«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕС АУЫЛДЫҢ ОРТАҚ ЖЕҢІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірінде кейінгі жыл­дары жер дауы әлсін-әлсін туындап, оған бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер май құйып жатады. Соған қарамастан, неше түрлі алаяқтардың алдауына түсіп, жер үлестерінен айырылып қалған ауылдар тұрғындарының әділдікке жеткендері жоқтың қасы. Әзірше тек Айыртау ауданындағы көршілес қон­ған бес ауылдың бас көтерер аза­маттары ғана білек біріктіре қимыл­дап, ұзаққа созылған жер дауын жеңіспен аяқтапты.

Нақты айтсақ, Бірлестік, Дәуқа­ра, Егіндіағаш, Қарақамыс және Светлое ауылдық елді мекендерінің тұрғындары өз жер үлестерін сенімді басқаруға берген “Жарқын СҚ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір бармағын ішіне бүккен бас­шысының арам пиғылын дер кезінде біліп қалып, жұдырықтай жұмыла қимылдап, жолын кесті.

– “Жарқын СҚ” ЖШС-ның бас ди­ректоры болған Бейбіт Молдашев мұндай алаяқтыққа барады деп ешкім ойлаған жоқ шығар. Себебі 2003 жылы құрылған “Жарқын СҚ” ЖШС 2017 жылға дейін жақсы жұмыс істеп, Айыртау ауданындағы үздік шаруашылықтардың қатарында ата­лып келді. 80-нен астам жұмыске­ріне – жалақыны, жер үлестерін се­німді басқаруға берген ауылдар тұр­ғындарына ақшалай немесе астық­тай дивидендті уақтылы төлеп тұр­ды. Алайда бір өзі “Жарқын СҚ”, “Рамут корпорациясы”, “Рамут Агро Кемикал”, “Қызылсая Агро”, “АгроИнтерТех” ЖШС-ларына бас директор ретінде басшылық жасаған бизнесменді 2017 жылы қандай әзәзіл азғырғанын кім білсін, ол “Аг­рарлық несие корпорациясы” акцио­нерлік қоғамынан “Агробизнес” бағ­дарламасы бойынша бөлінген мол қаржыны жымқыруды ойлапты. Осы мақсатпен “Жарқын СҚ” ЖШС-на өз жер үлестерін сенімді басқаруға бе­ріп, осы серіктестіктің заңды қатысу­шылары болып саналатын бес ауыл тұрғындарының жалпы жиналысын өткізіп, олардың рұқсатын алмастан, қарамағындағы қызметкерлерге осы жөнінде жалған хаттама жасатады. Сол арқылы серіктестіктің 16 ауыл­ша­руа­шылық техникасы мен аталған бес ауылдың 883 тұрғынының жалпы көлемі 42919 гектар жер үлестерін кепілге қойып, “Аграрлық несие кор­порациясы” акционерлік қоғамынан 15 пайыздық жылдық сыйақы мөл­шерлемесімен 600 млн. теңге несие алады. Осынша қаражат “Жарқын СҚ” ЖШС-ның шотына түскен соң, оның 421 миллион теңгесін – “Рамут Агро Кемикал” ЖШС-на, 72 миллион теңгесін – “Қызылсая Агро” ЖШС-на, 15 миллион теңгесін “Рамут корпора­циясы” ЖШС-на, 9 миллион теңгесін – “АгроИнтерТех” ЖШС-на аударып, жеке басының және өзіне бағыныш­ты серіктестіктердің мұқтаждықта­ры­на жұмсапты. Бірақ Б.Молдашев­тің арам ниетін Құдай құп көрмей, сол жылғы жазда қуаңшылық болып, егін шығымдылығы күрт төмендеп кеткен. Соның салдарынан “Жарқын СҚ” ЖШС “Аграрлық несие корпо­рациясы” АҚ алдындағы қарызын уақ­тылы өтей алмай, берешегі 2018 жылы 756 млн. теңгені құраған, – дейді осы қылмыстық істің тергелу бары­сын ұдайы бақылаған белгілі журна­лист, қоғам қайраткері Кәрібай Мұ­сырман.

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-мен жасалған қарыз шартына бас директор Бейбіт Молдашевтің бұйы­руымен “Жарқын СҚ” ЖШС-ның сол кездегі директоры Азамат Елмаға­нов қол қойған екен. Ол кейін Петро­павл қалалық сотында несие қаржы­сын ұтымды жұмсаған жағдайда се­ріктестіктің өз берешегін дер кезінде өтеуге мүмкіндігі болғанын айтыпты. Алайда Б.Молдашевтің ойы басқа болғанын арнайы жүргізілген қаржы­лық тексеріс әшкерелеп берді. Мәсе­лен, “Жарқын СҚ” ЖШС “Рамут Агро Кемикал” ЖШС-на берешегін жабу мақсатымен аударған 421 миллион теңгенің 157 миллион теңгесі не үшін төленгені белгісіз. Сондай-ақ “Рамут корпорациясы” ЖШС-на 8 млн. теңге еш негізсіз аударылған.

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ 2018 жылы қарызын қайтармаған “Жарқын СҚ” ЖШС-ын Астана қала­сының мамандандырылған аудан­ара­лық экономикалық сотына бер­ген. Нәтижесінде бітімгершілік келі­сім жасалып, борышкер алған не­сиесін 2019 жылы өтеуге міндетте­леді. Әйткенмен, “Жарқын СҚ” ЖШС “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ алдындағы міндеттемесін тағы да орындай алмайды. Осыған орай, қаржы ұйымы жеке сот орындаушы­сына жүгінуге мәжбүр болған. Ол 2020 жылғы 22 қаңтарда “Жарқын СҚ” ЖШС-ның кепілге қойылған барлық мүлкі мен жерін аукционға шығару туралы шешім қабылдапты. Бұл жағымсыз хабар құлақтарына тиген жер үлестерінің иелері серік­тес­тік басшылары өздерін алдаға­нын сонда ғана біліп, қандары қай­нап, ашуға мінген. Ернұр Нұрғали, Орын­бай Атығаев, Тобылбай Шо­раев сынды белсенді азаматтардың ұйымдастыруымен бес ауылдың 300-ге жуық тұрғыны ақпан айының басында Айыртау ауданының әкім­дігі алдына жиналып, аудан әкімі мен жергілікті құқық қорғау органдарынан “Жарқын СҚ” басшылығы тарапынан жол берілген заңсыздықты тоқтату­ды талап еткен. Онымен шектелмей, сол кездегі Солтүстік Қазақстан об­лысынан сайланған Парламент Мә­жілісінің депутаты, Дәуқара ауылы­ның тумасы Кәрібай Мұсырманның атына ұжымдық арыз жіберген. Ол өз кезегінде Бас прокуратураға жүгініп, өз жерлестері көтерген жер дауын әділ шешуді сұраған. Осылайша мә­селе республикамыздың жоғары қа­дағалаушы органының бақылауы­на алынып, оны қарау Солтүстік Қазақ­стан облысының прокуратурасына тапсырылды. Облыс прокуроры Бағ­бан Таймбетовтің араласуымен жеке сот орындаушысы белгілеген аук­цион дереу тоқтатылып, бес ауыл тұр­ғындарының ортақ өтінішінің не­гізінде олардың жер үлестерін заң­сыз кепілге қойған “Жарқын СҚ” ЖШС-на қатысты қылмыстық іс қоз­ғал­ды. Ол бойынша тергеу жұмыс­тары үш жылға жақын уақыт алды.

Петропавл қалалық соты өткен жылғы 29 желтоқсанда Бейбіт Мол­дашевтің іс-әрекетін Қылмыстық ко­декстің 190-бабына сәйкес алаяқтық қылмыс деп танып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіп­сіздігі орташа мекемесінде өтету туралы үкім кесті.

Бұдан бөлек, Б.Молдашевтің “Жарқын СҚ” ЖШС-дағы үлесін 2019 жылы сатып алып, серіктестік дирек­торы міндетін атқаруды өз мойнына алған Мәжит Сабиров те алаяқтық қылмысы үшін 6 жылға бас бостан­дығынан айырылды. Ол соттың “Жар­қын СҚ” ЖШС-ын өз еңбеккер­ле­рі үшін 6347 мың теңге мөлшерін­дегі зейнетақы төлемдерін жасауға мін­деттеген шешімін алты айдан ас­там уақыт бойы қасақана орындама­ған және 2020 жылғы желтоқсаннан бастап 2022 жылғы наурызға дейін қарамағындағы жұртқа еңбекақы төлемей, астық сатудан түскен қар­жыны басқа мақсаттарға жұмсаған, сондай-ақ ебін тауып “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сы” Ұлттық компаниясы” АҚ-ның 250 млн. теңге ақшасын жымқырған болып шықты. Осындай алаяқ бас­шылардан көңілдері қалған “Жарқын СҚ” ЖШС еңбеккерлері мен бес ауыл тұрғындары бүгінде жер үлестерін қайтарып алып, басқа сенімді ин­весторға бергелі жатыр.

– Қызылжар өңіріндегі бір кезде алаяқ кәсіпкерлердің кесірінен жер үлестерінен айырылып қалған өзге елді мекендер тұрғындарына Айыр­тау ауданындағы бес ауыл аза­маттарының ортақ жеңісі ой салып, олар да өздерінің аяққа басылған құқықтарын қалпына келтіруге бір­лесе кірісе бастапты. Біз әділетті мемлекетті, міне, осылай көп болып жұмылсақ қана орната аламыз. Осы орайда жер үлестерінен айырылып қала жаздаған ауыл тұрғындарының адвокат жалдау сияқты қыруар сот шығындарын өз мойнына алған белгілі журналист, қоғам қайраткері, кәсіпкер, Қарақамыс ауылының тумасы Арман Шораев інімізге айтар алғысымыз зор, – дейді Кәрібай Мұсырман.

Байқал БАЙӘДІЛ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp