Петропавл қаласының тұрғыны Мария Симонова “Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін” медалімен марапатталды. Жақында бойжеткен жанып жатқан үйден ер адамды алып шыққан болатын.
Мария Симоноваға марапатты облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Дмитрий Растихин табыс етті. Азаматтық қорғау полковнигі бұл оқиғаның жастарды жауаптылыққа, жанашырлыққа, қиын сәтте көршісіне көмектесуге деген ұмтылысқа тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтті.
“Мария №42 орта мектепті бітірген, бұл білім ордасын азаматтық құтқарушылардың “кадрлар ұстаханасы” деп атауға болады. Менің ойымша, Мария бәрімізге қайсарлықтың, батылдықтың үлгісін көрсетті”, – деді Дмитрий Растихин.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жаңа жылдың алғашқы күні кешке Мария Симонова Жұмысшы кентіндегі К.Цеткин көшесі, 90 “А” мекенжайындағы үйден өрт шыққанын байқап қалады. Қалың түтінді көрген ол бірден көмекке ұмтылады. Үйдің есігін ашқан қыз есікке жете алмай еңбектеген ер адамға шығуға көмектеседі. Кейін дереу өртсөндірушілерді шақырған.
Мария Симонова ата-анасымен бірге өрт болған үйге жақын жерде тұрады. Бойжеткен Петропавлдағы техникалық колледждің 4-курс студенті, техник-механик мамандығы бойынша білім алуда.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.