«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЮДЖЕТТІК ҮЙ САЛУ НЕГЕ СЫЛБЫР?

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Облыс орталығында құрылыс саласына қатысты мәселелер аз емес. Жаңа нысандар салуға қаржы бөлінгенімен, жоспарланған жұмыс уақытынан кешеуілдеп аяқталады. Осындай жайт, әсіресе мемлекеттік тапсырыс аясында салынатын бюджеттік баспаналар құрылысында көп кездесуде. Демек, нысандарды жоспарлау әлі де болса жетілдіруді қажет етеді. Бұл мәселе кәсіпкерлер палатасы жанындағы кеңесте Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаевпен кездесу барысында көтерілді.

Жиынға қатысушылар тұрғын үй салу мен оған тартылатын инженерлік коммуникациялар жоспары бір болуы керектігін айтты. Құрылыс компаниялары басшыларының сөзінше, көп жағдайда коммуникация желілерін тарту бойынша конкурсты өзге өңірлердің компаниялары жеңіп алады екен. Жарық пен жылу уақытында тартылмағандықтан, үйдің ішкі жұмыстары ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрады. “Основание” серіктестігінің директоры Сергей Тимофеев бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігін айтты.

– Жергілікті компаниялар үйді салғаннан кейін ол қаңырап бос тұрады. Себебі инженерлік желілері жоқ. Ал желілерді тарту басқа мердігерге жүктелген. Осының салдарынан біз дайын тұрған нысанды күзетуге мәжбүрміз. Қыста жылу болмағандықтан, ішкі әрлеу жұмыстарына көктем шыға ғана кірісеміз. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін тиісті шешім шығару керек, – деді Сергей Тимофеев.

Бұл мәселе қала басшылығын да алаңдатып отырғаны айтылды. Шаһардағы “Береке” шағынауда­нындағы, Горький, Парфирьев, Ш.Уәлиханов көшелерінің бойын­дағы үйлердің де уақытында тапсы­рылмауының бір себебі осы.

– Біз бұндай қадамға мемлекет­тік бағдарлама аясында салынатын баспананың бағасын арзандату үшін барған едік. Бірақ сонда да қосымша қаржы бөліп, олқылықтарды рет­теуге тура келіп тұр. Қалада комму­никация желілерін тарту бойынша конкурстарды жеңіп алған 3 фирма да өз міндеттемелерін тиісті деңгей­де орындамады. Олармен келісім­шартты бұзуға талпыныс жасаған­быз. Одан бөлек, жоспарға да өзге­ріс­тер енгізіліп жатады. Бұл түзету­лерден кейін келісімшарт бұзылып, жаңа конкурс жариялануы мүмкін. Әрине, біз үй мен инженерлік желілер жоспарының бөлек болуына қарсы­мыз. Алда мұндай кедергіге кездес­пейміз деп ойлаймын, – деді Руслан Аңбаев.

Жиын барысында кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында үй салудың тиімсіздігіне де тоқталды. Айтуларынша, бір шаршы метрі 160 мың теңгеден аспайтын үй салу пай­да әкелмейді. Әсіресе құрылыс ма­териалдарының қымбаттауы компа­ниялардың қаржылық жағдайына кері әсер еткен. Ал бағаның өсуіне байланысты жасалған түзетулерге нысандардың бәрі енгізілмеген.

– Мұның бәрі қолжетімді баспана салуды тиімсіз етіп отыр. Әсіресе 2-3 жыл салынатын ірі нысандардағы жағдай қиын. Құрылыс барысында баға өсіп, шығынға батамыз. Сон­дықтан біз бұл мәселенің республи­калық деңгейде қаралып, шаршы метрінің құнының көтерілгенін, жер­гілікті атқарушы органдар бағаларға түзету енгізгенде сақ болғанын қа­лаймыз. Әйтпесе, жергілікті компаниялар жұмысты тоқтатуы да ғажап емес, – дейді Сергей Тимофеев.

“Soltustik rubber recycling” серік­тес­тігінің басшысы Талғатбек Галеев қала басшысына абаттандыру жұ­мыстарында қауіпсіз, жарақаттан сақтайтын төсеніштерге басымдық беру керек екенін айтты. Серіктестік өндіретін мұндай материалдар түгел дерлік өзге облыстарға жөнелтілуде. Қа­лада жыл сайын жөнделетін 90-нан астам аула мен спорт алаңдарының ешбірінде қауіпсіз плиталар қолда­ныл­майды екен. Өз кезегінде Рус­лан Аңбаев жауапты бөлімге қаланы абаттандыруда жергілікті өнімді пайдалану туралы тапсырма берді.

Сонымен қатар кеңес мүшелері өздерін қаланың сегіз ауданын да­мыту бойынша жасалатын жоспардың жұмыс тобына қосуды ұсынды. Аталған жоспар тамыз айында дайын болмақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp