Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Эпидемиологиялық маусым басталғалы 800-ге жуық адамға жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозы қойылып, ауруханаларға жатқызылған. Олардың 65 пайызы – балалар. Дәрігерлер бұл жағдайды коронавирустық пандемия кезеңінде бірқатар шектеулердің салдарынан кішкентай балалардың иммунитеті төмендеп кеткенімен байланыстырады. Жалпы облыста санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін атап өткен әкім кейбір инфекциялық аурулардың және тұмаудың өршуіне алаңдаушылық білдірді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, тұмау – ауа арқылы тез тарайтын жұқпалы кеселдердің бірі. Оған қарсы уақтылы екпе алған адамның бойында сырқатқа қарсы иммунитет қалыптасады, ауырғанның өзінде жеңіл түрде өтеді. Науқастардың басым бөлігі екпе алмағандықтан, өткен жылмен салыстырғанда биыл бұл көрсеткіш 1,6 есеге артқан. Сондықтан сақтық шараларын барынша күшейтіп, ауру белгілері білінісімен дереу дәрігерлер көмегіне жүгінген абзал. Тұмау жұқтыру фактісі Петропавл қаласында көп тіркелген.
– Биыл облыс бойынша 75353 адам тұмауға қарсы екпе алды. Олардың 75 мыңы – жоспарлы түрде екпе салғызғандар, – деген денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов коронавирус инфекциясы толығымен жойыла қоймағанын жеткізді. Қазір бұл дерттен 12 адам емделуде, екеуінің халі ауыр. Соңғы кездері туберкулезге шалдыққандардың саны да көбейген.
Өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың өршуіне жол бермеу шараларын жедел қарастыруды, көкжөтел дертіне дер кезінде диагноз қоюды қамтамасыз етуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – медицина мамандарының тапшылығы да қызу талқыланды. Өңірдегі емдеу мекемелеріне 208 дәрігер мен 209 фельдшер жетіспейді. Сала басшыларының сөздеріне қарағанда, өңірге жас мамандарды тарту, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік жағдайларды шешу өз нәтижесін бермей отырған көрінеді. Емдеу мекемелеріне, әсіресе психиатр, гинеколог, хирург, кардиолог, анестезиолог сынды мамандар қажет.
2022 жылы облысқа 280 дәрігер келіп, 185-і қалада, 95-і ауылдарда тұрақтаған. Олардың 132-сі – жас маман. Өкінішке қарай, облыс орталығынан – 140, елді мекендерден 78 дәрігер басқа жақтарға қоныс аударған. Зейнет жасына жетуі, жекеменшік емдеу мекемелеріне ауысуы, тағы басқа себептерге байланысты 41 маман жұмыстан кеткен. Бүгінде зейнет жасына жеткен медицина қызметкерлерінің үлесі – 11 пайыз.
Облыс әкімі жиналғандардың назарын жоғары білімді мамандардың жағдайын жақсартудың маңыздылығына, бұл бағыттағы кешенді шараларды күшейтуге аударды. Сондай-ақ Ресейдің көрші облыстарынан білікті дәрігерлерді шақырту қажеттігіне тоқталды. Қанша дәрігер керек екендігі жайлы толық ақпарат алынып, мәселе жан-жақты зерделенгеннен кейін облыстық мәслихаттың алдына біржолғы төлемақыны көбейту мәселесі қойылатын болады.
– Кейбір денсаулық сақтау мекемелерінде заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Керісінше, аудандарда медициналық қондырғылар жетпейді. Денсаулық сақтау саласының басшылығы 10 күннің ішінде түйткілді мәселелерді анықтап, кешенді жоспар әзірлеуі тиіс, – деді әкімдік отырысын қорытындылаған Айдарбек Сейпілұлы.
Алтынай ҚАЗИҚАНОВА.