Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз қызметі өңір аудандарының бірінің білім бөлімінің басшысы жемқорлық фактісі бойынша күдікке ілінгені жайлы ақпарат таратқан болатын. Кейін белгілі болғандай, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мағжан Жұмабаев ауданының білім бөлімінің басшысы С.М.Рамазановаға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны анықталды. Петропавл қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен С.М.Рамазанова қамауға алынған. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтыны айтылды.
С.М.Рамазанованың есімі газет оқырмандарына ол Мамлют аудандық білім бөлімін басқарып тұрған кезден таныс. Бірнеше жыл бұрын жергілікті журналистердің бірінің әлеуметтік желіде жазған сөзі шымбайына тиіп, сотқа шағымданған болатын. Бірақ сот тілшінің сөзінен заңға томпақ келетіндей ештеңе байқай алмаған еді. Енді сол соттың алдына өзі келуі мүмкін.