Қазақта “Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын” деген жақсы сөз бар ғой. Мен Есіл ауданының Ақтас ауылындағы “Ақтас АГРО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жайлы сөз қозғағым келіп отыр. Серіктестік ауыл тұрғындарымен етене жақын араласып, керек кезде көмек қолын созуға дайын тұрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялағанда бәріміз де қуандық. Өскелең ұрпақ – ел келешегі, ұлттың жалғасы. Бала болашағының іргетасы мықты болуына, ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім ықпал етеді. Яғни бала тәрбиесі мемлекет идеологиясының маңызды бір саласы іспеттес. Былтыр “Адал көмек” жобасы аясында елімізде көптеген шаруа атқарылды. Кәсіпкерлер ауылдардың дамуына қол ұшын созып, елжандылықтың үлгісін көрсетті. Солардың бірі “Ақтас АГРО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысының орынбасары Шайдолла Иманжанов.
Біздің ауылымыз шағын болғандықтан жастар бос уақытта көңіл-көтеріп, асыр салып ойнайтын орындар өте аз. Серіктестік бұған дейін бос тұрған мұз айдынына су құюға қажетті құрал-жабдықтар берген болатын. Жуырда шаңғы және коньки сыйға тартты. Бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Сабақтан кейін бәрі жиналып коньки тебеді. Жеңіс көшесінен естілетін балалардың күлкісі түгел ауылды шаттыққа бөлеп тұрғандай.
Шайдолла Иманжанов ауыл мектебіне де жиі бас сұғып, қажеттіліктерін өтеуге асық. Мектеп асханасына 5 қап ұн әперді. Былтырғы оқу жылында көпбалалы отбасынан шыққан 6 оқушыны жалпы сомасы 86400 теңгеге тегін тамақпен қамтамасыз еткен болатын. Жаңа жыл мерекесіне орай бүлдіршіндерге және мектеп оқушыларына 64 тәтті қорап таратты.
Сондай-ақ ол оқушыларға “Родник” балалар сауықтыру лагеріне жыл сайын жолдама беріп тұрады. Былтырғы оқу жылында бес бала жолдама арқылы демалуға мүмкіндік алды. Серіктестік бүлдіршіндерімізге қолдау көрсетуден бөлек, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Егін жинау науқанында белсенді жұмыс атқарған механизатор Толқын Неғмеджанов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Жұмысшылардың еңбегі осылай еленіп жатса, олардың да жұмысқа бар ынтасын салары сөзсіз.
Жалпы серіктестік ауыл халқымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қыс мезгілінде жолдарды қардан тазартып, жалғыз ілікті жандарды тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етеді, үйлерінің маңайларын жинауға жұмылады.
Шайдолла Иманжановтың қолдауының арқасында ауылдағы клубқа жылу қазандығы мен заманауи пластикалық терезе орнатылды. Бұл мәдениет ошағын ауыл тұрғындары, шет-жақында жүрген ел азаматтары бәріміз бірігіп жөндеген болатынбыз. Қазір елді мекендегі барлық жиын-той осында өтуде.
“Бітер істің басына, жақсы келер қасына” демекші, ауыл бәріміздің алтын қазығымыз. Осындай азаматтардың арқасында игі істер көптеп атқарылып, елді мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсара түсері анық.
Жансұлу ӨМІРЖАНОВА,
Ақтас негізгі мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Есіл ауданы.