«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кәсіпорындарда кадр тапшы

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Өңір басшысы Айдарбек Сапаров қаладағы бірқатар ірі өндіріс ошақтарында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Алдымен облыс әкімі Киров атындағы зауытқа табан тіреді. Мұнда 2019 жылдан бастап компьютер шығару қолға алынған. Бүгінде планшет, ноутбук және баспа платаларын құрастырады. Бірнеше жылдың ішінде зауыт 50 мың компьютер техникасын шығарған. Мұндағы жұмысшылардың орташа жалақысы 200 мың теңгеден асады. Еліміз бойынша баспа платалары тек осы зауытта ғана жасалады екен. Бұл өнімдерге отандық және Ресейлік тұтынушылар тапсырыс беруде.

– Біздің компьютерлер негізінен мемлекеттік қызметшілер мен оқушыларға арналған. Қазір өнімдерімізді бөлшек саудаға шығару үшін де жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл техникалардың бағасы нарықтағы баламаларымен салыстырғанда 40 пайызға арзан. Өткен жылдың өзінде 4 мың компьютер саттық, биылға әзірше 2 мың компьютерге конкурс жеңіп алдық, – дейді зауыт директорының орынбасары Айнагүл Рахметова.

Кәсіпорынға табыстың көбі мемлекеттік тапсырыстар арқылы түседі екен. Мұнда жасалған техниканы осы күні өңіріміздің, Ақмола, Павлодар облыстарының білім мекемелері пайдаланып келеді. Бұдан бөлек, зауыт арнайы жабдықтар жасап, Ішкі істер министірлігінің де сұранысын орындап отыр.

Облыс әкімі барған келесі нысан – “Мұнаймаш” зауыты. Өндіріс орны мұнай сорғылары мен осы салаға қажетті басқа да құрал-жабдықтар шығарады. “Мұнаймаш” – мұндай бөлшектерді өндіретін еліміздегі жалғыз зауыт. Өткен жылы өндіріс көлемі 20 пайызға артып, жалпы құны 6,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Мол табысқа қол жеткізген компания қазынаға 750 млн. теңге салық төлеген. Жыл жаңа басталғанына қарамастан, тұтынушылармен 1 млрд. теңгенің келісімшартын жасасқан. Осылайша зауыт Қазақстанның мұнай өндірісін керекті құралдармен, сорғылармен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, нарықта олардың өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Бірнеше жыл бұрын алынған жаңа қондырғылардың арқасында өндіріс көлемі артқан.

Облыс орталығындағы “Трибо” зауыты темір жол саласына арналған арнайы қалыптар шығарады. Мұнда өндірілетін темір жол вагондарына арналған композициялық тежегіш қалыптар ел аумағындағы жүк пойыздарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Тежегіш бөлшектерді қалыпқа құятын нысан өндіріс көлемін жыл сайын арттырып келеді. Кәсіпорын басшылығы 2023 жылы да көрсеткіштер кемімейді деп отыр. Бір әттеген-айы – өнімді шетелге шығару тиімсіз. Отандық өнім әзірше сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілетсіз. Оның үстіне қымбатшылық та кәсіпорынды қос бүйірден қысып барады. Бұл мәселе – барлық өндіріс орындарының қолын байлап отырған түйткіл. Облыс әкімі өндіріс орындарын қолдауға дайын екенін жеткізіп, келешекте өнім көлемін арттыру керектігін айтты.

– Мен қызметке кіріскелі барлық аудандарды аралап шықтым. Енді ірі кәсіпорындарда болып, тауар өндірушілермен кездесудемін. Алдағы жылдары бізге облыс бюджетін өсіру керек. Ол үшін өндіріс көлемі артуы тиіс. Осындай зауыттардың жұмысы қарқынды жүрсе, салық та көп түседі, салық есебінен халықтың да жағдайы жақсарады. Біз өндіріс орындарын аралап, ондағы қордаланған мәселелерді анықтап, оны шешуге өз тарапымыздан көмек жасаймыз, – деді Айдарбек Сапаров.

Қаланың индустриялық ауданындағы тағы бір ірі өндіріс ошағы – “ПетроМашЗавод” серіктестігі. Кәсіпорын мұнай құбырларының крандары мен өзге де бөлшектерін, су, электр қондырғылары мен өзге де бұйымдарды әзірлейді. Зауыт өткен жылы отандық нарыққа 2,5 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Түскен салық – 294 млн. теңге. Мұндағы орташа жалақы – 226 мың теңге. Дәнекерлеуші, токарь, операторлардың айлығы 200 мыңнан кем емес. Бұдан бөлек, артық жұмыс үшін төленетін үстемақы мен мереке сайынғы сыйақы, әлеуметтік пакет сияқты игіліктер бар. Соған қарамастан зауытқа 12 дәнекерлеуші мен токарь қажет.

Облыс әкімімен кездесу барысында мемлекеттік қолдау, техникалық мәселелер көтерілгенімен, ең бастысы кадрға келіп тірелетінін көрдік. Бұл – тек “ПетроМашЗаводта” ғана емес, барлық кәсіпорынның басында бар жағдай. Жоғарыда аталған “Трибо” зауытының басшылығы да алты дәнекерлеуші табылмай тұрғанын жеткізді. Соның салдарынан зауыт ресейлік тұтынушылардың 14 мың бөлшекке беретін тапсырысының тек 6 мыңын ғана шығарып отыр. Әйтпесе, шикізат та, заманауи құрал жабдық та жеткілікті. Айдарбек Сейпілұлы кәсіпорын басшыларына бұған қатысты нақты шаралар қабылданатынын айтты.

– Әр зауытта 25-30 адамнан жетпейді. Дәнекерлеуші, токарь, механик, инженер мамандар қат. Дәнекерлеуші даярлап шығару үшін небәрі 3 ай уақыт жеткілікті. Көп адам екі қолға бір күрек таппай жүр. Олар осындай мүмкіндіктер барынан бейхабар болуы мүмкін. Бұл мәселе құрылыс саласында да бар. Сондықтан бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Кадр даярлау үшін тиісті шаралар қабылдау керек. Өндіріс қарқынын тежемеу үшін барынша тез қимылдау қажет. Өндірушілер де осы қолдауды түсініп, бұған белсене кіріседі деп ойлаймын, – деді Айдарбек Сапаров.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp