«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?”

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Биыл қасиетті Қызылжар топырағында дүниеге келіп, ғұмы­рын алаш жұртының бақытына, Тәуелсіздігіне арнаған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толады.

Өткен ғасырдың отызыншы жыл­да­ры “Мен қазақпын” деп тайсал­май, жүректі кернеген мақтанышпен айта алатын ұлттық элита түгелдей дерлік қуғындалып, мұның аяғы отыз жетінің ойранына ұласты емес пе! Жазықсыз жапа шеккендердің қатарында Мағжан ақын да болды. 1937 жылы “халық жауы” деп таны­лып, атылған ардақты перзентімен халқымыз азаттық таңы рауандап атқан уақытта ғана қайта қауышты.

“Мағжан – алдымен, сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей “тілге жұм­сақ, жүрекке жылы” тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақын­дарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегі­нен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады”, деп жазушы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ақынның асыл жырлары топтасты­рылған кітаптарды парақтай баста­ған­да көңілің толқып, жаның жады­рай салатыны жалған емес. Осын­дай әсерлі сезімді облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталағының маман­дары қолға алған Мағжан өлеңдерін оқу челленджі барысында тағы бір мәрте басымыздан кешіргендей бол­дық. Өңіріміздің жас ақындары Мағ­жан Жұмабаевтың “Мен кім?” өлеңін нақышына келтіріп оқуды жөн кө­ріпті.

“Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген,

Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?”, – деп өрілетін өлеңді айтыс ақындары Жарқын Жұпархан, Хаб­долла Бейісхан, Қазақстан Жазушы­лар одағының мүшелері Аманжол Зағыпар, Күлайхан Рахмет пен өзім де оқып, бұл челленджді ары қарай жалғастыру үшін оны облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Дос­бол Әбдірейісовке, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылы­ми-әмбебап кітапханасының директо­ры, ақын Қуаныш Оспанға және Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, ақын Жарқынбек Аман­тайұлына жолдадық. Жыл басында қолға алынған бұл челленджге Қа­зақстанның барлық аймағының ақын-жазушылары үн қосып, ұлты­ның мамыражай заманға жетуін ті­леген, соған шынайы иланған үркер­дей топтың ішінде дараланған Мағ­жан ақынның шынардай шумақтары әр көкіректе айрықша сәуле шаша­тынына сенеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp