Диас Аяған
И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада Құнанбай Жахинның жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді. Өлең кешіне қолына қалам ұстаған жандар, ақынның жерлестері, туған-туыстары және жырсүйер қауым жиналды.
Шара барысында кітап авторының өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, жастар өлеңдерін оқыды. Мезгілсіз дүниеден өткен Құнанбай Жахинды үзеңгілес достары ұмыт қалдырмай, 60 жылдық мерейтойына орай шығармаларын жинақтап, “Өмірді өлеңмен өлшегем…” атты кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген. Жинақты құрастыруға атсалысқан Қуаныш Жахинның айтуынша, мұнда автордың 200-ден астам өлеңі жинақталған. Олардың тақырыбы да, жанрлық ерекшеліктері де әрқилы. Жырларының көбіне автор туған жерін, айналадағы өмір құбылыстарын, адамгершілік құндылықтарды арқау еткен.
– Мұндағы өлеңдерді қарап отырсақ Құнанбай поэзиясының негізгі өзегі туған жерге деген махаббат екенін көреміз. Осы сезім оған қанат бітіріп, өлең әлеміне жол ашқан. Бұл жырлар жерлестерінің, жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін оята береді. Өкінішке қарай, оның ғұмыры қысқа болып, бар дарынын көрсете алған жоқ. Сонда да бойдағы барын беріп кетуге тырысып, бір сәтке де қаламын қолынан тастамағанын байқадық, – дейді кеште сөз алған жазушы, журналист Жақсыбай Самрат.
Бұдан бөлек, шара барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин, ақын Марал Оспанова, қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедуали Испанов ақынның жақындары, ауылдастары жүрекжарды лебіздерін білдірді. Тұсауы кесілген “Өмірді өлеңмен өлшегем…” кітабы шараға келген жырсүйер қауым мен кітапхана қорына сыйға тартылды.