Есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс ақын, саналы ғұмырын, дарыны мен қабілетін сүйікті газеті – “Soltüstık Qazaqstan”-ның гүлденуіне арнаған қаламы қарымды журналист Болат Қожахметовтің “Өзім және өзгелер жайында”, “Доңғалақты дүние” атты кітаптары жарық көрді.
2000 жылдардың басында “Soltustık Qazaqstan” газетінде “Өзім және өзгелер” айдарымен автордың біраз мақаласы жарияланған. 294 беттен тұратын “Өзім және өзгелер жайында” кітабына осы эсселер жинағы топтастырылыпты.
Автор кітаптағы әр туындысы арқылы халқымыздың дербес, ел болуы жолында адал қызмет еткен біртуар тұлғалардың ғұмырбаяндары мен еңбек жолдарына, шығармашылық мұраларына терең бойлаған. Абай Құнанбайұлы, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Мұқағали Мақатаев, Кәкімбек Салықов, Сафуан Шаймерденов, Олжас Сүлейменов, Хамза Абдуллин, Нұрғиса Тілендиев жайлы жазған еңбектерінде ардақты азаматтардың тау тұлғалары кең пішіле көрініс тапқан. Сонымен қатар Болат ағамыз бұрмаланып келген деректерді зерттеп, көпшілік біле бермейтін, өзі көрген-білген оқиғалар жайлы баяндап, қалам тербеген.
Мысалы, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың әкесі Жабай деп келген болсақ, оның шын аты Жапа екенін бірі білсе, бірі білмес. Осындай тың деректерге толы кітапты оқырмандар да іздеп жүріп оқитыны сөзсіз.
Автордың екінші туындысы төсқалтаға салып жүруге ыңғайлы етіп жасалған. “Доңғалақты дүние” деп аталатын өлеңдер жинағы 100-ге жуық беттен тұрады. Бүкіл кітап бір тақырыпқа арналған, бір стильде.
Кітапшада “Күн”, “Ай”, “Арба”, “Доп”, “Доңғалақ”, “Трактор”, “Соқа”, “Автомобиль”, “Жер” тағы да басқа көптеген өлеңдер бар. Кітап көлемінің кішкентай болып жасалуын автор: “Өркениетті елдерде оқырмандар кітапты қалталарына салып жүріп оқиды. Ал біздің кітаптар ап-ауыр, үп-үлкен, өзіңмен алып жүруге ыңғайсыз. Сондықтан қалаған жерде, уақытта қолыңнан табылуы үшін кішігірім кітапша шығарғанды жөн көрдім”, – деп түсіндірді.