«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтын сүйген ұстаз

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Өмірден өткен адамдардың кейбірі шарт қимыл, өткір мінезімен есте қалса, екіншілері қарапайымдылығымен жұрт көңілінен орын тауып жатады. Өңірімізге белгілі азамат Рүстем Уәйісов та бірқалыпты өмірлік ұстанымымен, адал қызметімен айналасындағылардың жүрегіне жол сала білген жан еді. “Мен қоғамда қадірлі адамдардың ең жақсы қасиетін бойыма сіңіруге тырыстым”, – деген екен өзі бір сұхбатында.

Рүстем Уәйісовтың жазған мақалаларын, шығарған кітаптарын парақтап шықсаңыз, ол кісінің білім беру, тәрбие, мәдениет және тіл тақырыптарына жиі қалам тербегенін аңғарасың. Шығармаларының дені жастарға бағытталған, тәрбиелік мәні зор. Мәселен, “Білгенге маржан” кітабына мақал-мәтел, шешендік сөздер, туыстық атауларға қатысты мәліметтер топтастырылыпты. Бұл ұстаздарға таптырмас әдістемелік құрал болар еді. Жеті атаға дейін қыз алыспау жайлы, туыстық байланыстар туралы өзі құрастырған шежіре кітабында да нақты дәлелдер келтірген. “Жайсаң жан”, “Имандылық туралы мың сұрақ”, “Ел жадында есімі” атты кітаптары да – тәрбиелік мәні зор, оқырман қауым үшін құнды дүниелер. Бұл туындыларынан марқұмның ізденімпаз, ұлт тәрбиесіне адал адам болғанын бірден байқайсың.

Өмір деректеріне көз салатын болсақ, Рүстем Сәдуұлы 1935 жылы Омбы облысының Марьянов ауданындағы Құлансу ауылында дүниеге келген. Ақмола педагогикалық училищесін тамамдап, Жамбыл ауданындағы мектепте еңбек жолын мұғалім болып бастаған. Жұмыс істей жүріп, Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін сырттай бітіреді. Кейін осы аудандағы Казанка сегіз жылдық мектебінің директоры қызметін атқарады. Мектептегі жұмыспен қатар қоғамдық қызметке де белсенді араласып, жұрт көзіне түседі.

Мамандыққа деген адалдығы, адамға деген жақындығы және бастамашылдығының арқасында аудандық білім бөлімі басшылығының назарына ілігіп, 1966 жылы орта мектептің директоры болып тағайындалды. Ол кезде қолынан іс келетін, білімді адамдарды қолдау жақсы еді ғой. 1970 жылы облыстық партия комитетінің саяси ағарту үйіне әдіскер-кеңесші болып барып, келесі жылы облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы атанады.

Ардагер ұстаз Қайролла Мұқанов өз естелігінде замандасы жайлы: “Ел ішінде адал да, тыңғылықты қызметімен абыройлы, кішіпейіл мінезімен сыйлы болды. Білімді де қабілетті жас маманды байқаған басшылар оны облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындайды. Бұл қызметті де мінсіз атқарған ол 1975 жылы Соколов аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Осы он жылдың ішінде ол ауданның саяси-әлеуметтік жұмысын жоғары сатыға көтерді. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына көп көңіл бөлді”, – деп жазған екен. Бұл пікірлерден Рүстем Сәдуұлының кабинеттің емес, қайнаған еңбектің, дала тірлігінің ортасында жүретін адам екенін байқауға болады.

Рүстем Сәдуұлы қай жерде қызмет етсе де, айналасындағыларға өнеге көрсетіп, оларды жаппай еңбекке баулыды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып үйде отырмай, елге кішкентай болса да пайдам тисін деген ниетте облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды. Өмірлік тәжірибесін, жоғары ұйымдастырушылық қабілетін, өскелең ұрпақты патриоттық және адамгершілік бағытқа тәрбиелеуге қосқан үлесін республикалық ардагерлер ұйымы жоғары бағалады.

– Әкем жаны жайсаң, қолы ашық адам еді. Үйден қонақ үзілмейтін. Біз танитын да, танымайтын да адамдар келетін. Бәріне шешем жүгіріп жүретін. Қонақтардың ас-ауқатын беріп, соңын жинастырғанша түн ортасы болатын. Қонақ кеткен соң әкем ертеңгі сабақ жоспарына дайындалушы еді. Бұған әкемнің де, шешемнің де әбден еті үйренген, қалыпты жұмыстарындай қабылдайтын. Біз де бара-бара сол дағдыға бейімделдік, – дейді баласы Сәлімжан Рүстемұлы.

Замандастары Рүстем Сәдуұлын атақ-абырой іздемейтін, өзгелердің мақтауына көңілі семірмейтін, ұстанымы берік жан еді деп еске алады. Әлі күнге дейін аға тұтып, ақылшы ұстаз санайтындары да содан. “Құрмет белгісі” ордені, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін”, “Еңбек ардагері” медальдары, облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасы және басқа да көптеген жоғары наградалар жүрегі кең азаматты өзі іздеп тапты деуге болады.

Оның болмысы мақтану мен масаттанудан жат еді, шығармашылық қыры туралы да көп жұрт біле бермейтіні содан. Жалпы қаламынан туған біршама құнды кітаптары оқырман қауымның рухани азығына айналып үлгерді. “Қарапайымдылығымен, терең ойымен жұртты өзіне баурайды, оның әрбір іс әрекетінен талғампаз парасаттылық, биік мәдениет пен білім жатқанын аңғаруға болады”, – дейді ол кісі туралы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Майлыбай Смағұлов.

Қызметін өз халқының мүддесінен биік қоймаған, Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы Никита Хрущевтің волюнтаристтік шешіміне үзілді-кесілді қарсы шыққан Жұмабек Тәшеневтің есімін білмейтіндер жоқ шығар. 1932-1952 жылдары кеңес органдарында қызмет атқарған, облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Жұмабек Тәшенев сынды тұлғалардың арқасында ғана кең даламыздың бір пұшпағы сақталып қалғанын айта кету артық болмас. Бір кездері сол Жұмабек Тәшеневтің есімімен байланысты барлық нәрсеге тыйым салынған еді. Тіпті есімін ұмыттыру ісі астыртын жүргізілгендей әсер қалдырады. Соған қарамастан Рүстем Уәйісов бастаған ұлтжанды азаматтар табандылық танытып, Петропавл қаласындағы №20 орта мектептің ұлт қайраткерінің атымен аталуына және ескерткішінің орнатылуына бір кісідей мұрындық болғанын ұрпақтары мақтанышпен айтады.

– Әкемнің еңбегінің арқасында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Жұмабек Тәшеневке, сондай-ақ репрессияға ұшыраған нағашысы Нұрыш Данияровқа арналған стендтер жасалды. Әкемнің әрбір ісі ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, қазақ халқының отбасылық құндылықтарына деген құрметпен астасып жататын. Ұрпақ тәрбиесін бір сәтке де ақсатуға болмайтынын айтып, ол жөнінде қолына қалам алып, біраз дүние құрастырды. “Қаз дауысты Қазыбек”, “Төле би”, “Әйтеке би” атты кітапшалары – бұл күнде жас ұрпаққа аса керек дүниелер, – дейді Сәлімжан Рүстемұлы.

Ұстаздық қасиетті бойына сіңірген Рүстем Сәдуұлы өз балалары мен немерелеріне де қазақы тәрбиенің нұрын сеуіп, олардың жан дүниесіне тереңдей үңіліп, адам өмірін мәнді де сәнді ететін ең қымбатты байлық – биік адамгершілік, тәлімді тәрбие және терең білім екенін насихаттап өткен. Немересі Темірлан атасының жолымен жуырда Шымкент қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайындағы қуғын-сүргінге ұшырағандардың сүйегі жерленген “Қасірет” мемориалдық кешенінде болып, сондағы барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын өз көзімен көргенін айтады. Екі жүзден астам құпия мұрағат материалдары мен хат-хабарлардың көшірмелері сақталған жерде атасының нағашысы Нұрыш Данияров туралы деректерді де оқығанын жеткізді. “Атадан мал қалғанша тал қалсын” демей ме қазақ. Рүстем Уәйісовтің артында қалған ұрпақтары оның игі де ізгі істерін осылайша ары қарай жалғастыруды өздеріне мақсат етіп отыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp