«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАСАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр 1 наурызда еліміздің бас партиясының атауы “Amanat” деп өзгертілді. Ребрендинг тек маң­дайшадағы жазуды ауыстыру ғана емес, сонымен қатар партия­ның жұмыс моделін, оның құрылы­мын түбегейлі қайта құру жолында­ғы маңызды қадам болып есепте­леді. Форумда сөйлеген сөзінде Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев партия­ның келешегі туралы айта келіп, Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі ауқымды міндеттерді ойдағыдай орындау үшін алдағы мақсат-міндет­терді айқындап алу жолдарына тоқталды. “Партия барлық рефор­маға ұйытқы болуға тиіс. Бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партия­ны жаңғырту. Бұл – уақыт талабы. Ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет”, – деген Мемлекет басшысы орталық ап­параттың филиалдармен және бас­тауыш партия ұйымдарымен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарауға, атап айтқанда, ай­мақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдар өздігінен жұмыс істеуге, орталық аппарат нұсқаушылық жә­не “қолмен” басқару тәжірибесінен арылуға, оның міндеті жалпы пар­тиялық бағыт беру, әдістемелік жә­не идеологиялық қолдауды қамта­масыз ету, кадрларды оқыту, жүйе­лік проблемаларды талдау екенін атап көрсетіп, сенім мен ынты­мақ­тастыққа негізделген жаңа өзара қа­рым-қатынас мәдениетін орнықты­ру қажеттігіне назар аударды. Ал Президенттің партия төрағасы ре­тін­де өкілеттігін тоқтатып, саяси ұйым қатарынан шығу туралы ше­шімі барлық саланы түбегейлі мо­нополиядан арылтудың саяси үде­рісі ретінде қабылданды. Мұндай ұстаным саяси жүйеде тең мүмкін­дікке, әділдіктің орнауына жол ашып, халықтың билікке деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.

Озық ой мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің, халықтың пі­кірі мен ел мүддесін әрдайым ес­керетін беделді саяси ұйым ретінде ірге бекіткен “Amanat” партиясы демократиялы, теңгерімді саяси жүйе құру жолында батыл қадамдар жасап, әкімшілік ресурстарсыз-ақ заманауи талаптарға бейімделуге, саяси құрылымы мен парадигмасын жаңғыртуға, ұстанған позициясын күшейтуге болатынын барлық дең­гейде көрсете бастады. Бұл ретте, алдымен, қатары сапалық жағынан нығайып келе жатқан бастауыш партия ұйымдары негізгі тірек, бас­ты күш саналады. Аудан бойынша 2 мыңға жуық мүше 19 бастауыш партия ұйымына біріккен. Төменгі буын күнделікті қызметін ашықтық­қа, кері байланысқа құра отырып, ел­ді мекендерде қоғамдық қабылдау­лар ұйымдастыру арқылы жұртшы­лықты мейлінше толғандыратын әлеуметтік мәселелерге үңілу, ұтым­ды ұсыныстар мен пікірлерді елеусіз қалдырмау тәжірибесіне бет бұрды. Нақты істерге көбірек назар аударылып, қоғамдық-саяси және идеологиялық шаралардың мазмұ­ны толықтырылып, әдіс-тәсілдері жетілдіріліп, бастамалар қолдау тауып отырады.

Филиалдың жуырда өткен есеп-беру конференциясында алдағы міндеттер, партиялық қадағалауды күшейтудің жолдары нақтыланды. Халық пен биліктің арасындағы өзара берік қарым-қатынасты ны­ғай­тудың оңтайлы бір құралы ре­тінде қоғамдық қабылдаудың жұмы­сы жандандырылып, сервистік тә­сіл­дер енгізілді. Нәтижесінде мәсе­лелер ашық талқыланып, тезірек шешімін табатын болды. Партиялық бақылау комиссиясы және филиал жанындағы 4 қоғамдық кеңес тара­пынан сайлауалды уәделердің іске асырылу барысына жүйелі түрде сараптама жасалып, сапалық көр­сеткіштер негізге алынды. Алдағы уақытта да тікелей диалогты жал­ғас­тырып, проблемаларды шешуде барлық мүдделі құрылымдардың іс-қимылдары үйлестірілетін болады.

Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар әлеуметтік-экономикалық мәселелермен тығыз байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Мысалы, “Жер амана­ты” және “Ауыл аманаты” партиялық жобаларының мәні айрықша. Өткен референдумда Конституцияның алтыншы бабына енгізілген нормаға сәйкес, заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті қойылды. Филиалдың, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірлесе әрекет етуімен мемлекеттік меншікке 71,2 мың гектар жер телімі өткізілді. Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы шеңберінде уәлихановтықтар да жылдық өсімі 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алуға, кооператив құруға және техниканы лизинг арқылы рәсімдеуге, сөйтіп, табысын артты­рып, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.

“Бақытты отбасы”, “Ардагер­лерді ардақтайық”, “Кедергісіз келе­шек”, “Ұлттық мұра” партиялық жо­балары көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды, аға буын өкілдерін, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдауға, ұлттық мәдени және ру­хани құндылықтарды сақтауға ба­ғыт­талған. Жол картасында бел­гі­ленген іс-шараларды орындау ая­сында баспана жайын шешуде жү­йелі жұмыстар жүргізілді. Кішке­некөл ауылында 11,5 шақырым кө­ше жолдары қалпына келтіріліп, қанағаттанарлық жағдайдағылар үлесі 72 пайызды құрады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын­дағы бірқатар оң өзгерістерге қа­рамастан, 2022 жылдың қорытын­дысы бойынша сайлауалды бағдар­ламаға енген 8 көрсеткіш орындал­мады. Оның басты себебі – қаржы­ландырудың жеткіліксіздігіне, құры­лыс материалдарының қымбат­та­уына келіп тіреледі. Сайлауалды бағ­дарламаның іске асырылуына пар­тиялық бақылаудың, қоғамдық мо­ниторинг жүргізудің ықпалы арт­ты. Оған – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрілік препараттар ор­налас­қан 83 нысанның тексерілуі дәлел.

Партияның XXIV съезінде жаңа саяси платформаның қабылдануы маңызды саяси оқиғалардың бірі бо­лып, адам, қоғам және мемлекет мүд­делерінің тепе-теңдігіне қатыс­ты негізгі принциптер белгіленді. Біз өз жұмысымызда онда айқындалған қағидаттарды басшылыққа ала оты­рып, адам құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауда жедел әрекет етіп, тиімді шешімдер ұсынып келеміз.

Еліміздің қоғамдық-саяси өмі­рінде өскелең ұрпақтың рөлін кү­шейту – партияның негізгі басым­дық­тықтарының бірі болып табы­лады. Әсіресе ауыл жастарының сауаттылығын арттырып, оларға “әлеуметтік лифт” қалыптастыру өте маңызды. Партия форумының бі­рінде жастар қанатында 100 мыңнан астам мүше бола тұра, осынау телегей-теңіз ресурстың толық пай­даланылмай отырғаны орынды сын­ға алынған болатын. Шын ниетімен қоғамдық жұмыстарға араласқысы келетін, көшбасшылық қасиеттерге ие жастар қаладан орын таппайды, ауылға келгілері келмейді. Тіпті араларында жүзеге асырылып жат­қан озық жобаларды білмейтіндері де бар. Өз басым Президенттің жас­тарды техникалық мамандықтарға баулу керек деген ұсынысын қол­даймын. Шаруашы­лықтарда меха­ни­заторлар, инже­нер­лер, механик­тер жетіспейді. Оның тапшылығы көк­темгі, күзгі науқан кездерінде ай­рықша сезіледі. Осындай қат ма­мандықтарды даяр­лау үшін жер­гілікті жерлерде кәсіптік-техникалық кол­ледждерді көбейту керек.

Ауданда “Жастар рухы” жастар қанатының қызметі қайта жаңғырып, 200-ге жуық белсендінің қолдауы­мен 60-тан астам іс-шара ұйымдас­тырылды. Олардың ішінде ең ау­қым­дылары – “Көше Fest”, “Жас­тарға кеңес, “Dombra Party”, сондай-ақ киелі жерлерге экспедициялар мен түрлі профилактикалық рейд­тер. Жастарымыз Қостанай облы­сында өрттен зардап шеккен отба­сыларға гуманитарлық көмек көр­сетуде де белсенділік танытты.

Қазақстанда алғаш рет ауылдық округ әкімдерін төте сайлаудың енгізілгеніне үшінші жыл. Бұл қадам ашық та әділ саяси бәсекелестіктің кепілі ретінде орнығып, саяси жү­йені құраушы институт ретінде та­нылған партия ұйымдарының да бел­сенді жұмыс істеуін жандандыр­ды. 7 ауылдық округте әкімдер сай­ланып, бәрінде біздің партия өкілдері жеңіске жетті. Олар бүгінде өздерін жақсы қырынан көрсетіп, ерінбей еңбек етіп келеді. Аудандық мәслихаттағы 10 депутаттың 9-ы – “Amanat” партиясының мүшесі. Депутаттық фракцияда да басым­дыққа ие. Партиялық құрылыс пен демократиялық өзгерістердің тө­мен­нен басталатынын ескерсек, қоғам­дық-саяси жұмыстар­дағы көшбас­шылар маңайына білікті жандарды шоғырландырудан ұтарымыз көп болмақ.

Мемлекет басшысының: “Пар­тия популизмге салынып, орын­далмайтын уәде бермеген жөн. Сонда Премьер-Министр мен ка­бинет мүшелерінен қажетті сандар­ды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адам­дардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Сайлаушылармен кері бай­ланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдау­лардың әлеуетін барынша пайда­лану қа­жет”, – деген тапсырмасы қоғамдық диалогқа, ашықтыққа, адамдардың қажеттіліктеріне ба­рынша ден қою­ды жүктейді. “Халық үніне құлақ аса­тын мемле­кет” тұжырымдамасы азаматтардың бар­лық сындарлы ұсыныстарына же­дел және тиімді жауап беруге көмектеседі. Осыған орай халықпен жұмыс істеудің тың форматына көше отырып, фракция мүшелерінің есептік кездесулерге міндетті түрде қатысу, жергілікті жерлерде болып жатқан барлық процестерге жіті араласу, өтініш-тілектерді жинақтап, тиісті орган­дарға ұсыну, уәде еткен міндетте­ме­лерді сөзсіз орындау бағыттары сараланды. Фракция мүшелері өт­кізген 59 қабылдауға 122 адам жү­гініп, 54 мәселе шешімін тапты. 68 өті­ніш бойынша түсініктеме берілді.

Қазақстанның саяси өмірінде аса маңызды тарихи міндеттер тұр. Соның бірі – аудан әкімдерін тікелей сайлау. Партияның міндеті бола­шақта азаматтардың сенімі мен қолдауына лайықты үміткерлерді ұсына отырып, жауапты науқанның ұтымды өтуіне белсене атсалысу. Екіншіден, саяси жаңғыртуды одан әрі жалғастыру және мемлекеттік басқаруға қабілетті кәсіби кадрлар әзірлеу. Үшіншіден, жаңа саяси жағ­дайда азаматтық қоғам институтта­рын – үкіметтік емес ұйымдар, қо­ғамдық қозғалыстар, саяси партия­лар, кәсіподақтардың рөлін нығай­ту. Ауыл және аудан әкімдерін, ау­дандық мәслихат депутаттырын тікелей сайлау, Парламент Мәжілісі, облыстық, облыстық маңызы бар аудандардың халық қалаулыларын аралас жүйе негізінде таңдау – мұның бәрі Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру жөніндегі стра­тегиялық реформаларының жүзеге асуына қызмет етпек.

Маржан ЛАТЫПОВА,

“Amanat” партиясы Уәлиханов аудандық филиалының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp