«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Прокурорлық қадағалау бәсеңдемейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетовтың төрағалығымен өткен алқа отырысында ведомоствоның 2022 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары шығарылып, алдағы міндеттер айқындалды. Былтыр 132 тексеру жүргізіліп, 909 заң бұзушылық анықталды, оның 542-сі жойылды. 402 қадағалау актісі енгізіліп, 18599 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. 561 адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Қадағалау актілері бойынша 621 млн. теңге өндіріліп алынды, мемлекеттік кіріске 387,5 млн.теңге және де 708 млн. теңгенің мүлкі қайтарылды. Негізгі заң бұзушылықтар мемлекеттік сатып алу, құрылыс жүргізу, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, монополияға қарсы қызмет, зейнетақы төлеу салаларында тіркелді. Мемлекеттік сатып алу саласында 3,5 млрд. теңгеден астам соманың 15 конкурсының нәтижелері жарамсыз деп танылды. Мәселен, Петропавл қаласының әкімдігі 2,8 млрд. теңге болатын көпқабатты тұрғын үй құрылысына мемлекеттік сатып алу үрдісін рәсімдегенмен, тапсырыс берушіде рұқсат құжаттары, атап айтқанда жерге тиісті құқық беру туралы шешім болмаған. Конкурстың күші жойылып, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Мобильдік топтармен бірлесе отырып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шарала өткізілді, нәтижесінде 1000-нан астам заң бұзушылықтың жолы кесілді. Бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғауда 9 заңсыз тексеру анықталып, 1144 орта және шағын бизнес өкілдерінің құқықтары қалпына келтірілді.

2020 жылдан бастап жер заңнамасы саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар шеңберінде қабылданған шаралардың арқасында ауданы 124 мың гектар 232 жер учаскесі қайтарылды. 26 кәсіпорынның қарамағындағы шартты жер үлесінің 11 мыңнан астам иесінің құқықтары қорғалды, бұл жерлердің жалпы аумағы – 257472 гектар. Үлескерлер қатысқан жалпы жиналыстардың хаттамаларын қолдан жасау, алаяқтық, серіктестік басшыларының өкілеттіктерін қасақана пайдалану фактілері бойынша 22 істі тергеп-тексеру басталды. Үлескерлердің өз құқықтары мен заңды мүдделерін сотқа дейінгі тәртіппен және сотта өз бетінше қорғауы үшін іс-қимыл алгоритмдері әзірленіп, талап арыздарды дайындауға практикалық көмектер көрсетілді. “Жарқын-СК” ЖШС қатысушыларының құқықтарын қорғау мақсатында (шартты жер үлестері иелерінің саны – 4000) прокуроратура аталған серіктестік пен “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ арасында жасалған 14 кепілшарттың күшін жою туралы талап арыз берді. 600 млн. теңге мөлшеріндегі кепіл шарттар 2017 жылы “Жарқын-СК” ЖШС пайшыларының келісімінсіз жасалғаны белгілі болды. Экономикалық соттың 2022 жылғы 9 желтоқсандағы шешімімен прокурордың 14 кепіл шартын жарамсыз деп тану туралы талабы толығымен қанағаттандырылды. “Жарқын СК” ЖШС-ның директоры мен бұрынғы директорына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық іске қатысты тұлғалардың бірі бас бостандығынан айырылды.

“Алиби” холдингіне қарасты кәсіпорындар пайшыларының компания басшылығының өтініш берушілердің жер учаскелерін кепілге қою арқылы 4,7 млрд. теңге сомасында банктерден кредит алғаны туралы ұжымдық өтініштері негізінде сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Шығын сомасын және ақшалай қаражаттың түпкілікті бенефициарын анықтау үшін аудит жүргізілуде.

Шартты жер үлестерінің 21000-нан астам иеленушілерінің құқықтарын қорғау мақсатында пайшылардың шартты үлестерінен айрылуына ықпал жасаған қарыз және кепіл шарттарын жою бойынша талап-арыз шаралары атқарылуда. Шартты жер үлестері иелерінің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар жалғасуда.

Атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалаудың тиімділігі артты, 2021-2022 жылдар ішінде қабылданған шаралар нәтижесінде алимент төлемдері бойынша берешектің 1,1 млрд. теңгеден 184,3 млн. теңгеге дейін төмендеуіне қол жеткізілді. Жүргізушілік құқығын шектеу жөніндегі уәкілетті органдардың жұмысы жанданды (69 борышкер).

Жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, алаяқтыққа, мал ұрлығына, көшедегі қылмысқа және кәмелетке толмағандарды қорғауға ерекше назар аударылды. Тиісті ұсыныстарды әзірлей отырып, аталған мәселелер үйлестіру кеңесінде талқыланатын болды. Қылмыстық процесте тергеуді прокурорлық қадағалау сапасын арттыруға, алаяқтыққа қарсы әрекеттер бойынша, мал ұрлығы, көше қылмысы және кәмелетке толмағандарды қорғау профилактикасы мәселелері үйлестіру кеңесінде қаралды.

Азаптауға қарсы іс-қимыл бойынша елеулі жұмыстар жүргізілді, өткен жылы барлық қылмыстық қудалау органдарында оларды облыс прокуратурасы кезекшісінің мониторына қоса отырып, үздіксіз бейнебақылау, тәжірибеге прокурорлар күдіктілерді тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдануды анықтау үшін оларды процессуалдық ұстағаннан кейін дереу жауап алу үрдісі енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаптау бойынша шағымдар 21-ден 5-ке дейін қысқарды.

Облыста халықтың сенімін арттыру мақсатында ауқымды “Заң керуені” акциясы онлайн және офлайн режімде Қызылжар, Мамлют, Ақжар, Уәлиханов аудандарында және Петропавл қаласында өткізілді. Интернет желісін пайдаланушылар тарапынан сұрақтар қойылып, жауап берілді. Прокурорларға түскен сауалдардың көбі қылмыстық, азаматтық істер бойынша, тұрғын үй, еңбек, жер, зейнеткерлік, кеден заңнамалары, дәрілік заттармен қамту, заңсыз құрылыс, жарықпен, жылумен, сумен қамту, жолдардың сапасы мен жөндеу, Петропавл қаласындағы жекелеген шағын аудандарды бұзу, сауда-ойын-сауық орталықтарында пандустарды орнату жайттары болды. Бірқатар мәселелер арнайы бақылауға алынды. Акцияның қорытындылары облыс әкіміне жеткізіліп, өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына түзетулер енгізілді.

Прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыруға және өңірде заңдылықты нығайтуға бағытталған жұмыстар жалғастырылатын болады.

Аида БАБАСОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp