Ақерке Дәуренбекқызы
Қылмыстық-атқару жүйесі облыстық департаментінің мамандары алғаш рет түрмелерге кіргізілмек болған тыйым салынған заттардың көрмесін ұйымдастырды. Бір жылдың ішінде мамандар ұялы телефонның 89-ын анықтап, оның ішке енуіне тосқауыл қойған.
Колония аумағына кіргізілмек болған заттардың бірі – шағын ғана ұялы телефон. Оны №48 мекеменің қызметкерлері рентгентелевизиялық аппаратты қолдана отырып, аяқ киім щеткасының ішінен тауып алды. Күдік тудырған “сәлемдеменің” ішінен SIM карталары бар “Nokia” маркалы ұялы телефон, сондай-ақ USB кабелі бар зарядтағыш шықты. Сотталғанға тыйым салынған затты Түркістан облысынан туысы жіберген екен.
“Істі болғандардың жақындары мекеме аумағына рұқсат етілмеген заттарды түрлі тәсілмен өткізбек болады. Олардың дені аумаққа оралған затты лақтыру әдісін қолданады. Заттарды тік ішек, асқазанға салып өткізбек болғандар да ұсталды. Заңды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – дейді қылмыстық-атқару жүйесі облыстық департаменті режім және қадағалау бөлімінің аға жедел уәкілі Дәулет Имамбаев.
Маманның айтуынша, қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес сотталғандардың туыстарынан сәлемдемелер және бандерольдер алуға құқығы бар. Олардың барлығы мекемелерге тыйым салынған заттардың түсуіне жол бермеу үшін мұқият тексеруден өтеді. Мекемелерге өткізуге тырысатын ең көп таралған тыйым салынған заттар – ақша, алкоголь, есірткі және психотроптық заттар және олардың аналогтары, пышақ, басқа да өткір заттар, сондай-ақ ұялы байланыс құралдары. Тек өткен жылдың өзінде түрмеге ұялы байланыс құралдарын алып кірудің 51 фактісі тіркелген. Ал есірткіге қатысты 5 заң бұзушылық анықталды. Соның бірінде есірткі заты жаңғақтың ішіне жасырылған. Жалпы сомасы 33375 теңге ақшалай қаражат тәркіленіп, жалпы көлемі 3,45 литр спирттік ішімдіктерді алудың 2 фактісі анықталды.
Дәулет Имамбаев атап өткендей, түрме аумағына тыйым салынған затты өткізбек болғандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі есе артады.
“Келіп түскен барлық сәлемдемелер жіті қаралады, қызметкерлер әр затты жеке-жеке тексереді. Сондай-ақ иісшіл иттеріміз де бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 айыппұл салынып, 12 ескерту жасалды. Қазіргі уақытта барлық ведомстволық мекемелерге заманауи рентген-телевизиялық қондырғылар орнатылып жатыр. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдете түспек”, – дейді Дәулет Имамбаев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.