«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Гүлмира Кәрімова — Сенат депутаты

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

14 қаңтар күні елімізде Парламент Сенатының депутаттары сайланды. Петропавлдағы Н.Погодин атындағы орыс драма театрында таңдаушылардың бірлескен отырысы өтіп, Солтүстік Қазақстан облысының атынан жоғары палатаға кім баратыны анықталды.

Саяси шараны облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко ашып, сөзді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереевке берді. Асқар Жоламанұлы Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-ші және 51-ші баптарына сәйкес, Парламент Сенатының депутаты әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ел астанасынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – таңдаушылардың бірлескен отырысында сайланатынын түсіндірді.

– Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жанама құқық негізінде жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асырылады. Әрбір үш жыл сайын Сенат депутаттарының жартысы қайта сайланып отырады. Кезекті сайлау өкілеттік мерзім аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі. Президенттің 2022 жылдың 26 қарашасындағы №4 Жарлығына сәйкес, 2023 жылдың 14 қаңтары Парламент Сенатының депутатын сайлау күні болып белгіленді, – деген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры Лаура Қайыржанова мен Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованің баламалы түрде сайлауға түсетінін, таңдаушылар тізіміне барлық деңгейдегі мәслихаттардың 187 депутаты енгізілгенін жеткізді.

Дауыс берудің қорытындысы бойынша Гүлмира Кәрімовані қолдап – 144, Лаура Қайыржанова үшін 32 таңдаушы дауыс берді. Осылайша Гүлмира Райынбекқызы өңірден Парламент Сенатының депутаттығына 6 жылға сайланды. Ол – 1977 жылы туған, “AMANAT” партиясының мүшесі.

Жаңа сайланған сенатор өзіне үлкен қолдау көрсетіп, зор сенім артқан жерлестеріне ризашылық лебізін білдіріп, күш-жігерін ел экономикасының дамуына жұмылдыратынын айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp