«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

АЙМАҚТАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Өңірде қанатқақты жоба аясында ашылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қызметінің нәтижелері Аққайың ауданында бас қосқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесуде айтылды. Тың бастамалармен өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин танысты.

Соңғы екі жылда құс фабрикалары “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан жеңілдікті несиелермен рәсімделіп, құс етінің импортын 100 пайыз жергілікті өніммен алмастыру мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, жылына 5 мың тонна ет өндіре алатын “Северный бройлер” кәсіпорны тұтынушылардың құс етіне деген сұранысын 50 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Аралағаш ауылдық округі аумағында орналасқан фабрика 170-ке жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, олардың 90 пайызы – ауылдықтар.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының табыстың тайқазанын қайнатуы олардың қарызға алынған қаражатты дер кезінде қайтаруына игі әсері бар. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиелендіру механизмі қаражатты уақтылы қайтаруға және жоба бастамашылары үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға да зор ықпал етеді. Озық жобаларды толық жүзеге асыруға 1,5-2 жыл белгіленіп, 7 бағыт бойынша 35 бағдарлама қолға алынған. Олардың 21-і – тауарлы сүт кешені, төртеуі – қой фермасы, үшеуі – құс фабрикасы, біреуі – майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорын.

Бұдан бөлек, барлық аудандарда сүт кешендері жұмыс істейді. Оларда жылына 584 мың тоннаға дейін сүт өндіреді. Құрылысқа жергілікті мердігерлерді тарту, отандық жеткізушілерден материалдар сатып алу, өңделетін жемшөп дақылдары алаңдарын және қайта өңдеу үшін өндірілетін шикізат көлемін ұлғайту, заманауи құрал-жабдықтарды көбейту, жаңа жұмыс орындарын құру, ауылдарды жаңғырту, әлеуметтік нысандарды салу – мұның бәрі кешенді түрде ойластырылған. Ұйымдастыру шараларының технологиялық жағынан негізделуі арқасында шаруашылықтарда сүт өндірісі 17,5 пайызға немесе 35,3 мың тоннаға (201,8 мың тоннадан 237,1 мың тоннаға дейін) артқан. Бүгінгі таңда облыс дайын сүт өнімдерін өндіру бойынша республикада көшбасшы саналады. Айыртау ауданында “Әдемі-Астық” ЖШС-ның қаржылық қолдауымен 600 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасы бой көтерді. Тараудың аз-ақ алдында тұрған ауылда баспана саны отызға жетті.

– Біздің алдымызда еліміздегі сүт, құс еті мен көкөністерге деген қажеттілікті толық өтеу міндеті тұр. Бұл орайда солтүстікқазақстандық әріптестерден үйренеріміз көп. Шаруалар жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну бойынша ауқымды жобаны іске асырудың бастамашысы болды.

Мемлекеттік инвестицияның тиімділігін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Қуатты бағдарламалар­ды жемшөп өндірісіне енгізіп, бас­қа өңірлерде де кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Суару жобаларын да қолдауға да­йын­быз. Мемлекет тарапынан жа­салып жатқан жеңілдіктер мен зор мүмкіндіктерді ба­рынша пайдала­нуға шақырамын. Қазіргі таңда тауар өндірушілердің өнімдерін кідіріссіз өткізу үшін сауда желілері­мен де уағдалас­тыққа қол жеткізе­тін боламыз, – деді Серік Жұманғарин фермер­лермен кездесу ке­зінде.

Мәртебелі мейманның айтуын­ша, әкімдіктер әлеуетті инвесторларды іріктеп, кейін мемлекеттік органдар мен “Атамекен” ҰКП және бизнес өкілдерінен жұмыс топтары құрылады. Олар инвестициялық жобаларды таңдап, іске асы­рылуын қадағалайтын болады.

Өңірге екі күндік жұмыс сапар­мен келген Премьер-Министрдің орынбасары Тайынша ветеринарлық зертханасының қызметімен, ветеринарлық-санитарлық зертхананың, “Солтүстік” ӘКК арқылы жеңілдетілген несиелендіру бойын­ша қанатқақты жобаларға қатысу­шы кәсіпорындар – “Зенченко және К” КС, “Қызылжар сүт” тауарлы-сүт фер­масы, “BioOperations” крахмал зауыты, жылыжайлар, көкөніс қой­малары және “Радуга” ЖШС-ның қағаз өндірісі зауыты, “EMC Agro” шошқа фермасын кеңейту кеше­нінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp