Ақерке Дәуренбекқызы
Жыл басынан бері жарақат алған, үсік шалған 400-ден астам адам Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасының көмегіне жүігінді.
Емдеу мекемесі баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат бөлімшесіне қаралғандардың 150-інің сүйектері сынған, тағы 12 адам үсік шалып, мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
“Үсік шалғандар негізінен мас күйде түседі. Оларды аман алып қалу үшін ота жасауға тура келіп жатады, қол-аяғын ампутациялаймыз. Бұрын ауруханаға негізінен қаңғыбастар түсетін, ал қазіргі уақытта көп жағдайда спирттік ішімдік ішкендер немесе жарақат алып, далада жатып қалғандар көп. Жыл басынан үсіп қалған 12 адамның төртеуін ауруханаға жатқызуға тура келді. Желтоқсан айында қол-аяғын үсіткен 14 адам хабарласты. Олардың екеуі әлі ем алып жатыр”, – дейді аурухана дәрігерлері.
Қазір қыс қаһарына мінген шақ. Сондықтан үсік шалған жағдайда бірнеше кеңесті естен шығармаған жөн. “Зардап шеккен адамды жылыту үшін оны жылы жерге кіргізіп, ыстық шай немесе сүт беру керек. Зақымданған аяқ-қолын жылы жапқышпен орау қажет. Қолдың саусақтары қатты тоңған жағдайда қолтықтың астына тығу арқылы жылытуға болады. Егер мұрынды үсік шалса, оны жылыту үшін қолдың жылуы жеткілікті. Терінің жылыған аймағының қайтадан тоңуына жол бермеңіз. Тін жиі қатып, жылынатын болса, соғұрлым зақымдануы мүмкін”, – дейді мамандар.
Ал алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін науқасты ауруханаға тез жеткізген жөн. Өйткені аздап үсік шалу да организмнің қорғану күшін төмендетеді.