тәрбиеленуде.

Балалар спортын дамыту мақса­тын­да “Жай­лы мекен” бағыты ая­сында спорттық индустрияны дамы­ту жоспарланды. Өңіріміздің әр ауданында спорт кластерлерін құру курсы қолға алын­ды. Биыл облыста 7 спорт нысаны, аудандар мен Петро­павл қаласында 10-нан астам бала­лар ойын алаңы пайдалануға беріл­ді. Бұл күніне 1000-нан астам адамға түрлі спорт түрлерімен айналысып, бұқаралық спортты дамытуға мүм­кіндік береді.

“Балаларды қорғау” бағыты ая­сында балабақшалардағы, мектептер мен колледждердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де атаулы жылы басымдыққа ие болды. Облыстағы барлық мектептер мен балабақшалар бейнебақылау каме­раларымен жабдықталған. Балалар­ды қорғау жылында алғаш рет баланы жәбірлеудің (буллингтің) ал­дын алу қағидалары бекітілді. Со­нымен қатар үстіміздегі жылы білім беру ұйымдарының психологиялық қызметінің бірыңғай ережелері қа­былданды. Сондай-ақ, елде алғаш рет балалардың әл-ауқатының индексі әзірленді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқы­туды дамыту моделін іске асыру жал­ғасты. Бұл – мектепке дейінгі ұйым­дар желісін кеңейту, балабақшалар­дағы кезекті жоюға арналған бірыңғай кезек платформасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мүм­кіндігі шектеулі балаларды есепке алуды автоматтандыруды көздейтін психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның моду­лі әзірленді. 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық комис­сияны ашу нормалары 60000 бала­дан 50000 балаға дейін қысқартылды.

Барыс жылында ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінді. Барлық іс-шаралар бала лайықты тәрбие алсын, ұлттық тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, қажетті ем-домын еш кедер­гісіз алсын, арман-қиялының шын­дыққа айналарына сенсін деген мақ­сатпен өткізілді. Өзіне, болашағына сенімді бала мықты мемлекет, қуатты ел құра алатын тұлға болып қалыптасары анық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp