Диас Аяған
Петропавлда қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттамақ. Шаһарда жолақы соңғы рет 2017 жылы өскен.
СҚО “Автокөлік одағы” тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы Галина Семенованың айтуынша, еңбекақы төмен болғандықтан жүргізуші табу қиын. Қазір бұл салада кадр жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр.
“Біз қалалық қоғамдық көлікте жүру ақысын өсіруді сұраймыз. Бұл біздің қазіргі жағдайымызды айтарлықтай жеңілдетеді. Мәселен, Қостанай 1 қаңтардан бастап қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар үшін автобустарда жолақыны өсірді”, – дейді “KYZYLZHAR BUSES” серіктестігінің директоры Бауыржан Құсайынов.
Петропавл әкімі Руслан Аңбаев бұл мәселенің қазір талқыланып жатқанын айтты. Десек те, азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін тариф өзгеріссіз қалмақ.
“Әкімдік азаматтардың осы санатына көмектесіп, жолақыны арзандатып, субсидиялар есебінен тасымалдаушылардың шығындарын өтейді. Бүгінгі таңда оқушылар 40 теңге төлесе, мүгедектер үшін жол жүру тегін, бірақ қала тұрғындарының басым бөлігі үшін тариф көтеріледі”, – деді Руслан Аңбаев.