«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰҢҒЫЛА САЯСАТКЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көрнекті мемлекет қайраткері, сұңғыла саясаткер, ірі ғалым Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың ұшқыр ойы мен жүйрік қаламынан туған әр кітапты қолыма алған сайын, оның жансебіл еңбегіне, ізденімпаздығына, ойының тереңдігіне, шынайы суреткерлік шеберлігіне сүйсініп, тәнті боламын. Осы еңбектерге зер салған әркімнің де алдында Тайыр Аймұхаметұлының шығармашылық қырлары жарқырап, азаматтық тұлғасы асқақтай түсері анық. Оның қай кітабын алсаң да, классикалық дүние деуге тұрарлық. Басқаларын былай қойғанда, қазақтың асыл перзенті Нәзір Төреқұлов туралы қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде тоғыз кітап шығарғанының өзі неге тұрады?! “Халық жауы” атанып, 37-ші жылғы қуғын-сүргіннің құрбаны болған халқымыз мақтаныш етуге тұрарлық алғашқы кеңес дипломаттарының бірі, КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі Нәзір Төреқұловтың өмірі бертінге дейін қалың жұртшылықтың назарынан тыс қалып келді. Ақталғаннан кейін де “осындай бір қайраткер бар еді-ау?” деп соңына түсіп іздеп, зерттеген ғалым не тарихшы болған жоқ. Нәзір Төреқұловтай біртуар азаматты “қайта тірілтіп”, есімін жаңғыртуға Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың сіңірген еңбегі өте зор. Ол өзінің әйгілі дипломат туралы зерттеулерін “Тамаша адамдар өмірі” атты шоғырмен биыл жарық көрген “Нәзір Төреқұлов” деген еңбегімен түйіндеп отыр. Автор бұл туындысына осы уақытқа дейін қазақтың ардақты перзенті – Нәзір Төреқұлов туралы жазған барлық ірілі-ұсақты еңбектерін топтастырып, жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ, қазақ мемлекеттігінің даму мақсатын тұжырымдап берген даңқты тұлғаның өнегелі өмірін, қастерлі қызмет жолын көз алдымызға әкеліп, көңіл түкпірімізде сайратады. Тайыр Аймұхаметұлының аса көрнекті дипломаттың ғұмырдариясы жайлы тоғыз кітап шығарғанын жоғарыда айтып өттік. Сол шығармалардағы аса сирек кездесетін деректерді, тарихи фактілерді бір арнаға тоғыстырған бұл туындыға қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған көптеген жылы пікірлер мен мақалалардың топтастырылғаны жұртшылықтың аты аңызға бергісіз өкілетті өкіл, айтулы тұлғаға деген ыстық ықыластарының көрінісі болса керек.

Ресей астанасы – Мәскеудің “Молодая гвардия” баспасынан жарық көрген кітапта саясат ғылымдарының докторы Т.Мансұров қазақтан шыққан тұңғыш өкілетті өкіл туралы әңгімені егжей-тегжейлі өрбітеді, осыған дейін сырын ішіне бүккен жайлардың бетін ашады.

Т.Мансұровтың Нәзір Төреқұлов жайындағы алғашқы еңбектерінен бастап, оларды зерделеп оқыған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы соңғы – “Нәзір Төреқұлов” кітабына жазған алғысөзінде былайша пікір білдіреді: “Нәзір Төреқұлов өткен ғасырдың 30-жылдарының саясат аспанында жарық жұлдыздай ағып өтті. Ол шын мәнінде сталиндік режімнің шеңберіне сыймаған кең ауқымды тұлға болатын. Ол өзін өсіріп-тәрбиелеген және үлкен өмірге жолдама берген халқының, өңірінің патриоты еді. Бұл арада мен қазақстандық-ресейлік қарым-қатынастың ең бір күрделі кезеңінде Ресейде сегіз жыл бойына Төтенше және Өкілетті елші болып қызмет етіп, Қазақстанның мүдделерін лайықты түрде қорғаған тәжірибелі дипломат, танымал саясаттанушы Тайыр Мансұровтың жасаған орасан зор еңбегін айрықша атап өткім келеді. Нәзір Төреқұловтай саяси ірі тұлғаны тарихтың қатпарлы қойнауынан ортамызға қайта оралтқан Тайыр Мансұровтың қажырлы еңбегіне ризашылық білдіріп, алғыс айтуға тиіспіз”.

Ал көзі тірісінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері,Қазақстанның Халық жазушысы атанған Әбдіжәміл Нұрпейісов “Менің Тайыр досым өзі дипломатия саласында сұңғыла саясаткер бола жүріп, КСРО-ның әлемдік аренадағы қалыптасуының кезіндегі асқан өкілетті өкілі, тұңғыш қазақтың ұлы тұлғасын Отан тарихымен астастыра отырып, перзенттік парызбен, ұқыптылықпен бейнеледі”, – дейді өзінің сөзінде.

Есімі әлемге әйгілі ақын Олжас Сүлейменовтің: “Нәзір Төреқұловтың өмірі оның құрдастары Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан және олар жайында кітаптар әлі жазылмаған мыңдаған басқа да адамдар сияқты қыршынынан қиылды. Егер мұны жадымыздан шығарсақ, осынау қатерлі шындық қайталануы ғажап емес. Өкінішке қарай, бұған біздің көзіміз жетті де”, – деген лебізіне тебіренбей көріңіз.

Тайыр Мансұровтың сұңғыла саясаткерлігі, қажымас қайраткерлігі, мемлекетшіл тұлға екендігі “Солтүстіктің қақпасы” саналатын қасиетті Қызылжар өңірінің тізгінін ұстаған жылдары айшықтала түсті. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысының тізгінін біраз азамат ұстады десек, солардың ішінде аймақты 2003-2007 жылдар аралығында басқарған Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров сияқты іске жедел кірісіп, бірін – ұсақ, бірін ірі демей, барлық мәселелерді бірдей қамтуға құлшыныс танытқандары, артына халық айта жүрерліктей айшықты із қалдырғандары көп емес. Арада едәуір жылдар өтсе де солтүстікқазақстандықтар Тайыр Аймұхаметұлының облысты басқарған жылдары өңірге жаңа леп, өркенді өзгерістер әкелгенін ұмыта қойған жоқ, күні бүгінге дейін сағынышпен еске алады.

Тайыр Аймұхаметұлы төрт жылдың ішінде талай мәселенің түйінін тарқатты. Олардың ең бастылары:

Алдымен, ол қаржы жоқ деген желеумен жалпы алаңының 75 пайызы 1996 жылдан бері саудагерлерге жалға беріліп, жабылудың аз-ақ алдында тұрған облыстық тарихи-өлкетану мұражайын толықтай қалпына келтірді. Мұндай сорақылыққа төзуге болмайтынын ашық айтқан облыс әкімі Т.А.Мансұров 8 жыл бойы мұражайды билеп-төстеп келген 30 сауда ұйымын бір аптаның ішінде басқа жаққа көшірді. Үкімет облыс әкімінің өтінішін қанағаттандырып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайын жаңғыртуға 104 миллион теңге қаржы бөлді.

Тайыр Мансұров жаңа қызметіне кірісер-кіріспесте жедел қазіргі “Қызылжар” орталық мешітінің жобалық-сметалық құжатын жасатты. Сауд Арабиясы корольдігінің мұрагер бекзадасы Сұлтан Бен Абделәзиз мешіт құрылысына 1 миллион доллар қаржы бөлді. Мешіт құрылысына барлығы 3 миллион доллар жұмсалды. Оның 2 миллионы Тайыр Аймұхаметұлы арнайы құрған қор арқылы өтелді. Қазір мұнда бір мезгілде 750 адам Құдайға құлшылық ете алады. Сондай-ақ мешітте дәрісханалар, кітапхана және бақилық болған жандарға ас беретін 250 адамға арналған орын бар. Бір сөзбен айтқанда, келушілерге барлық жағдай жасалған.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының орталығына ат басын бұрғандар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы үйінің қабырғасына ілінген Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің ғажайып барельефіне де соқпай кетпейді. Тайыр Аймұхаметұлының бастамасымен жасалып, қаладағы ең байырғы үйлердің біріне ілінген барельефтің авторы − белгілі қазақстандық мүсінші Азат Баярлин. Бұл оқиға 2005 жылы Мәскеудің “Воскресенье” баспасы шығарған Ф.М. Достоевский шығармаларының толық жинағында көрініс тапқан.

2004 жылы ғана облыста 23 мәдениет ошағы жаңадан қатарға қосылып, 14 телетеатр орнатылды, 10 мәдениет нысаны мемлекеттік жүйеге қайтарылды. 100 мың кітап алынып, өңір кітапханаларындағы кітап қоры 10 пайызға ұлғайды. Соңғы отыз жыл ішінде облыстық орыс драма театры тұңғыш рет жөнделіп, қазақ музыкалық-драма театрының да ажары ашыла түсті. Осының бәрінің облыс мәдениетінің дамуына оң ықпал еткені сөзсіз.

Облыстың сол кездегі басшысы көтерген тағы бір өзекті мәселе моншаға қатысты еді. Айтылған сөз жерде қалған жоқ, егер 2004 жылдың 1 қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 83 қана қоғамдық монша болса, 2006 жылы олардың саны 723-ке жетті. Бұл оңай шешілетін міндет емес еді. Сондықтан да уақытпен санаспай қауырт жұмыс істеуге тура келді. Сөйтіп, алға қойылған мақсаттар ойдағыдай орындалды. Сайып келгенде, бұл тұрғындардың санитарлық жағдайы мен денсаулығын жақсарту бағытында жасалған нақты қадам болды.

Өңір басшысы қазақ тілін дамыту мәселесін түбегейлі шешті. Үкіметтің тиісті қаулысы 1996 жылы қабылданғанымен бұл орайда тындырылған істер шамалы болатын. Жаңа әкім облыстағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін 1397 мұғалімнің тек 891-нің ғана тиісті мамандығы бар екеніне көз жеткізгеннен кейін осы пәндерден сабақ беретін білікті ұстаздарға еңбекақысының 50 пайыздық мөлшерінде грант тағайындап, ай сайын төлеп тұрды. Ынталандырудың тиімді тетігіне айналған осындай грант жыл сайын 750 ұстазға берілді. Бұл солтүстікқазақстандықтар үшін ғана емес, республикалық газеттер жарыса жазғандай, еліміз үшін елеулі жаңалық болды.

Еліміздің сол кездегі президенті 2004 жылдың ақпан айында облыста болған кезінде жаңадан ашылған, сәбилерге барлық жағдайлар жасалған, жүзу бассейніне дейін бар, 280 орындық “Айгөлек” балабақшасына да соқты. Қазақ және орыс тілдерін үйреніп жатқан әр ұлттың балалары Ш.Қалдаяқовтың, кейін Қазақстанның Әнұранына айналған “Менің Қазақстаным” әнін шырқады.

Тайыр Аймұхаметұлының ұйытқы болуымен жергілікті университеттің жанынан тарих-филология факультетінің негізінде Тіл және әдебиет институты ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді қолдау, қолданыс аясын кеңейту мақсатында 20 мың дана таралыммен “Ересектерге арналған қазақ тілі” оқулығы шығарылып, оның едәуір бөлігі Ресейдің көршілес облыстарында тұратын қазақтарға таратылды.

Аз ғана уақыттың ішінде осыншама істің басын қайырған Тайыр Аймұхаметұлы Қызылжардағы “Абылай ханның ордасын” қалпына келтіруге де көп күш-жігер жұмсады. Ол авторлар ұжымын тікелей өзі басқарып, бұл жұмысқа Қазақстанға белгілі мамандарды – Алматы қаласының бас архитекторы Сұлтан Баймағамбетовті, мүсінші Қазбек Сатыбалдинді, сол сияқты, Петропавл қаласының архитекторы Валерий Затайды тартты. Осылай екі жылдың ішінде Абылай ханның ақ үйі қалпына келтірілді. Орданың алдына Санк-Петербургтегі “Мыс салтаттының” үлгісінде салынған, бірақ одан әлдеқайда ауқымды Абылай ханның ат үстіндегі ескерткіші қойылды.

Нақ осы жылдары біраздан бері тыныштық құшағында мүлгіп тұрған Петропавл әуежайына да жан бітті. 2005 жылы “Петропавл – Алматы”, “Петропавл – Астана” әуе қатынасы қалпына келтірілді. Осы жылдың тамыз айында Омбы – Петропавл – Омбы бағыты бойынша жолаушыларды кідіріссіз тасымалдауды қамтамасыз ететін жүрдек электр пойызы сапарға шықты. Бұрын бұл пойыз Ресейдің Қазақстан шекарасына жақын орналасқан Есілкөл станциясына ғана қатынайтын. Тайыр Аймұхаметұлы Омбы облысының губернаторы Л.К.Полежаевтың көмегімен бұл мәселені де шешті. Оның қызметін жыл сайын 100 мыңдай жолаушы пайдалануда.

2004 жылдан бергі кезеңде туабіткен жүрек ауруына шалдыққан 300-ге жуық солтүстікқазақстандық балаға ота жасалды. Бұл орайда облыс әкімінің А.Н.Бакулев атындағы Жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Лео Антонович Бокерияның қолдауына ие болғанын айту жөн. Ол Ресейдегі балалар хирургиясы жөніндегі төрт орталықтың бірі Түмен кардиоорталығының мамандарына Солтүстік Қазақстан облысына көмектесу жөнінде тапсырма берді. Сөйтіп, 4 жыл мерзімге ақылы негізде келісімге қол қойылды. Тайыр Аймұхаметұлының ойға алған ісін жүзеге асыруға түмендік кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы Кирилл Горбатиковтың қосқан үлесі зор. Облыс әкімінің ұсынуымен К.Горбатиков Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ие болды. Сырқаты өте ауыр балаларға отаны тікелей Түменде жасау үшін барлық шаралар қолданылды. Сол сияқты, Түменде петропавлдық хирургтердің оқуы ұйымдастырылды. Осылай адам тағдырына қатысты үлкен проблема шын мәнінде түбегейлі шешімін тапты.

Солтүстікқазақстандықтар үшін 2006 жылдың да есте қаларлық айшықты сәттері аз болған жоқ. Германияның, Австрияның, Ұлыбритания мен Финляндияның жаңа жабдықтарымен жарақтандырылған, астықты тереңдете өңдейтін, жоғары сұранысқа ие биоэтанол, балуыз, көмірқышқыл газын, жемазық ашытқысын шығаратын XXI ғасырдың биотехнологиялық кластері – “Биохим” өндірістік кешені ашылды. Тайыр Аймұхаметұлы жобалық-сметалық құны 150 миллион доллар тұратын бұл нысанды салуға Ресейдің Челябі, Свердлов, Омбы облыстарынан 3 мамандандырылған құрылыс ұжымын, сол сияқты 15 қазақстандық компанияны тартты. Осы жылы облыс диқандары өз тарихында тұңғыш рет дәнді дақылдардан бұрын-соңды болмаған өнім алып, 5 миллион 224 мың тонна астық жинады. Бұл республикада жиналған бүкіл астықтың 28 пайызы, Қазақстандағы ең жоғары түсім еді.

Тайыр Аймұхаметұлының бастамасы бойынша облыс орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған өрнегі бөлек ескерткіш орнатылды.

Ол облысты басқарған жылдары облыстық әкімдіктің қолдауымен 10 мыңнан аса солтүстікқазақстандық елордада болып қайтты. Олардың дені соғыс және еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар, оралмандар, студенттер мен оқушылар болса, 80-85 пайызы бұрын ұшаққа отырып көрмеген, Астанада мүлде болмаған адамдар еді.

Тайыр Мансұровтың “Жаңа туған сәбиге – 30 мың теңге” бағдарламасын алсақ, бұл идеяны жүзеге асыруға бір жылда ғана жоспардан тыс кірістер есебінен 250 миллион теңге жұмсалды.

Тайыр Аймұхаметұлының ұйытқы болуымен жалпы білім беретін мектеп оқушыларының, жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерінің арасында “Қазақстанның Тәуелсіздігіне 15 жыл: менің еліме және әлемге көзқарасым”, “Қазақстандық патриотизм – елдің сенімді дамуы мен гүлденуінің негізі”, “Абай менің өмірімде”, “Абай және Пушкин” деген тақырыптарда байқаулар жарияланып, әрқайсысына 70 мыңға жуық оқушы мен студент қатысты. Олардың жеңімпаздары ескерткіш белгілермен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Петропавлда Абай мен Пушкинге ескерткіш орнату жөнінде шешім қабылданды. Жобасының эскизін Мәскеуде тұратын атақты мүсінші Зураб Церетели жасаған, Қазақстан мен Ресей достығының тереңдігі мен сабақтастығының айшықты көрінісі болып табылатын, екі халықтың екі ұлы перзенті бір тұғырға орналасқан бұл ескерткіш Тәуелсіздіктің 15 жылдығы аталып өткен күні ашылды.

Экономикадағы, оның ішінде аграрлық кешендегі және өнеркәсіп өндірісіндегі зор табыстар барлық деңгейдегі: облыстық, қалалық, аудандық құрылымдардың, сол сияқты, бизнес-қауымдастықтың басшыларымен жүйелі әрі білікті жұмыс жүргізудің нәтижесінде мүмкін болды. Сол жылдары облыс әкімінің әріптестері арасында оқ бойы озық тұруы, рейтингісінің бәрінен жоғары болуы да көп жайдан сыр ұқтырады. Ал облыс тұтастай алғанда, көптеген көрсеткіштер бойынша өңірлер арасында көш бастады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Тайыр Аймұхаметұлы солтүстікқазақстандықтардың жүрегінде сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтын, екі сөйлемейтін тұлға ретінде қалды. Ол көтерген мәселелердің “аяқ-қолының жеңіл” болуының бір сыры да, міне, осында. Ақиқатына келсек, біздің өңіріміз өз тарихында еш уақытта Тайыр Мансұров басқарған кездегідей ұлан-ғайыр табыстарға жеткен жоқ.

Соданда болар, солтүстікқазақстандықтар оң өзгерістерге толы болған сол серпінді даму жылдарын ерекше бір сезіммен жиі еске алады.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp