«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Отқа оранған сауықтыру кешені

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда сауықтыру кеше­ніндегі өртті екі рет сөндіруге тура кел­ді. Өрт толық сөнбей қалып, екінші күні таңертең мамандар тағы да сол нысанда жұмыс істеді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы “Парковая” сауықтыру кешенінде өрт шық­қандығы туралы хабар 14 қаңтарда сағат кешкі он бірлер шамасында түскен. Өртсөндірушілер келгенде нысан отқа оранған екен. Мамандар жалынмен үш жақтан күресіп, сағат 2:00 шамасында сөндірді. Оқиға орнында 41 адам 11 техника жұмыс істеді.

“Өрттің салдарынан от жағу бөл­месі, демалыс бөлмесі, кір жуатын бөлме жанып кетті және кешеннің шатыры толықтай зақымданды. Өрт жалмаған аумақ – 160 шаршы метр. Қаза тапқандар мен зардап шек­кендер жоқ”, – делінген департамент таратқан хабарламада.

Алайда 15 қаңтар күні таңертең сауықтыру нысанынан қайта өрт шық­қан. Кейін белгілі болғандай, өрт түн­де толық сөндірілмей, қуыста бықсып қалып қойған екен.

“Қайта өрт шықпауы үшін оқиға орнында барлаушылар қалды. Олар таңертең жылуұстағыш материал­дардың бықсып жатқанын байқап қал­ған. Күрделі құрылыстан ол жерге мамандар түнде жете алмаған. Сағат 11:00 шамасында жағдай тұрақтан­ды”, – дейді баспасөз қызметінің мамандары.

Алдын ала болжам бойынша, пешті қолдану барысында өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp