Халық арасында “қыстың қамын жаз ойла” дейтін тіркес қалыптасқаны белгілі, ал теріскейлік диқандар, керісінше, жаздың қамын қыста ойлайтын болған. Желтоқсан айында өңірде қар жаумай, қара суық болғаны белгілі. Қаңтар қалың қарын ала келді. Осы сәтті күткен диқандар егіс алқаптарында қар тоқтатудың қамына кірісіп кеткен. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бұл жұмыс 3,1 млн. гектар алқапта жүрізілуі тиіс. Әзірге 100 мың гектар жердің қары бөгелген.
Мәселен, Қызылжар ауданындағы “Астық сату компаниясы” ЖШС өздеріне тиесілі алқапта қар тоқтату жұмысына үш бірдей техника шығарыпты. Серіктестік жер ылғалдылығын арттыру бағытындағы бұл жұмысты өткен жылы да өткізген. Нәтижесінде егін бітік шығыпты. Шаруашылық басшысы Еркін Біләлов биыл рапс алқабынан 22-27 центнерден өнім алғандығын айтады. Дәнді дақылдардың да шығымы жаман емес, гектарынан 18-20 центнерден айналыпты. Майлы дақылдардың орташа шығымдылығы – 15-16 центнер. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі жылдарға қарағанда жоғары. Мол өнім алуға қар тоқтату жұмыстарының оң ықпалы болғаны анық.
Бұл серіктестік иелігіндегі 5747 гектар жердің 3437 гектары мал жаюға арналған. Жайылымдық жерге қар көп жиналса, көктемде тез көктейді және шөп қалың шығады. Дегенмен қазір ақ ұлпаның қалыңдығы 12-15 сантиметрден аспайды. Соңғы жылдары ауа райы мың құбылып, қыста қар, көктемде жаңбыр аз жауып жүргені белгілі. Бұрындары теріскейде аттың бауырына дейін қалың қар түсіп, көктемге дейін сіресіп жататын еді ғой. Ал соңғы жылдары ол жоқ. Сол себепті шаруалар амалын жасап, бар қарды желге ұшырмай алқаптарда тоқтатуға көшкен.