Ақерке Дәуренбекқызы
Өңірде іздеу жарияланған 31 жастағы Болат Ақиевтің денесі қар астынан табылды. Марқұм үстіміздегі жылғы 6 қаңтар күні Шал ақын ауданына қарасты Ступинка елді мекенінің маңындағы көлге балық аулауға кетіп, содан үйіне қайтып оралмаған. Жігіт Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылының тұрғыны болып шықты.
Болат Ақиевті іздеуге еріктілер, полицейлер, ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 13 маман, 3 техника үш күн бойы жоғалған адамды іздеді. “Қаңтардың 7-нен 8-не қараған түні Новоишимка ауылынан келген үш балықшының Ступинка елді мекені жанындағы көлде болғаны анықталды. Сағат 23:00 шамасында спирттік ішімдік ішкеннен кейін олардың бірі Сергеевка қаласындағы туысына жаяу баратынын айтқан. Жанындағы таныстары қарлы боранда түнде жаяу жүрмеуге үгіттеген. Алайда Болат Ақиев олардың сөздеріне құлақ аспай, кетіп қалған”, – делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Полицейлердің айтуынша, табылған адамның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама нәтижелерінен кейін анықталады. Бұл дерек адамның жоғалып кету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген.