Ақерке Дәуренбекқызы
Петропавл халықаралық әуежайы арқылы былтыр 1,3 мың әуе рейсі жасалды. Осы аралықта 76 мың адам ұшқан, бұл көрсеткіш оның алдындағы жылмен салыстырғанда үш есе артық.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжіновтің айтуынша, былтыр Петропавл әуежайының мүліктік кешені “Қызылжар халықаралық әуежайы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, кейін сатып алуға құқығын сенімгерлік басқаруға берілді.
“Қазір Қызылжар халықаралық әуежайы жұмыс істеп тұр, ұшуға жарамдылық сертификаты бар. Нысанда 133 адам еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы – 98 мың теңге. Еңбекақы бойынша қарыз жоқ”, – дейді Мирхат Әбілмәжінов.
Бүгінде Петропавл әуежайынан Астанаға және Алматыға ғана рейстер бар. Бұл бағыттарға бюджет есебінен жыл сайын субсидия бөлінеді. Былтыр тек Алматы қаласы бойынша ғана 752 млн. теңге қарастырылған. Астана бағыты бойынша 702 млн. теңге жұмсалды. Бұл қаражат толық игерілді.
“Былтыр желтоқсан айында Азаматтық авиация комитеті келер жылды субсидиялау бойынша конкурстық рәсім өткізді. Конкурстың нәтижесі бойынша Алматы бағытын “SCAT” компаниясы жеңіп алды. Астана қаласына “Qazaq Air” ұшақтары ұшатын болды. 474 млн. теңге субсидия Астана бағыты бойынша, 520 млн. теңге Алматы бағыты бойынша берілді”, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта халықаралық әуежайда бірқатар шектеу бар. Ол әуе отынын құюға байланысты. Қондырғыны жаңғыртудан өткізіп, сұйық отын құятын стансаны ретке келтіру қажет.
“Екінші шектеу ұшу уақытына байланысты. Әуежай тек жарық уақытта ғана ұшақтарды қабылдап, ұшыра алады. Өйткені сигнал жабдығы жоқ. Бүгінде әуежай тиісті шараларды қолға алып жатыр. Жеке инвестор бұл шектеулерді алып тастау үшін қаражат бөлуде. Маусым айына дейін тиісті жұмыстар атқарылады, кейін әуежай толық қуатында жұмыс істеуге көшеді. Тек осыдан кейін ғана қосымша авиарейстерді ашу үшін жеке компанияны тарту мәселесі қаралады. Түркістанға, Шымкентке және тағы бірнеше шетелге бағыт ашу жоспарда бар”, – дейді Мирхат Әбілмәжінов.
Былтыр Петропавл әуежайынан 1295 рейс жасалса, соның 200-і чартерлік. 76 мың адам көліктің осы түрін таңдаған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үш есе, яғни 373 пайызға артық.
Биыл Астана мен Петропавл арасында 10 ай бойы аптасына 7 рет, 2 ай аптасына 8 рет ұшақ ұшпақ. Ал Алматы мен Петропавл арасында 9 ай бойы аптасына 5 рет ұшса, жаздың үш айында аптасына 7 рет бағыт ашылады. Әзірге билет бағасында өзгеріс жоқ.
Өңір тұрғындары арасында электр пойызына да сұраныс жоғары. Ресейдің көрші облыстарына Петропавлдан қазір “Петропавл – Есілкөл”, “Петропавл – Макушино” бағыты бойынша жүреді. Былтыр билет бағасын арзандату үшін 573 млн. теңге қаражат жұмсалды. Бұл көлік биыл да жүреді. Мирхат Әбілмәжіновтің айтуынша, 2021 жылдың желтоқсанында басқарма жолаушылар тасымалы бойынша “Тенгри-Экспресс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бес жылға келісімге отырды.
“Пандемияға орай шекаралардың жабылуына байланысты наурыз айынан бастап электр пойызы тоқтатылды. 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында 300 млн. теңгеге жуық субсидия ретінде бөлінген қаражат игерілді. 2021 жылдың желтоқсан айында “Жолаушылар тасымалы” акционерлік қоғамымен келісімшарт мерзімі аяқталып, конкурстық рәсім өтті. Оны Астана қаласындағы “Тенгри-экспресс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алды. Шектеулер алынғаннан кейін, 2022 жылдың 8 маусымынан бастап электр пойызы қайта жолға шықты”, – дейді Мирхат Әбілмәжінов.
“Петропавл – Есілкөл – Петропавл” бағытында күніне 2 рет, “Петропавл – Макушино – Петропавл” бағытында күніне бір рет жүреді. “Петропавл – Есілкөл” бағытында Қарақоға стансасына дейін билет құны ересектерге 1,5 мың, балалар үшін 750 теңге шамасында. “Петропавл – Макушино” электр пойызына Горбуново стансасына дейін ересектердің билеті – 945 теңге, балалар билеті 473 теңге тұрады.
“Осы жылға 1 млрд. 200 млн. теңге субсидия берілмек, оның 339 млн. теңгесі бөлінді. Бұл 1 рубль 8 теңге курсымен есептелген. Қазіргі таңда рубль арзандап жатыр, шамамен 6,5 теңге тұрады, ендеше жұмсалатын қаржы сомасы да азаймақ. Неліктен субсидиялау рубльдің курсына тәуелді деген сұрақ туындайды. Өйткені Петропавлдағы инфрақұрылым толығымен Ресейдің меншігінде, сол үшін өзара есеп айырысу рубльмен жүзеге асады. Ал тасымалдаушы компания барлық мүлікті ресейліктерден жалға алып отыр”, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Мирхат Әбілмәжінов автобустарға да тоқталды. Бүгінде облыста барлығы 129 маршрут бар. Оның 6-уы облысаралық, 54-і облысішілік, 30-ы ауданаралық, 19-ы қалалық, 9-ы ауылдық және 11-і қала маңына қатынайтын бағыттар. Өткен жылы қала және облысішілік маршруттарға 3 млрд. 200 млн. теңге бөлінген. Ал биылғы қажеттілік 3 млрд. 270 млн. теңге болса, соның 1 млрд. 570 млн. теңгесі қалалық маршруттарға, 340 млн. теңгесі облысішілік бағыттарға берілді.