«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Талпынған жетер табысқа

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Жыл сайын өңірімізге білім алып, табыс табу үшін еліміздің әр облысынан талапты жастар келуде. Олардың көбі мұндағы жағдайға үйренісіп, тұрақтап қалып жатады. Бүгінде қоғам өмірінің әр саласында еңбек етіп келеді. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында жемісті жұмыс істеп жүргендерден бөлек, аз уақытта өз кәсібін ашып, ірі кәсіпорындарға орналасқандары да бар. Сондай жастардың бірі – Қызылжарға Тараз қаласынан келген Азамат Арғынбаев.

Азамат – Жамбыл облысының тумасы. 2018 жылы туған жеріндегі техникалық колледжді тамамдап, арнайы бағдарламаның арқасында теріскей топырағына табан тірейді. Алғашында “Қызылжар-су” серіктестігінде жұмыс істеген ол бүгінде жаңадан ашылған құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын “Mix Universal” зауытында оператор ретінде еңбек етуде.

– Осыдан 4 жыл бұрын жасаған таңдауыма өкінбеймін. Жастық жалынмен Қызылжарға келіп, тер төгіп жүрмін. Жұмыс орнындағы жағдайға, жалақыма көңілім толады. Замануи қондырғылардың арқасында көп жұмысты бұрынғыдай қолмен істемейміз. Оператор ретінде өндіріс барысын бақылап отырамын. Өнім шығаруда қате кетпей, қондырғылардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалап отыру менің мойнымда. Қай кәсіпорында болсын оператордың мойнына үлкен жауапкершілік жүктеледі, – дейді Азамат Арғынбаев.

Кейіпкеріміз арнайы бағдарлама аясында облыс орталығынан пәтер алған екен. Жас жігіт осында шаңырақ көтеріп, зайыбы екеуі бір бала тәрбиелеп отыр. Азамат өзі сияқты оңтүстік өңірдің жастарын солтүстікке келіп, еңбек етуге шақырады. Айтуынша, Қызылжарда талапты жастарға мүмкіндік көп.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp