«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Жалған дипломмен жұмыс істеген

Арайлым Бейсенбаева

 araily86@mail.ru

Өңіріміздегі орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жал­ған дипломмен жұмыс істеп жүрген қызметкерлер анықталып жатыр. Өткен жылы облыстық прокуратура жоғары білім туралы жалған құжат­тарды пайдалану фактілерінің жиі­леуіне байланысты осы санаттағы қылмыстық істерге талдау жүргізді.

Облыс прокурорының орын­­ба­сары Мұрат Қожамқұ­ловтың айтуын­ша, облыста ай сайын жоғары білім туралы жалған дипломдарды пайда­лану туралы орташа есеппен алты факті тіркеледі екен. Мы­салы, өткен жылдың 21 қазаны мен 8 қараша­сында Ғабит Мү­сірепов атындағы ауданның по­лиция бөлімі орта мек­тептерге жұмысқа орналасу кезінде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жалған дипломда­рын пайда­ла­ну фактісін анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер ба­рысында олардың әлеуметтік педаго­гика және өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті маман­дықтары бойын­ша жоғары бі­лім­дері жоқтығы, атал­ған жо­ғары оқу орындарында оқымағандықтары анық­талды.

Жалпы өткен жылы осын­дай 80 факті анықталған. Мұн­дай істердің көпшілігі қылмыс­тық жауапкершілік­ке тартудың мерзімі өткеннен кейін тоқта­тыл­ды. Бірақ бұл жағдайлар оларды ақтамайды және олар қыл­мыс жасады деп сана­ла­ды. Сондық­тан Қазақстан Рес­публикасы Еңбек кодексінің 52-бабы, 1-тармағының 17-тармақшасына сәйкес жоғарыда аталған мектеп мұғалімдері, бала­бақша қызметкерлері жұ­мыстан шы­ғарылды.

Жалпы іс материалдарын зерде­леу кезінде жұмысқа не­гізінен келесі мамандықтар бо­йынша жалған дип­ломдар ұсы­ны­латыны анықталды: Ш.Уә­лиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің педаго­гика және бастауыш оқытудың әдіс­темесі, орыс тілінде оқытпайтын мек­теп­терде орыс тілі мен әдебиеті, ту­ризм, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, физика және матема­тика, химия және био­логия, еңбек техно­логиясы жә­не кәсіпкерлік, кәсіптік оқыту, дене шынықтыру және спорт, музыка педагогы, орыс тілі мен әде­биеті, информатика және тағы басқа­лар бар.

Сондай-ақ Мырзахметов атындағы Көкшетау универ­ситетінің педа­гогика және пси­хология маман­дығы бойынша және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситеті­нің дене шынықтыру жә­не спорт, С.То­райғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойын­ша жалған құжаттар ұсынылған.

Мұрат Қожамқұловтың ай­туын­ша, қадағалау органы үшін жал­ған дип­лом пайдалан­ғандарды анықтау аса қиын емес. Прокуратура қызмет­керлері азаматтарға ресми құжаттар­ды қолдан жасағаны үшін қылмыс­тық жауапкер­ші­лік бар екенін (385-баптың 1-бөлігі), сондай-ақ көрі­неу жал­ған құжатты (385-баптың 3-бөлігі) пайдаланғаны үшін 160 ай­лық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыс­та­рына тарту не 160 сағатқа де­йінгі мерзімге қоғам­дық жұ­мыстарға тарту арқылы неме­се қырық тәулікке дейін қа­мау­ға алу жазасы көзделгенін еске сала­ды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp