Көшпенді қазақ жұрты итті жеті қазынаның біріне балап, мал-жанды қорғаушы әрі сенімді серігі ретінде бағалаған. Ал құмай тазыны иттің төресі санап, тек аңшылыққа, сал-серілікке пайдаланған. Тазы ит дегенде көз алдымызға қолында қыран бүркіті бар, желкесі тоқпақтай, сауырына қазан төңкергендей жарау атқа мініп, түлкі тымақ, қасқыр ішік киген қара мұртты, қапсағай денелі аңшы елестейтіні рас. Яғни басқа иттерге қарағанда тазы құрметті саналған. Өйткені ол көп нәрсені байқағыш келеді екен, мәселен, үйге келген жолаушының жаман немесе жақсы ниеті бар екенін сезіп қоятын болған. Ұры-қарыға қас, бала-шағаға тиіспейтін, таза аспен қоректенетін, сабырлы, байсалды ит. Осындай ерекшелікке ие жеті қазынаның бірінің бүгінде саны азайып, тұқымы құрып бара жатқаны ойландырады. Керісінше, қазір бұралқы иттер көбейген. Ата-бабамыз қадір тұтқан тазы тұқымының жойылып кетпеуі үшін тездетіп шара қабылдау керектігін ескерткен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты министрлікке тапсырма бергені есімізде. Бұл бастаманы қолдап, таза қанды тазы асырауды қолға алғандар болғанымен, оған жеткілікті жағдай мен күтім керегі қолбайлау сияқты. Бұдан бөлек, Халықаралық кинологиялық орталықта тазы мен төбеттің шыққан елі Қазақстан екенін дәлелдеу де маңызды.
“Тазы” сөзі парсы тілінен аударғанда “епті”, “шапшаң” деген мағынаны білдіреді екен. Аңшылар қазақ тазысын бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкір, құлағы делдең, жоны дөңес, мойны қысқа, жауырыны жалпақ, кеудесі кең, салқы төс, қарны қабысқан, аяқтары сіңірлі, табаны жалпақ деген теңеулермен сипаттайды. Аса алымды тазыны жамбас етінің сыртынан қарағанда білеуленіп тұратынына және аяғын тік басатынына қарап білген. Құйрығы шашақты, жіңішке әрі ұшына дейін сүйегі болмаса оны аңшылар “ою құйрық” деп атаған. Мұндай тазының аңшылық кезіндегі қимылы тез, бұрылғанда, жүгіргенде, әсіресе екпін алғанда құйрығы үлкен рөл атқаратыны көрінеді. Тазының құйрығы артқы тірсегін соғып тұрса, ол жақсы тұқымнан деп саналған.
Кәнігі аңшылардың бұл сөзін “Арғымақ” ұлттық ат спорты клубының жаттықтырушы, тазы ұстап, жүйрік ат баптайтын қызылжарлық Санат Есмағұлов та растайды. Оның сөзінше, құйрығы қамшы тектес жіңішке тазы “қамшықұйрық” деп аталады. Мұндай тазының құйрығының ұшында сүйек болмайтындықтан құйрығы иірленіп, көтеріліп тұрады. Бұл тайған тұқымдас тазыларға да тән. Қырғыздар алғыр тазыларын күні бүгінге дейін “тайған” деп атайтыны да бекер емес. Бұл тұқым өте алғыр келеді, таулы жерде көрген аңын ұстамай тынбайтын қасиетке ие.
Тазы талғампаз келеді, кез келген тамақты жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейді. Үйретіп баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Аңшылар тазыны күшігінен үйреткен дұрыс екенін айтады. Себебі бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгілер біліне бастайды. Алдымен қарғыбауға, одан кейін жетекке дағдыландырады. Көп жағдайда түлкінің құйрығымен ойнатып, оны ұстауға үйреткен абзал. Ең бастысы, иесін тастап кетпейтін, үнемі иесінің маңында жүретіндей етіп баулып, әртүрлі бұйрықтарды мүлтіксіз орындайтындай қылу керек. Тазыны үйрету он айға жуық жалғасқаннан кейін оны аңға ауыздандыру басталады. Ол үшін бұрыннан аң ұстап үйренген кәнігі тазыларға қосып жіберген абзал.
Жалпы қазақта тазыны баулудың қатып қалған қағидасы жоқ. Дейтұрғанмен, малды ауылдың адамдары тазыны жасынан малға үйірсек етеді. Тазының бір ерекшелігі бабына жылдам келеді.
Санат Серікұлы тазыны баптауға қар түсерден бір ай бұрын кіріседі екен. Жыл сайын дәл бір мезгілде қайырып, баптап үйреткен тазы уақыты келгенде өзі-ақ бабын сақтап, аңшылыққа дайындала бастайды. Оны әуелі ауыл маңына жүгіртіп, бұлшық еттерін дамытып, сіңірін созады. Күн өткен сайын ауылдан алысқа алып шығып, жүгіртіп, шынықтырады. Қайыру жаттығуы кезінде тазыға тамақты денесі суыған соң, яғни бір сағаттан соң береді.
Осылай бір апта жүгіртіп, тынысын ашады. Егер тазы жүгіріп келген соң табаны ысып тұрса, бұл жақсылықтың нышаны емес. Бұл – тазының ішінде май бар деген сөз. Ондай жағдайда итті күн аралата жүгіртіп, жүдетеді. Күн райы тым суық болмаса, даланың ағынды суына шомылдырған дұрыс.
– Таза ит тұқымын бағуға бала күнімнен қызығамын. Жеті қазынаның ішіндегі ең қадірлісі болғаннан кейін қалада тұрсақ та, тазы ұстап отырған жайым бар. Үнемі атқа ертіп, аңға салмасам да, сұлу мүсініне қарап отырудың өзі қандай ғанибет!? Балаларым сұлулыққа көз сүйсіндіріп, көңіл тоқтатып өссе жаман болмайды, бұл тектілікке бір табан жақындатады. Өткен жылы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Көкалажар ауылының тұрғынынан екі тазының күшігін сатып алдым, енді бауырын көтерген күшіктердің біреуін әлдекімдер ұрлап кетті. Қанша іздесем де таппадым. Және ешқандай құжаты да жоқ еді. Сондықтан тазы итке ресми түрде құжат берілуін сұраймын. Арнайы рұқсат алмағандықтан, аңшылыққа да шыға алмаймыз, – дейді Санат Серікұлы.
Таза қанды тазы тұқымдарына құжат беру мәселесі туралы білмек болып Қызылжар аудандық ветеринария стансасының басшысы Ербол Багенов мырзаға хабарластық. Ол бізде тазы иттерге құжат рәсімдеу жағы әлі қолға алынбағанын, үстіміздегі жылы бұл түйткіл нақты шешімін табатынын жеткізді. Оның сөзінше, бізде қазір иттің таза қанды тазы немесе аралас тұқымнан екенін ажырататын мамандар жоқ.
Аққайың ауданының Аралағаш ауылының тумасы ертеректе ауылдық жерде тазы иттердің көп болғанын, қазір бірлі-екілі адамдарда ғана қалғанын қынжыла жеткізді. Ит ертіп жүргені үшін кейбір ауыл тұрғындары тарапынан арыз да түсіпті. Олар тазы адам қаппайтынын білмейтін болса керек. Ал кейбір ветеринар мамандар мен құқық қорғаушылар көшеде жүрген тазыны қаңғыбас иттерден ажырата алмай, атып тастайтын кездер де болған екен.
Санат Есмағұлов қала маңында тазы ертіп жүруге жағдай бола бермейтіндіктен итін көлікке отырғызып, шаһардың шетіне апарып бір сағаттай жүгіртіп алатын көрінеді. Бірақ алаңдайтын тұстары да жоқ емес, ит болғасын көзіне көрінген аңға жүгіретіні белгілі. Ал оған елікке тиіспе, қоян мен түлкіні ғана ұста деп айтып отырмайсың ғой. Егерде елікті жазым етсе, иттің иесі жауапқа тартылады.
Қазақ баласы үшін жүйрік ат, қыран бүркіт пен құмай тазының орны бөлек. Қазір ауылда ат, ит баптағанды жаны сүйетіндер азайған, көбі оны артық әурешілікке балайды. Әр ауылда аңшылыққа әуес жігіттер болғанымен, тұрақты айналысатын, оған жан-тәнімен берілген азаматтарды табу қиын. Шашасына шаң жұқпайтын жүйрік ат та, қашқан аңның адымын аштырмайтын құмай тазы да босағаға бітетінін жақсы білетін Санат Серікұлы әңгіме арасында басынан өткен бір келеңсіз жағдаймен бөлісті. Көшеде ит жүгіртіп, серуендетіп жүрген оны тәртіп сақшысы тоқтатып, итке тұмылдырық тақпағаны үшін айыппұл салмақшы болыпты. “Бұл – тазы иттің тұқымы, адамды қаппайды” дегеніне көнбепті. Абырой болғанда, қасындағы әріптесі қазақ ауылынан екен, сол әңгімеге араласып, тазы иттің адамға залалы жоқ екенін түсіндіргеннен кейін ғана райынан қайтыпты.
“Тазыңды, жұртым, дұрыс бағалашы!
Асыл тек, таза нәсіл – баламасы.
Сол иттің арқасында киімі мен
Табылған ертеректе қазақ асы”, – деп журналист әрі ақын Еркеғали Бейсенов жырға қосқандай құмай тазының қадіріне қашан жетер екенбіз?