Ақерке Дәуренбекқызы
Өңір тұрғыны Роза Қосаева жиырма жылдан аса Ақжар аудандық ауруханасында дәрігер болып еңбек етіп келеді. Емдеу мекемесіне жас маман болып келген ол осында тәжірибе жинады, біліктілігін арттырды, ең бастысы – көптеген адамның өміріне араша түсті. Медициналық құралдар қат кезеңде де күрделі оталарды жасап, міндетін адал атқарды. Жаңа жыл қарсаңында ауыл дәрігерін тілшіміз әңгімеге тартқан еді.
– Жаңа жыл атқарған істі саралап, алға жоспар құратын кез. Барыс жылы медицина саласы үшін қандай жыл болды, өкпеңіз жоқ па? Жаңа жылдан не күтесіз?
– 2022 жыл адамзат баласы үшін, соның ішінде өз басыма, отбасыма жайлы жыл болды. Әлемді дүрліктірген коронавирустың беті қайтты. Соған қатты қуандым. Әлеуметтік жағына келетін болсақ, зейнетақы қорында жиналған қаражаттың жеткілікті мөлшер шегінен артқанын пайдаланып, ипотекаға қаладан баспана алдық. Болашақта балаларымыз жоғары оқу орнына түскенде сонда тұрып оқуы үшін қажет.
Басымыз аман, бауырымыз бүтін жаңа жылға келіп отырмыз. Келе жатқан жылдан үміт көп. Қаңтар айынан еңбекақымыз өседі. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтты. Ең бастысы, деніміз сау болсыншы, ешкім ауырмасын.
– Роза Расылбекқызы, оқырманға өзіңізді таныстырып кетсеңіз, қайда тудыңыз, қайда білім алдыңыз?
– Мен – Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданына қарасты Балықшы ауылының тумасымын. 1994 жылы Ақмола медициналық академиясына оқуға түсіп, 2002 жылы қолыма диплом алдым. Сол жылы Ақжар ауданына келісімшарт бойынша жұмысқа келдім. Негізгі мамандығым – балалар хирургі. Бірақ көп ұзамай Алматы қаласында төрт айлық қайта даярлық курсынан өтіп, анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгердім. Оған бір себеп – мен келгенге дейін бұл ауруханада мұндай дәрігер болмаған екен. Осылайша 18 жыл бойы анестезиолог-реаниматолог болып еңбек еттім. Бұл өте қиын жұмыс, физикалық, психологиялық тұрғыдан да ауыр. 24 сағат бойы дайын отыруың керек. Сондықтан уақыт өте келе біліктілігімді өзгерттім. Қазіргі уақытта дерматовенеролог, қосымша психиатр-нарколог болып жұмыс істеп жатырмын.
– Ақжар аудандық ауруханасы жайлы айтып беріңізші. Неге осы емдеу мекемесін таңдадыңыз?
– Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы медициналық академияға келіп, түлектерді жұмысқа шақырды. Сол кезде дәрігерлерге сұраныс өте жоғары болды. Жағдай жасалатынын, ең бастысы баспана беретіндерін айтты. Мен ауданға баруды ұйғарып, келісімшартқа отырдым. Түрлі жағдайлар бастан өтті ғой. Бірақ осы ауданды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Анестезиолог-реаниматолог болып жүргенде көптеген күрделі оталарға қатыстым. Соның ішінде мен келген соң өтке операция жасала бастады.
Аудандық әкімдік көтермеақы берді. Тегін баспанамен қамтыды. Кейін өзім сияқты келісімшартпен келген жас маманмен шаңырақ көтердім. Балаларым дүниеге келді. Барлық қиындыққа шыдадық, бір мақсатты ғана көздедім, ол – білікті маман болу.
– Аудандық аурухананың материалдық жағдайы қандай еді?
– Аурухананың жабдықталуы сол кезге сай болды. Медицинада ғана емес, барлық салада жағдай мәз емес еді ғой. Тәуелсіздік алғанымызға он жылдан енді асса да, әлі де аяққа тұра алмай, қиын уақытты бастан кешіп жаттық. Әрине, ол кездегі жағдаймен қазіргіні салыстыруға болмайды. Ғимарат ескі, суық еді. Медициналық қондырғылардың тозығы да жеткен. Дәрілер бірде бар, бірде жоқ.
2007 жылы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарламаның шарапатын біз де көрдік. Талшықта бір уақытта 200 науқасты қабылдай алатын және 100 адамды жатқызуға болатын жаңа аурухана ғимараты бой көтерді.
Адам болғандықтан жақсы жерге ұмтыласың. Үлкен шаһарға көшкің келеді, балаларға жақсы білім алуға, жан-жақты дамуына жағдай жасағың келеді. Бірақ орныма қалдыратын дәрігер болмады. Екіншіден, бізді қолдап, үнемі көмегін аямаған аурухананың бас дәрігерін жерге қаратқым келмеді. Ұжымды да қимадым. Ауданымыздың тұрғындары да жақсы, әрі осы жерде шаңырақ көтеріп, балаларымызды өмірге әкелгеннен кейін бізге ыстық.
– Қазір дерматолог болып жұмыс істейтініңізді айттыңыз. Тері аурулары жиі кездесе ме? Жалпы ауданда қандай дерт кең тараған, оған не себеп?
– Иә, тері ауруларымен келетін науқастар көп. Оның ішінде балалар да бар. Аллергиямен қаралатындар жеткілікті. Ауданда аллерголог болмағандықтан, бұл сырқаттар да маған қаралады. Бүгінде аллергиямен екінің бірі ауырады десем болады. Маусымдық ауру болғандықтан, әсіресе жаз бен күзде көбейеді. Бұған экология, шаң-тозаң, ішкен асымыз, қолданған тұрмыстық заттарымыз әсер етіп жатыр. Балаларға келетін болсақ, олардың арасында биыл желшешек, қызамық көп. Ал наркология-психология – өз ерекшелігі бар сала. Диспансерлік есепке алынған науқастарға ем-дом жасаймыз.
– Дәрігерлердің өмірі күтпеген оқиғаларға толы болатыны белгілі, сіздің де басыңыздан небір жайт өткен шығар.
– Иә, ондай оқиға көп қой, бірақ 2006 жылы болған жайт жадымда жатталып қалыпты. Түнде ауруханаға жүрек жарақаты бар адам жеткізілді. Жағдайы өте ауыр еді. Жүрек соғысы байқалмайды, қан қысымын анықтау мүмкін емес. Шұғыл жағдайда ота жасауға тура келді. Осылайша аудандық аурухана дәрігерлері қолдағы бар құрал-жабдықпен жүрекке ашық ота жасады, бұл ерлікпен пара-пар еді. Операцияны менің жолдасым жүргізді. Ота сәтті өтті, өлім мен өмір арасында жатқан науқасты аман алып қалдық. Қазір ол кісі бізді көрген сайын алғысын айтады. Дәрігерде бұдан артық бақыт жоқ.
– Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз.
– Жаңа айтып кеткенімдей, менің жолдасым да – дәрігер. Бауыржан Бейсенұлы Ақжар аудандық ауруханасында хирург болып еңбек етеді. Екеуіміз бір салада еңбек еткендіктен, оған менің жұмысым жақсы таныс, үнемі қолдап, ақылын айтып отырады. Ол да 2001 жылы шақыртумен осында келіп, содан бері еңбек етіп жатыр.
Басында балаларымызды ертіп алып, ауруханаға баратынбыз, өйткені бұл жақта қалдыратын туыс жоқ. Біз отаға кіргенде балаларды медбикелер мен санитарлар қарайтын. Біздің балаларымыз ауруханада өсті.
– Жаңа жылдық тілегіңізді айтсаңыз. Не тілейсіз?
– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ең бастысы, деніміз сау болсын, ауырмайық! Қоян жылы әр отбасыға бақыт, береке, ырыс алып келсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке Дәуренбекқызы,
“Soltüstık Qazaqstan”.