«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қатарының алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 сту­денті” республикалық байқауы өз мәресіне жетіп, бұл бай­қауда солтүстікқазақстандық өрендер де жеңімпаз атанды. Ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жоба жеңімпаздарын Оқу-ағарту министрлігінің басшылығы құттықтап, болашақ қызметтеріне табыс тіледі. Диплом­дар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Республикалық кезеңде еліміз­дің барлық өңірлерінен қатысқан колледж студенттерінің бәрі “WorldSkills” өңірлік, ұлттық және халықаралық чемпионаттарының, ғылыми конференциялардың, түр­лі олимпиадалардың жеңімпазда­ры, жобалардың, инновациялық идеялардың және стартап-жоба­лардың авторлары болғандықтан, жеңімпаз атану оңайға соққан жоқ. Бәсеке шарты бойынша техни­калық және кәсіптік білімге ерекше көңіл бөлінді.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша Қазақстанда “Тегін техникалық және кәсіптік бі­лім беру” жобасы жүзеге асыры­лып келеді. Соған орай сұранысқа ие мамандықтар негізінде техни­ка­лық және кәсіптік білім беру саласын сұранысқа ие мамандар­мен жүз пайыз қамту көзделген. “Қазақстан Республикасы кол­ледждерінің үздік 100 студенті” бай­қауы дарынды жастарды, білімі, дағ­дылары мен таланты арқасын­да жетістікке жеткен студенттерді қолдау мақсатымен ұйымдасты­рылды.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында жаңа Қазақстан жастары үшін білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриотизмді атай келіп, жас қазақстандықтар бүгінде бірнеше тілде еркін сөйлейтінін және ең озық мамандықтарды игергенін айтқан. “Олар үлкен және өршіл жоспарлар жасайды. Жастардың қатысуымен ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ете оты­рып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Өз Отанына қажет және пайдалы болуға деген ұмтылыс әр жас жігіттің мақсаты болуы керек. Тек білімді және білікті жастар ғана алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алады. Мемлекет жастар­дың жаңа идеялары мен ұсы­ныс­тарына әрқашан ашық”, – деген міндет қойған болатын.

Біздің өңірден конкурсқа қаты­суға 10 студент өтінім беріп, бесеуі үздік жүздікке кірді. Олар – Арай Құрмашева, Жеңіс Шерхан (М.Жұ­мабаев атындағы жоғары кол­ледж), Дмитрий Пытьев (Б.Әшімов атындағы колледж), Анжела Щер­бинина (Солтүстік Қазақстан кә­сіптік-педагогикалық колледжі), Владимир Муравьев (Петропавл гуманитарлық-техникалық кол­леджі).

“Радиоэлектроника және бай­ланыс” мамандығы бойынша оқи­тын Владимир Муравьев қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау процесін жақсарту және жаңғырту үшін “ақылды қоқыс контейнері” жобасын ұсынып, Дүниежүзілік банктің зерттеу нәтижелерін мы­салға келтіре отырып, алдағы екі жылда әлемнің көптеген қала­ларында қоқыстың күрт өсуі проблемасына жете тоқталды. 2025 жылға дейін қалдықтардың жылдық көлемі 1,3 миллиардтан 2,2 миллиард тоннаға дейін арта­ды деген болжамын ұсынды. Мұн­дай қоқысты жинау және кәдеге жарату үшін коммуналдық қыз­меттер шамамен 375 миллиард доллар жұмсауы керек. Студенттің пікірінше, бұл шығындарды ақыл­ды қоқыс жәшіктерін пайдалану арқылы айтарлықтай азайтуға болады.

Өзге жобалар да қазылар алқасы тарапынан жоғары баға­ланды.

Сәуле ШӘРІПОВА,

облыстық білім басқармасының әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp