Биыл 3 наурыздан бастап елімізде жеке тұлға банкрот болуға өтініш бере алады. Азаматтар “жеке тұлғаның банкроттығын” қолдану үшін үш түрлі нұсқаның бірін таңдай алады – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. 2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы” заңға (Банкроттық туралы заң) қол қойды. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң әрекет ете бастайды.
Соттан тыс банкроттық
Егер банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1600 АЕК-тен аспаса (5 млн. 520 мың теңге), жеке тұлға соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Бұл үшін қарыз алушы мына талаптарды сақтауға тиіс:
– Атына тіркелген, ортақ меншіктегі мүлкі болмауы керек;
– Өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлар мен коллекторлардың алдындағы міндеттемелері бойынша төлем жасамаған болуы тиіс;
– Мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап, 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несиелік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы керек.
Өтінішті қалай береді?
Соттан тыс банкроттыққа өтінішті жеке тұлғалар 2023 жылғы 3 наурыздан бастап “egov” порталы арқылы бере алады.
Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып кредиторлардың тізімі; борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және (немесе) өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Сот банкроттығы
Бұл рәсімді қарызы 1600 АЕК-тен (5 млн. 520 мың теңге) асатын азаматтар қолданады (кредитор алдындағы борыштың барлық түрі бойынша). Сот арқылы банкроттықты таңдаған борышкерге тиесілі мүлік сауда-саттық кезеңінде сатылады. Егер борышкердің жалғыз баспанасы кепіл нысанасы болып саналса, онда кредитор оны алып қоя алады. Өтелмеген соманың қалғаны есептен шығарылады, яғни жойылады. Бұл ретте мүлікті немесе ол жайлы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну тіркелмеуге тиіс.
Азаматтар өтінішті 2023 жылдың наурыз айында тұрғылықты жері бойынша сот органына береді.
Банкроттықты өткізу мерзімі – 6 ай, оны тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі бар. Өтінішке:
– Берешек сомасы мен олардың туындаған күні;
– Тұрғылықты жерінің немесе орналасқан жерінің мекенжайы;
– Кейін хабарлау үшін электрондық мекенжайлары және байланыс телефондардың нөмірлері;
– Барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі;
– Банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінуден алты ай бұрын жасалған бағалау туралы есепті (ол болған кезде) қоса беру арқылы борышкер мүлкінің тізімдемесі;
– Борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Әсет ҚАНАФИН.