«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Екі үміткер де – әйел

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереевтің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтіп, Парламент Сенаты депутаттарын сайлау күніне дайындық мәселесі сөз болды.

Асқар Жоламанұлының айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысынан Сенат депутаттығына 5 үміткер ұсынылған. Барлығы да Конституция мен сайлау туралы конституциялық заңның талабына сай тексерістен өтіп, 3 үміткер тіркелген. Екі кандидаттың тіркеуге қажетті құжаттарды толық көлемде тапсырмауына байланысты (декларацияны тапсырғаны туралы хабарламаның және сайлау жарнасын төлегені туралы түбіртектің болмауы) тіркеуден өткен жоқ. Кейін бір үміткер өз еркімен кандидаттықтан бас тартыпты. Осылайша сайлау бюллетеніне Сенат депутаттығына 2 үміткердің есімі енгізіліп, 190 сайлау бюллетені әзірленген.

Сенат депутаттығына үміткерлердің екеуі де – әйел, біреуі – мемлекеттік қызметші, екіншісі – мәслихат депутаты. Екеуі де – оқытушы, бірақ бірнеше мамандықты меңгерген. Орташа жасы – 49.

Орталық сайлау комиссиясы әр үміткердің сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары үшін республикалық бюджет есебінен бөлінетін шығындардың мөлшерін бекіткен, оның мөлшері 550 мың теңгені құрайды. Үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына 24 желтоқсан күні сағат 18:00-де кірісіп, 13 қаңтар күні сағат 00:00-де аяқтайды.

Таңдаушылар тізіміне барлық деңгейдегі мәслихаттардың 187 депутаты енгізілген. Биылғы жылдың 5 қаңтарында таңдаушылардың тізімі барлық мәслихаттардың депутаттары танысуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарында (“Soltüstık Qazaqstan” және “Северный Казахстан” газеттерінде, облыстық сайлау комиссиясы мен облыстық мәслихаттың сайттарында) жарияланды.

Сенат депутатын сайлау 14 қаңтар күні сағат 11:00-де Н.Погодин атындағы облыстық драма театрда таңдаушылардың бірлескен отырысында өтеді.

Асқар Сақыпкереевтің айтуынша, сайлау комиссиясына ұсынымдар мен шағымдар түскен жоқ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp