Небір дара дарындарды құндақтаған қасиетті Қызылжар өңірін әдебиеттің тал бесігі десек, артық айтқандығымыз болмас. Өңірімізден қазаққа қызмет еткен дарындар аз шықпады. Солардың қатарында қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр сүргендер болды. Қазіргі жастардың дені көзі тірісінде Петропавлда мектептер ашып, қысқамерзімді мұғалімдер даярлайтын курстар ұйымдастырған, ғалымдыққа ден қойған Баймағамбет Ізтөлинді, артына жауқазын жыр қалдырған, мынау жалғанмен жиырмасында қоштасқан Назгүл Өтенованы, алаулаған жиырма бесінде дүние салған Бейсенбай Есмұқановты білмейді. Білмек түгіл, естімеген де. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қолыма қалам алып отырмын.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан ашылған “Асыл мұра” орталығындағы кітаптарды ақтарып отырып, “Аманат” деген кітапшаға көзім түсті.
Бейсенбай ЕСМҰҚАНОВ.
Атауына қарап, бұл қандай кітап екен деп ақтара жөнелсем, теріскей өңірдің тумасы, өзіміздің жерлесіміздің туындысы екен. “Аманат” – өлеңдер мен поэмалар жинағы. 1998 жылы Алматы қаласындағы “Жазушы” баспасында басылып шыққан. Аталмыш жинаққа қазақ поэзиясының жезкиігі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов “Қыршын ғұмыр” деген тақырыппен алғысөз жазыпты. Осы мақаладағы мәліметке сүйенсек, кейіпкеріміз 1927 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында дүние есігін ашып, 1952 жылы 25 жасында аты ел арасына жаңа таныла бастаған кезде құйрықты жұлдыздай ағып түскен. Қарағандыдағы мұғалімдік институтта кәсіптік білім алып, Қостанай облысының Пресногорьков ауданындағы “Жаңажол” орта мектебінде (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылы) қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген.
Бейсенбай Есмұқанов жастайынан Абай мен Пушкиннің шығармаларынан ерекше әсер алып, тұла бойына ақындық қасиетті қондырып, өлең жаза бастапты. Мектептің қабырға газетіне сиясы кеппеген туындылары шығып, ел ішінде “Ақын бала” атанған. Інісі белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ғазез Есмұқанов ағасының аудандық, облыстық, астаналық газеттерде жарияланған, қолда бар өлеңдерін барынша жинапты.
Ақындықпен кәсіби түрде небары төрт жыл, үш ай ғана айналысса да, классик жазушымыз Сәбит Мұқановтан “өз биігі бар ақын екен!” деген баға алып, ақиық ақын Сырбай Мәуленовпен сырласып, әдебиеттің майталманы Ғафу Қайырбековпен жүздесіп үлгерген.
– Ойсыз ісің – жөнсіз соқпақ,
Ойсыз жанның алды тар.
Ойсыз талап – әлсіз қорқақ,
Аяғын тез шалдырар, – деп жырлайды автор бір өлеңінде. Расында да, қай істі болмасын бастамас бұрын адамзат баласы ой елегінен өткізіп барып қолына алады. Иә, іс қалай аяқталғанымен емес, қалай басталғанымен бағаланады. Ойланбай жасалған қарекеттің ешқашан да берекесі болмайды.
“Сүйіп халық ардақтайды,
Өз тумасын, өз мұрасын.
Мақтан етіп асқақтайды,
Айтар сөзде сен тұрасың”, – деп өрілген шумақтарына “Баспасөз” деген айдар тағылыпты. Ауыздан-ауызға жеткен деректерге қарағанда, қағазға түскен мәліметтердің дәлелі қашан да басым. Біз жазылған дүниелердің авторына, редакторына, корректорына сын тағып, әйтеуір біреуді кемсітіп, біреуді көтермелеуге дайын тұрамыз. Сайып келгенде болашаққа жеткізетін қазынамыз баспасөзде бапталып, жинақталып, жазылатынын ескермей қаламыз. Ал Бейсенбай Есмұқанов жас болса да, бас болардың сөзін айтып кеткен. Біз оған ақынның өлеңдерін оқу арқылы көз жеткіздік.
“Еңбекпен еркін жайнады өмір”, – деген ойға үңілсек, төрт-ақ сөзде төрт құбылаңды тең қылатын бір тылсым күш жатқандай көрінеді. Неткен тереңдік. Өмір жата берсең мәнсіз, талаптансаң өзінің мағынасын бермейді ме? Биік шыңға жеткендердің өткеніне қарасаң, бәрінің де сыры еңбекте жатыр.
“Теңселіп желмен толқиды егін,
Құлпыртып әсем ауылдың жерін.
Таза боп өскен дәнінен әрбір,
Көргендей болам ағайын терін”, – деген төрт жолда аграрлық салада қызмет ететін еңбек өкілдеріне көрсеткен үлкен құрметті байқайсың. Біз жайқалып тұрған масақтарға қарап, даланың сәнін көреміз. Ал ақын еңбек еткен жұмысшылардың төккен маңдай терін көреді. Өйткені өнер иесі айналада орын алып жатқан құбылыстарға көкіректің көзімен қарайды. Бұл – жер көлемі бойынша соңғы орындардан байқалса да, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарға шығатын теріскей өңірдің тұрғындарына мотивация беретін шумақ.
“Ауылдың жылқы баққан кең өңірі,
Сауынды қымызы көп ел өмірі.
Көрінді көтеріңкі адам түгіл,
Құлын, тай кісінеген жер көңілі”. Бұл шумақ қалада тіршілік етіп, самал желі айдарымды сипаған туған ауылымды сағынып жүргеннен болар, жанымды тебірентті. Аса көрнекті жазушымыз Сафуан Шәймерденовтің “Сұлуқиясы” атанған Ілия көлінің жағасында жүрген үйір көз алдыма оралды. Ойнақтап шапқан құлындар менімен сырласқандай.
Автордың “Өмір мен ажал туралы аңыз”, “Қарт сыры”, “Кекті ару” поэмаларын оқып шықсаң, суреткерлігіне таңдай қағасың. Кітапты түгел оқып шыққан соң, Леонардо да Винчи “Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – сөзбен жазылған сурет!” деп осындай өзінің шынайылығымен ерекшеленетін шығармаларды оқыған соң айтқандай көрінеді.
Ақынның өлеңдерін балаларға да, жастарға да, қарттарға да ұсына аласың. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін сөздердің астарына үңіле білсең, ойландырмай қоймайды.
Жуырда “Фейсбуктегі” парақшама “Бейсенбай Есмұқанов деген кім?” деп оқырмандарға сауал тастаған едім. Бұл сұрағым Алматыда тұратын ақынның інісі Ғазез Есмұқанов атамызға жетіпті. Ол кісі маған ризашылығын білдіріп, қоңырау шалды.
– Ағамның таланты таудай еді. Жастық шақтың буымен қыздарға арнап, айналасындағы құбылыстарға байланысты шығарған өлеңдері аз емес болатын. Қасыма отырып алып, олардың біразын пешке тамызық қылды. Жазғандары өзіне ұнамайтын. 6-сынып оқитын кезім. Өлеңдерін тығып ұстадым. Көзіне түссе, “Көзін құрт!” деп ұрсып тастайтын. Сырбай Мәуленов облыстық газеттен сұрастырып, ағамды іздеп Жаңажолға келді. Үш күн жатты. Өлеңдерін жоғары бағалап, ұжымдық жинақтарға шығаратынын айтты. Алматыға шақырды. Ағам оңтүстік астанамызға баруға дайындалып жүргенде наурыз айында дүние салды, – деді тұтқаның арғы жағынан.
Біраз үзілістен соң Алматыға барғанымда хабарласуымды өтініп, өксігін баса алмай, сөзін аяқсыз қалдырды. Сексен бес жастағы қарттың жылағанына себепкер болғаным үшін ыңғайсызданып қалдым.
“Қызылжар қала қайталап,
Бейсенбай ақын жырларын.
Аспаннан ғашық ай қарап,
Шалқыта төкті нұрларын.
Елімен сөзі табысса,
Ескерткіш сол ғой ақынға.
Дәнекер жырын дарытса,
Алысы менен жақынға”. Ауылы аралас, қойы қоралас, көршілес жатқан Көкшетау қаласының азаматы, дарынды ақын Қорғанбек Аманжол ағамыз кейіпкеріміздің інісі Ғазез Есмұқанұлына арнап жазған “Ақынның бауыры” деп аталатын баллада іспеттес жыр толғауында осылай тебіреніпті. Осы шумақтарды оқып отырып, көз алдымызға Бейсенбай ақынның бейнесі келетіндей. Тебіренеміз, толқимыз… Ақынның жыры халықтың жадында сақталса, одан асқан ескерткіш болмайды. Қалың бұқараның сана-сезіміне енген есімдер ұлықталмаса да, ешқашан ұмытылмайды. Ұмытылмау үшін де ұлтым деген азаматтар аянбай еңбек етулері қажет. Бейсенбай Есмұқановты да елдің есіне түсіргенім жай дүние емес. Күндердің күнінде замандастарымның “Ақын жырларын қайдан алуға болады?” деп шарқ ұрып, кітапханаларға жиі баратынын ішім сезеді.
2027 жылы ақынның туғанына 100 жыл толады. Туған ауданының орталығы Мамлютка қаласындағы Ленин көшесіне Бейсенбай Есмұқановтың есімін берсек, елдігімізді көрсетер едік. Ширек ғасыр ғұмырында артына мұра қалдыру – екінің біріне бұйырмаған үлкен бақыт. Бізді қуантатыны, жанымызға медет болатыны – Бейсенбай Есмұқановтың інжу-маржан сөздері.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.