«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМІР ҚОРЫН МОЛАЙТУ КЕРЕК

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Облыстық әкімдік отырысында өңір басшысы Айдарбек Сапаров көмір қорын молайтып, жолдарды уақтылы тазалау, қыстан қысылмай шығудың қамын жан-жақты ойластыру міндеттерін қойды. Жыл соңында №2 Петропавл жылу-электр орталығында қатты отынның тапшылығы байқалған. Қазір кәсіпорында 17 тәулікке ғана жететін 103 мың тонна көмір қоры бар.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов ауа райының қолайсыздығын алға тарта ақталғанымен өңір басшысы кемшілікті тез арада түзетуді тапсырды.

– Күніне 7 мың тоннаға жуық көмір жағылады. Егер аязды күндер осылай жалғаса беретін болса, жағылатын көмір мөлшері күрт артады. Сондықтан кем дегенде 20 тәулікке жететін көмір қорын жинақтау қажет. Жалпы алғанда, қысқы жылыту маусымына әзірлік жақсы. Бірақ солай екен деп арқаны кеңге салуға әлі ерте. Қыс қаhарына мініп, саршұнақ аяз қысқанда қатты отынның жеткілікті болуын, тұрғындарды тоңдырмау жағын ойластыру керек, – деген Айдарбек Сейпілұлы №2 Петропавл жылу-электр орталығының қазіргі жағдайына да тоқталды.

Орталықта негізгі жөндеу жұмыстары аяқталғанымен, қазандықтардың бірінде қиындықтар туындаған. Оны іске қосу мерзімі үш рет кейінге шегерілген. Жөндеу енді наурыз айының басында толық аяқталмақ. Аудандардағы қазандықтар негізінен штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Алайда Бескөл мен Саумалкөл елді мекендерінің тұрғындары баспаналарының суықтығына жиі шағымданады. Мамлюткада да үйлер жаңа қазандыққа қосылмаған.

Жолдарды күтіп-ұстау, қардан тазалау мәселесінде де қиындықтар жоқ емес. Қыстың көзі қырауда ауылдардан қатынау оңай емес. Әлі күнге дейін 6 аудан жол тазалайтын компаниялармен келісімшарт жасамаған. Облыс әкімі техникалар жеткілікті бола тұра республикалық маңыздағы жолдардың тазаланбайтынын сынға алып, “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының жергілікті филиалына жағдайды ретке келтіруді тапсырды.

– Жол тазалау жұмыстарына 54 техника тартылған дейсіздер. Оны көріп отырған жоқпыз. Олай болса, жолдар айнадай жарқырап жатар еді ғой. Конкурстарды, басқа да қызмет көрсету рәсімдерін күні-бұрын шешудің орнына созып жібересіздер. Мәселенің түйіні осында жатыр, – деген облыс әкімі қыстан қысылмай шығудың басты міндеттерін белгілеп, орынбасарлары мен аудан әкімдерінен және жауапты мекеме басшыларынан кабинетте отырып жұмыс істемей, халық арасында жиі баруды, мәселелерді жедел шешуді талап етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp