«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерекше көрме

Ақерке Дәуренбекқызы

 51651651@soltustikkaz.kz

Қылмыстық-атқару жүйесі облыстық департаментінің мамандары алғаш рет түрмелерге кіргізілмек болған тыйым салынған заттардың көрмесін ұйымдастырды. Бір жылдың ішінде мамандар ұялы телефонның 89-ын анықтап, оның ішке енуіне тосқауыл қойған.

Колония аумағына кіргізілмек бол­ған заттардың бірі – шағын ғана ұялы телефон. Оны №48 мекеменің қызметкерлері рентгентелевизиялық аппаратты қолдана отырып, аяқ киім щеткасының ішінен тауып алды. Кү­дік тудырған “сәлемдеменің” ішінен SIM карталары бар “Nokia” маркалы ұялы телефон, сондай-ақ USB кабелі бар зарядтағыш шықты. Сотталғанға тыйым салынған затты Түркістан об­лысынан туысы жіберген екен.

“Істі болғандардың жақындары ме­кеме аумағына рұқсат етілмеген заттарды түрлі тәсілмен өткізбек бо­лады. Олардың дені аумаққа орал­ған затты лақтыру әдісін қолданады. Заттарды тік ішек, асқазанға салып өт­кізбек болғандар да ұсталды. Заң­ды бұзғандар әкімшілік жауапкерші­лікке тартылды”, – дейді қылмыстық-атқару жүйесі облыстық департамен­ті режім және қадағалау бөлімінің аға жедел уәкілі Дәулет Имамбаев.

Маманның айтуынша, қылмыс­тық-атқару заңнамасына сәйкес сот­талғандардың туыстарынан сәлем­демелер және бандерольдер алуға құқығы бар. Олардың барлығы меке­мелерге тыйым салынған заттардың түсуіне жол бермеу үшін мұқият тексеруден өтеді. Мекемелерге өткізуге тырысатын ең көп таралған тыйым салынған заттар – ақша, алкоголь, есірткі және психотроптық заттар және олардың аналогтары, пышақ, басқа да өткір заттар, сондай-ақ ұялы байла­ныс құралдары. Тек өткен жылдың өзінде түрмеге ұялы байланыс құрал­дарын алып кірудің 51 фактісі тір­келген. Ал есірткіге қатысты 5 заң бұ­зушылық анықталды. Соның бірінде есірткі заты жаңғақтың ішіне жасы­рылған. Жалпы сомасы 33375 теңге ақшалай қаражат тәркіленіп, жалпы көлемі 3,45 литр спирттік ішімдіктер­ді алудың 2 фактісі анықталды.

Дәулет Имамбаев атап өткендей, түрме аумағына тыйым салынған зат­ты өткізбек болғандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Қайта­ланған жағдайда айыппұл мөлшері екі есе артады.

“Келіп түскен барлық сәлемде­ме­лер жіті қаралады, қызметкерлер әр затты жеке-жеке тексереді. Сон­дай-ақ иісшіл иттеріміз де бар. Өт­кен жылдың қорытындысы бойынша 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 айыппұл салынып, 12 ес­керту жасалды. Қазіргі уақытта бар­лық ведомстволық мекемелерге зама­науи рентген-телевизиялық қондырғылар орнатылып жатыр. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдете түс­пек”, – дейді Дәулет Имамбаев.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp