Жуырда “Amanat” партиясының 2025 жылға дейінгі “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасының алғашқы қорытындылары жария етілді. Оның аясында белгіленген 362 іс-шараның 130-ы жүзеге асырылып, 228-і орындалу үстінде екені белгілі болды. Жол картасы азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешу, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, өзара бәсекелестікті арттыру, өнім сапасын жақсарту, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту сияқты бағыттарды қамтиды. Алға қойылған міндеттердің талапқа сай шешім табуына депутаттар да өз үлестерін қосып келеді. Сындарлы сәттерде әрдайым халықтың жанынан табылып, олардың тұрмысын жақсарту жолындағы асыл мұратынан айныған емес.
Республикалық саяси ұйымның аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының жаңа жылдағы алғашқы отырысында саяси тұғырнама аясында қабылданған міндеттемелердің нәтижелері шығарылып, ерекше маңыздылығы атап өтілді. Жергілікті билік орындарымен бірлесе әрекет етудің арқасында тұрғындардың талап-мүдделері барынша ескеріліп, қол жеткен табыстармен қатар проблемалар да жан-жақты сараланды. Комиссия мүшелері Айбек Хоршат, Оксана Кикаринова, “Жас қанат” жастар қозғалысының белсенді мүшесі Нұрқасым Хасенов жинақталған іс-тәжірибелерге сүйене отырып, қажетті ішкі ресурстарды тиімді пайдалану мүмкіндіктерін ортаға салды. Олардың айтуларынша, партияның сайлауалды бағдарламасынан туындайтын талаптар барлық салаларда көрініс тауып, тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру басты бағдар етілген. Ауданда жоспарланған 86 іс-шараның 63-і іске асырылып, 16-сы орындалуда. Аудан басшылығы мен аманаттықтар және депутаттар корпусы бірлесе отырып, үш жылда 10 мектепті, 6 мәдени-демалыс мекемесін күрделі жөндеуден өткізді. Бірқатар ауылдарда денешынықтыру-сауықтыру нысандары, спорттық және балалар алаңдары бой көтерді. Орталық қазандық орнатылып, 9 елді мекенде кентішілік жолдар қалпына келтірілді. Барлық елді мекендерде көшелер жарықтандырылып, Восход, Баймырза, Ақжарқын, Киев, Дәуіт бағыттарындағы облыстық, аудандық маңызы бар жолдар, 2520 тұрғыны бар Ленинград ауылында сумен жабдықтау жүйесі жөнделді. “Ауыл – ел бесігі” республикалық бағдарламасы шеңберінде 143, 3 млн. теңге бөлініп, 70 ұңғыма орнатылды. 11,66 шақырым су тарату желілері салынды. Сыйымдылығы 100 текше метрлік су мұнарасы және жалпы көлемі 200 текше метрлік 2 таза ауызсу қоймасы тұрғызылды. Орталық сумен жабдықтау жүйесіне 840 үй қосылды. Ленинград және Дәуіт ауылдары арасындағы автожол учаскесінің 12 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд. 100 млн. теңге бағытталды
Талшық, Дәуіт, Ащыкөл ауылдары бойынша тұтынатын электр энергиясына тарифті арзандату үшін жаңа электр желілерін тарту туралы үш жоба қабылданды. Бұл елді мекендер Ақжар электр стациясына қосылып, электр қуатының құны 10 теңгеге арзандайды.
Тұрғындардың сапалы және жайлы өмір сүруіне тиісті жағдайларды жасау басты міндетіміз болып қала береді.
Орынбасар ЫСҚАҚОВА,
облыстық мәслихаттың депутаты, партиялық бақылау комиссияның жетекшісі.
Ақжар ауданы.