«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛДЫҚСЫЗ ӨҢДЕУГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрындары өнім өндіруде түрлі қиындықтар туындап жататын. Қазір бұл проблема шешімін тапқан сияқты. Енді шығарылған тауарларды сату өзекті болып тұр. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл тақырып әңгіме өзегіне айналып, бірқатар шындықтың беті ашылды. Біз күнделікті жұмыс барысында көбіне ішкі кедергілермен бетпе-бет келіп жататынымыз жасырын емес. Мемлекет басшысы атап өткендей, отандық тауарөндірушілердің мәселелері аз емес. Оның бір ұшығы тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмауға келіп тіреледі. Осыған орай кәсіпкерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесіп жетілдіру, ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнату мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды. Осы айтылғандар іске асса, сөз жоқ, жұмысымыз жанданып, салаға инвестиция тартуға жол ашылар еді.

Екіншіден, отандық тауарларды сауда орындарына жедел жеткізу де өте маңызды. Олай дейтінім, арада жүрген делдалдардың өнімге қосылатын бағаны негізсіз көтеріп жіберуі салдарынан өзіндік құны шарықтап кетеді. Сауда-саттық саласында тәртіптің жоқтығынан көлеңкелі экономика өршіп, сауданың 40 пайыздайы мемлекет назарынан жасырылынып қалатын көрінеді. Бұдан бөлек, алыпсатарлық, тапшылықты қолдан жасау сияқты заңсыздықтар да аз емес. Осылайша тауарлар құнының қымбаттауы адал бәсекелестіктің жолын бөгеп, заңға қайшы әрекеттер жиі көрініс беріп жатады. Сондықтан жауапкершілікті арттыру шаралары күшейтіліп, жағдай Үкімет пен әкімдіктер тарапынан нақты бақылауға алынса, Мемлекет басшысының жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапсырмасы мүлтіксіз орындалары сөзсіз. Отандық үлес көбейіп, импортқа тәуелділік азаяр еді.

Біз ағаш өңдеу ісін 2001 жылы бастап, озық технологияларды қолданудың нәтижесінде шикізатты қалдықсыз толық көлемде пайдалану циклін жолға қойдық. Өндірістің ішкі мүмкіндіктерін саралай келіп, жаңа жабдықтар, ағаш кесетін және дайындайтын станоктар мен түрлі техникалар сатып алынды. Материалдық-техникалық база нығайған соң қалдықсыз өнім шығаруға кірісіп, барлық шикізатты қайта өңдеуге қол жеткіздік.

Шетелдің шикізатын мүлдем пайдаланбаймыз. Біреудің қаңсығы өзгеге таңсық көрінуі мүмкін. Бірақ жергілікті материалдарды ұқсату әлдеқайда арзан, экологиялық таза әрі сапаға да айтарлықтай әсер етеді. Содан болар өнімдеріміз отандық тауар өндірушілердің тізіміне енгізіліп, сертификатталған. Бүгінгі күні елуге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Өндіріс ошағында шикізат базасы, сақтау қоймалары орналасқан. Жылына 20 мың текше метрден астам өнім өндіруге мүмкіндігіміз жетеді. Соған орай өнім түрлері көбейтіліп, саны отызға жетті. Құрылыс материалдарына сұраныс көп. Заманауи талаптарға толық жауап беретін, білікті мамандар ғана “тілін” табатын жоғары өнімді станоктар қайта өңдеу кәсіпорынның негізгі қазығы болып табылады.

Жетістіктеріміз аз емес, соның біріне “Солтүстік Қазақстанда орман шаруашылығы мен орман өңдеудің коммерциялық және экологиялық кластерін ұйымдастыру” жобасы бойынша “Ғылым қоры” АҚ ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижелерін коммерцияландыруға арналған байқаудың жеңімпазы атанғанымызды айтуға болады. 339 млн. теңге болатын жобаны жүзеге асыру аясында 192 млн. теңгеге құрал-жабдықтар, яғни “Амкодор” харвестері мен форвардері, жылыжай, отын өндіруге арналған процессор, навигациялық жабдық, шағын трактор алынды. Бұдан бөлек, “Алтын сапа”, “Парыз” конкурстарының жүлдегері атануымыз – үлкен жетістік деп білемін.

Қазір жұмыс орындарын ашу және жұмысшылардың табысын көбейтуге басымдық беріліп отыр. Өнімділікті арттырып, шикізат өндіріп қана отыру жеткіліксіз. Жұмысымыздың табысты болуына ықпал ететін факторлар аз емес. Ең бастысы, арзан да сапалы отандық тауарлар өндірсек, діттеген межеден көріне білгеніміз.

Сермұхамед ОРАЛҰЛЫ,

“Ахмуддинов” ЖК директоры.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp