«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТҚА АДАЛДЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1992 жылдың 10 қаңтары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлерінің құрылған күні. Дәстүрге енген кәсіби мерекемізді осымен 31-ші рет салтанатты түрде атап өткелі отырмыз. Тәуелсіздік алған сәттен бастап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық, өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау функциялары Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына жүктелген. Содан бері қоғамдық қауіпсіздік жүйесінде маңызды әскери құрылымдардың біріне айналып, өз міндеттерін қалтқысыз атқарып келеді.

Еліміз өз тәуелсіздігін жарияла­ғаннан бергі кезең ішінде дамудың жарқын жолдарынан өтті. Ата Заңы­мыз қабылданып, ұлттық теңгеміз енгізілді. Тәуелсіздіктің қорғаны – Қарулы Күштер құрылып, барлық көр­шілерімізбен мемлекеттік шекара­мыз берік шегенделді. Соған орай, құқықтық тәртіп әскерлері алдында­ғы талаптар да күшейіп, құрылым­дық өзгерістер орын алды. Қатерлер­дің жаңа түрлерін еңсеру, алдын алу, болдырмау жауапкершілігі артып, ұлтаралық татулыққа негізделген сарабдал саясатты жүзеге асыру, еліміздегі тыныштықты, бейбітшілік пен келісімді қорғау басты талап саналды. Арнайы мақсаттағы бөлім­шелер республиканың барлық өңір­леріндегі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене қатысып, жауынгерлік қызметтерін абыроймен өткеруге әркез тас-түйін әзір. Ата-бабамыз құлан жортса, тұяғы тоза­тын, қыран ұшса, қанаты талатын ұлан-ғайыр қазақ даласын ақ найза­ның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғай отырып, кейінгі ұрпаққа ама­нат ретінде қалдырды. Сондықтан тәуелсіздігіміздің маңыздылығын жас ұрпаққа түсіндіріп, оны көздің қарашығындай қорғауға міндеттіміз.

Еліміз егемендігін алған уақытта құрылған әскеріміз тәуелсіздік жыл­дары ішінде мемлекетімізбен бірге есейіп, өздеріне жүктелген зор сенім­ге қылау түсірген емес. Ұлттық ұлан­ның тарихы еліміздің тарихымен тығыз байланысты және елдің берік қорғаны болу жолындағы даңқты дәстүрлерін жалғастыру парыз еке­нін терең ұғынған Петропавл қала­сында орналасқан Ұлттық ұлан ака­демиясы 1997 жылы 18 наурызда офи­церлер даярлайтын оқу орны ретінде бой көтеріп, Жауынгерлік Ту салтанатты түрде табыс етілді. Сол кезден бастап Ішкі әскердің жеке құрамы алға қойылған тапсырма­ларды лайықты түрде орындап, жеке адам мен азаматтың конституция­лық құқығын, қауіпсіздігін, қоғам құндылықтарын, мемлекет тұрақты­лығы мен тыныштығын қауіп-қатерлерден жан-жақты қорғау жолын­дағы жауапты қызметін тек қана заң аясында іске асырып келеді. 2009 жылы әскери институт, 2022 жылы академия мәртебесі беріліп, еліміз­дің еңселі жоғары оқу орнына ай­налды. Тек былтырдың өзінде ғана оның қабырғасынан екі жүзден ас­там офицер қанат қағып, түлектердің 21-ші легін шығарып салды. Олар­дың қатарында Қырғыз Республика­сы­нан – жеті, Тәжікстан Республи­касынан сегіз әскери қызметші бітіріп шықты. Шетелдердегі әскери білім ордаларын тамамдаған түлектері­міз­ді қоса есептегенде, 205 офицер елі­міздің және көршілес мемлекет­тердің әскери бөлімдеріне қызмет етуге жіберілді. Олардың 10-ы оқуды үздік тамамдаса, төрт түлекке “Әске­ри жоғары оқу орнын үздік аяқтағаны үшін” төсбелгісі табысталды. Ака­де­мияның 26 жылдық тарихында 4 мың­ға жуық офицер әзірленіп, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекет­тік күзет қызметінің, басқа да әскери құрылымдар мен бөлімшелерде білікті кадрлар құрамының қатарын толықтырды.

Академияда сапалы білім алуға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Курсанттар талапқа сай жабдықтал­ған әскери казармаларға орналас­ты­рылған. Кітапханалар, спорт за­лы, стадион, ату тирі, клуб, кітапха­на, далалық оқу орталығы жұмыс істейді. Оқу ғимараттары дәрісхана­лармен, зертханалармен жабдық­тал­ған. Оқу сыныптары компьютерге қосылған. Курсанттар өз қалаулары бойынша жеті мамандықтың біріне маманданып, лейтенант шенін алып шығады. Бүгінде 800-дей ұланға әскери білім беріп, кәсіби қабілетін үздіксіз шыңдаумен 9 кафедра, бір біліктілікті арттыру факультеті айналысады.

Әскери істің жетістігі тек диплом алумен шектелмейтінін түсіне оты­рып, әскери-патриоттық жұмыстарға да баса назар аударылады. Жаста­рымыздың бойында отансүйгіштік сезімді берік қалыптастыру мақсаты­мен тәрбие сағаттары, тақырыптық кештер, өзге де шаралар жүйелі түр­де өткізіледі. Ұлттық ұлан тарихында Отанымыздың қауіпсіздігін жанқияр­лықпен қорғаған әскери қызмет­шілердің ерлігі, батырлығы және адалдығы туралы мысалдар көп. Кез келген сайысқа арқау етілетін “Ұлт­тық ұлан – біртұтас жауынгерлік отбасы, біз үшін – халық, біз үшін ел!” ұранында мемлекеттің қауіпсіздік жүйесіндегі әскерлердің мақсатына сай келетін ұлттық рухы айқын се­зіледі. Ұлттық ұлан жауынгерлері алға қойған міндеттеріне орай кез келген сәтте өз өмірлерін аямай, азаматтар мен қоғам үшін жоғары қырағылық пен табандылық қасие­тінен айнымайды. Бұған мысал ре­тінде өткен жылғы қаңтар оқиғалары куә. Ұлттық ұланның әскери қыз­метшілері өздерінің мерейтойларын концерттік және акт залдарының салтанатты жағдайында емес, кө­шелер мен алаңдарда қарсы алып, тұрғындардың тыныштығын қорға­ды. Тәуелсіздігімізге төнген зор қа­уіпке тойтарыс берді. Ел басына төнген ауыр нәубат кезінде батыр­лық пен жанқиярлықтың үлгісін танытып, Қазақстан халқына, әскери антқа адалдықтарын айғақтады. Өкі­нішке қарай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Ұлттық ұланның екі сарбазы ерлікпен қаза тапты. Қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Ұлттық ұланның шежіресіне мәңгі енді.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тың ұдайы қамқорлығы арқа­сында Ұлттық ұланның кадрлық және техникалық әлеуеті, мүмкіндік­тері артты. Заңмен жүктелген мін­деттерді іске асыруда, жоғары білікті офицер кадрларын даярлауда Ұлт­тық ұлан академиясы да ерекше көзге түседі. Академия басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, оқу бөлімшелерінің командирлері Отанымыздың қорғаушыларын әзір­леу борышын лайықты орындап келеді. Біздің әскери қызметшілер алдағы уақытта да әскери әзірлік­терін және кәсіби шеберліктерін арттыратынына сенімдімін. Құқық­тық тәртіп әскері үшін өткен жылдар үздіксіз оқу, кадрлық жаңарулар, жауынгерлік дайындықты қазіргі жағдайға бейімдеу кезеңі болды. Бас Қолбасшының тапсырмасы бойын­ша ірі құрылымдық қайта құрулар жүргізілді.

Әлемдегі қазіргі ахуалға және Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына байланысты жаңа талаптар жүктелді. Жоғары білімді офицерлер, білікті де білімді маман­дар қатарымызда абыройлы қызмет атқарып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бір кісідей атса­лы­сып келеді. Академияға келешектегі тағдырларын әскери өмірмен тығыз байланыстырғысы келетін жастар қабылданады. Ұлттық ұланның әске­ри қызметшілері – алдарына қойыл­ған қызметтік-жауынгерлік міндет­терді толық және сапалы орындай отырып, еліміздің ішкі қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерге қарсы әрекет ете алатын, күнделікті және барлық өңірде жағдай күрделенген кезде құқық қорғау және лаңкестікке қарсы бағыттағы міндеттерді шеше алатын үлкен күш, ел қорғаны, қалқаны.

Аға ұрпақтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, жылдар өткен сайын айбындана түседі. Олардың жауын­герлік дәстүрлері – бүгінгі буынға үлгі-өнеге. Мұның барлығы Отанды шексіз сүюдің, терең патриоттық сезімнің жарқын көрінісі болып табылады. Осы орайда Бауыржан Момышұлының: “Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгерші­лік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп-қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға – қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу”, – деген аталы сөзі еске түседі. Отанды сүю отбасынан басталады. Өз отбасын сыйлап құрметтеген адам халқының да қадіріне жетеді. Халқын қадірлеген жан сын сағаттан сүрінбей өтеді. “Ер бір өледі, ез мың өледі”, – деп бабаларымыз текке айтпаған. Патриотизмнің қайнар бастауы – тәлім-тәрбиеден. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан академиясы өз Отанының нағыз патриоттарын тәр­биелейтін, қызмет ететін беделді әскери құрылым саналады. Туған елімізді көздің қарашығындай қор­ғап, оны шексіз сүю – әр қазақстан­дықтың міндеті және перзенттік борышы.

Артур ТОҚЫШЕВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp