«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Он есеге артқан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданында ауылдарды дамыту – алға қойған негізгі бағыттардың бірі. Әрбір елді мекен заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бейім болуы қажет. Ел Үкіметінің де алға қойып отырған басты мақсаты осы. 2023 жылы аудан бойынша тоғыз елді мекенде жол жөнеделетін болады. Бұл туралы аудан басшысы Жанат Сәдуақасов айтты.

Жалпы аудан бойынша жолдың ұзындығы 751 шақырымды құрайды. Соның ішінде 336 шақырымы – республикалық, 156 шақырымы – облыстық және 259 шақырымы – аудандық маңыздағы жолдар болып саналады.

Жанат Ғаббасұлының айтуынша, соңғы үш жылда 107 шақырым аудандық маңыздағы күре жолда жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар 126 шақырым ауылшілік жолдар қалпына келтірілген.

– 2023 жылы Малое Белое, Бескөл, Налобино, Трудовое, Новоалександровка. Соколовка, Вознесенка, Ольшанка және Красная Горка ауылдарында жолдар жөнделмек. Барлығы 2300-ге жуық аула қамтылады , – деді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, Белое, Бугровое, Архангельское, Рассвет, Знаменское, Подгорное, Сумное және Бескөл ауылдарындағы жолдарды жөндеуге құжат әзірленген екен. Алдағы уақытта Петерфельд, Прибрежное, Новокаменка, Вагулино ауылдарындағы жолдарды орта деңгейлі жөндеу аяқталмақ. Ал Шаховское ауылына апаратын жолға күрделі жөндеу жүргізілетін болады.

Аудан әкімінің айтуынша, мұның барлығы – есепті кездесулерде көтерілген өзекті мәселелер. Сондықтан оларды орындау биылғы жылдың жоспарына енгізіліп отыр.

Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Қызылжар ауданында 2018 жылы бар-жоғы 22 шақырым жолға жөндеу жүргізіліпті, яғни мұндай жұмыстармен алты елді мекен ғана қамтылған. Ал 2022 жылдың соңына дейін 35 ауылға апарар күре жолдарға жөндеу жасалған. Бұл дегеніміз 233 шақырым жол. Осыған қарап соңғы төрт жылда аудан бойынша жолдарды жөндеу көлемі он есеге дейін артқанын байқауға болады.

Фархат ТАСТАМБЕК,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp