“Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті” республикалық байқауы өз мәресіне жетіп, бұл байқауда солтүстікқазақстандық өрендер де жеңімпаз атанды. Ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жоба жеңімпаздарын Оқу-ағарту министрлігінің басшылығы құттықтап, болашақ қызметтеріне табыс тіледі. Дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етті.
Республикалық кезеңде еліміздің барлық өңірлерінен қатысқан колледж студенттерінің бәрі “WorldSkills” өңірлік, ұлттық және халықаралық чемпионаттарының, ғылыми конференциялардың, түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, жобалардың, инновациялық идеялардың және стартап-жобалардың авторлары болғандықтан, жеңімпаз атану оңайға соққан жоқ. Бәсеке шарты бойынша техникалық және кәсіптік білімге ерекше көңіл бөлінді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда “Тегін техникалық және кәсіптік білім беру” жобасы жүзеге асырылып келеді. Соған орай сұранысқа ие мамандықтар негізінде техникалық және кәсіптік білім беру саласын сұранысқа ие мамандармен жүз пайыз қамту көзделген. “Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті” байқауы дарынды жастарды, білімі, дағдылары мен таланты арқасында жетістікке жеткен студенттерді қолдау мақсатымен ұйымдастырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында жаңа Қазақстан жастары үшін білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриотизмді атай келіп, жас қазақстандықтар бүгінде бірнеше тілде еркін сөйлейтінін және ең озық мамандықтарды игергенін айтқан. “Олар үлкен және өршіл жоспарлар жасайды. Жастардың қатысуымен ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Өз Отанына қажет және пайдалы болуға деген ұмтылыс әр жас жігіттің мақсаты болуы керек. Тек білімді және білікті жастар ғана алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алады. Мемлекет жастардың жаңа идеялары мен ұсыныстарына әрқашан ашық”, – деген міндет қойған болатын.
Біздің өңірден конкурсқа қатысуға 10 студент өтінім беріп, бесеуі үздік жүздікке кірді. Олар – Арай Құрмашева, Жеңіс Шерхан (М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж), Дмитрий Пытьев (Б.Әшімов атындағы колледж), Анжела Щербинина (Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі), Владимир Муравьев (Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі).
“Радиоэлектроника және байланыс” мамандығы бойынша оқитын Владимир Муравьев қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау процесін жақсарту және жаңғырту үшін “ақылды қоқыс контейнері” жобасын ұсынып, Дүниежүзілік банктің зерттеу нәтижелерін мысалға келтіре отырып, алдағы екі жылда әлемнің көптеген қалаларында қоқыстың күрт өсуі проблемасына жете тоқталды. 2025 жылға дейін қалдықтардың жылдық көлемі 1,3 миллиардтан 2,2 миллиард тоннаға дейін артады деген болжамын ұсынды. Мұндай қоқысты жинау және кәдеге жарату үшін коммуналдық қызметтер шамамен 375 миллиард доллар жұмсауы керек. Студенттің пікірінше, бұл шығындарды ақылды қоқыс жәшіктерін пайдалану арқылы айтарлықтай азайтуға болады.
Өзге жобалар да қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
Сәуле ШӘРІПОВА,
облыстық білім басқармасының әдіскері.