«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТІРЕГІ – ЖАСТАР

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Халық үмітін ақтап, ел ертеңін жарқын ету – бүгінгі жастардың алдына қойылып отырған басты мақсат. Жұртшылық жастардан жаңа бастамалар мен қарқынды істер күтеді. Мемлекет те жас ұрпақты назардан тыс қалдырған емес. Өткен жылғы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел Президенті: “Мен біздің жастарымыздың ұшқыр және озық ойлы екенін мақтан етемін. Сол себепті Мағжан ақынның “Мен жастарға сенемін” деген сөзін үнемі айтамын. Шын мәнінде, бәріміз жастарымызды қолдауымыз керек. Өйткені өскелең ұрпақ қана елімізді жарқын болашаққа бастайды. Бірақ жастар жетістікке жету үшін көп еңбектенуі керек. Жаңа білім алуға, тың тәжірибе жинауға ұмтылған жөн. Сонда жастарымыз өз кәсібінің хас шебері атанады. Әрдайым сұранысқа ие болады, қоғамда сыйлы болады. Міне, осылай өмір сүрген адам ешқашан, ештеңеден ұтылмайды”, – дей келе ел дамуындағы жас буынның алар орнын атап көрсеткен еді. Ал сол жастарымыз өзгерістер мен жаңа қадамдарға қаншалықты дайын, олардың алдында тұрған кедергілерді қалай еңсереміз? Осы және өзге де сауалдарға жауап бермек болып, жастар ұйымдарының өкілдері мен белсенді жандардың пікірлерін “Дөңгелек үстел” басында айдарымен оқырманға ұсынып отырмыз. Оған “Amanat” партиясы жанындағы “Жастар рухы” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Біржан Құдайберген, қалалық жастар ресурстық орталығының жастар ісі бойынша нұсқаушысы Әлфараби Мыңбай, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті студенттермен жұмыс комитетінің төрайымы Бекзат Латыпова мен студент Ерлан Жұмахан қатысты.

– Халқымыз да, мемлекет те жастарға қолдау көрсетіп, үлкен үміт күтеді. Ал бүгінгі жастар өздеріне артылған жауапкершілікті қаншалықты түсініп, қоғам өміріне белсенді араласып жүр?

Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕН:

– Мемлекет мүмкіндіктер беріп, халық сеніп отырғаннан кейін қарап қалмауымыз керек. “Жас келсе – іске!” дегендей, бойда күш-жігер барда біраз белеске жетуге болады. Аянбай еңбек еткен жандар жетістікке де жетеді, халқының сүйіспеншілігіне де бөленеді. Елімізде бұған мысал болар белгілі тұлғалар көп.

Жыл өткен сайын жастарымыздың белсенділігі артып келе жатқанын байқап отырмын. Азаматтық белсенділік, әсіресе сайлау кезінде көрінді. Олар өздеріне жүктелген сенімді арқалай отыра еліміздің дамуына аз да болсын үлестерін қосуға тырысады. Бастысы, осының бәрін шын көңілден, Отанға деген риясыз махаббатпен істеулері керек.

Әлфараби МЫҢБАЙ:

– Президентіміз қай кезде де ел жастарын назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысы бұл жастағы азаматтарды қолдау керек екенін халыққа арнаған соңғы Жолдауында да айтып өтті. Мұны күні кеше жаңадан министрлерді тағайындағанда да көрдік. Бұрын жастар санатына 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар кірсе, 1 қаңтардан бастап 35 жасқа дейін көтерілді. Яғни 6 миллионға жуық азамат жас деп танылатын болады. Жастар қаншалықты еңбекқор деген сұраққа біржақты жауап беруге болмайды. Көрсетіліп жатқан қолдауға қарамастан өзгерістерден шет қалатындар да, талабымен көзге түсіп жататындар да бар.

Бекзат ЛАТЫПОВА:

– Мен қазіргі студенттеріміздің бойынан отансүйгіштікті, еліне деген жанашырлықты байқаймын. Оған оқу орнының қабырғасында өтетін шаралар барысында куә болып жүрмін. Өзім жетекшілік ететін студенттер мен жұмыс комитетінің құрамында 70-ке жуық белсенді студент бар. Ал университетте жалпы саны жарты мың жас түрлі ұйымдарға мүше болып, ерікті ретінде айналасына жәрдем беріп, ғылыммен, шығармашылықпен айналысып келеді. Қазіргі замандастарым үнемі еңбек етіп, елімізге пайдалы іс істеуге ұмтылады. Біз сияқты ұйымдар оларға тұлға болу үшін бағыт беріп, тәжірибе жинауға, қажетті дағдыларды дамытуға септеседі. Былтыр өткен Президент сайлауында да студенттеріміз азаматтық позицияларын көрсетіп, өз үміткерлері үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ондай белсенді жандардың еңбегі еленіп, марапатталып жататын кездер де аз емес.

Ерлан ЖҰМАХАН:

– Мен болашақта ерінбей жұмыс істейтін, білімді, отансүйгіш тұлға болу керек екенімді терең түсінемін. Мен ғана емес, қатарластарыма да ата-аналары, мұғалімдері үлкен үміт артады. Біз егемендік жылдары туып-өскен ұрпақ болғандықтан, халықтың осылайша келелі істер күтуі заңды. Мен осы үміттің үдесінен шығып, ел мерейін асырып жүрген көп адамды білемін. Отанның адал азаматы болу үшін біліммен қатар мінез, ұлтқа деген сүйіспеншілік, талап керек. Қатарластарымның бойында осы қасиеттер көрініс тапса деймін. Өзгерістер мен жаңалықтарға ең алдымен бейімделетін жастар болуы тиіс. Меніңше, жаңа буынның өз мүмкіндіктерін көрсетіп, әлеуетін толық ашатын кез әлі алда. Оған болашақта бәріміз куә боламыз.

–Бүгінде қоғамнан тыс қалып, бейтарап өмір сүретіндердің қатары артуда. Әсіресе жұмыс істемей, білім алмай қол қусырып отыратындардың ертеңі алаңдатады. Айналасына енжар қарайтын жастардың көбеюінің себебі неде?

Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕН:

– Бұл – ерекше қарастыруды қажет етіп отырған сауалдардың бірі. Жұмыссыз, бос жүрген жандардан бөлек, бас бостандығынан айыру мекемелерінен шығып өз орнын таппай жүргендер қаншама. Олардың жұмыс табуы да қиын. Бұл мәселеде бар кемшілікті жастар саясатына сілтей салуға болмайды. Осыны кей жастарға түсіндіру өте қиын болып жатады. Мұның алдын алу үшін жастар қанатынан бөлек, көптеген орталықтар мен ұйымдар жұмыс істеп, бірқатар шаралар өткізіп келеді. Бұл да болсын белсенді жастардың көбеюіне өз үлесін қосуда. Тек адамдар жаңалықтарға құлақ түріп, берілетін жәрдемақылар, жеңілдетілген несиелер, гранттарды тиімі пайдалана алса дейміз. Осыған орай жастар қанаты “Жастарға кеңес” атты жобаны қолға алып отыр. Ондағы басты мақсат – жұмыссыз жүрген жандарға кеңес беріп, табыс табуға, қоғам ісіне араласуға көмектесу. Кез келген оқушы, студент өздерін алаңдатып жүрген сұрақтың жауабын сол жерден таба алады. Жоба аясында психолог, заңгерлер және депутаттар қабылдау өткізеді. Өкінішке қарай, ер балалар Отан алдындағы өз борышына салғырт қарайды. Жұмыс істемегеннен бөлек, әскерге баруға да құлықсыз. Сондықтан біз өткен жылы “Қайсар” жобасын қолға алдық. Жоба арқылы мектеп, колледждердегі ер балалармен кездесулер, байқаулар өткіземіз, жасөспірімдерді Әскери академияға, әскери бөлімдерге апарып ондағы өмірмен таныстырамыз.

Әлфараби МЫҢБАЙ:

– Жас буынның қоғам өміріне белсене араласпауының басты себебі – әлеуметтік желілер. Олардың күндізгі уақытының көбі виртуалды әлемде өтуде. Онда отырған адам ортадан алшақтай бастайды. Сондықтан да мұндайлардың қоғамдық белсенділігі төмен болады. Ал оқуы да жұмысы да жоқ NEET санатындағыларға келетін болсақ, өткен жылғы деректерге сүйенсек, олардың қаламыздағы үлесі –1,5 пайыз. Биыл NEET санатындағы жастарға қатысты арнайы заң қабылданып отыр. Соған сай біздің алдағы жұмысымыз да жаңа бағытта жүрмек.

Бекзат ЛАТЫПОВА:

– Ондай жастардың бары расында жасырын емес. Меніңше, қазіргі жас ұрпақтың көбі тұйық. Олар түрлі ұйымдарға, іс-шараларға қызығушылық танытпайды. Қызыққан күннің өзінде онда баруға, қалаған ісімен айналысуға батылы жете бермейді. Сондықтан жастармен жүйелі жұмыс істеп, жаңа ортаға тарту керек. Былайша айтқанда, олардың “белсенділік тетігін” баса алсақ, әрі қарай өздері де тың идеялар ұсынып, бастама көтере бастайды. Кей студенттер жеке тілдесуді, түсіндіруді қажет етеді. “Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, мұндайда алғашқы қадамға біз сияқты ұйымдар барса, талапты жастардың көп екенін аңғарамыз. Егер студенттердің өздерінің алдымызға келгенін күтсек, уақыттан ұтылып, мүмкіндікті жіберіп алуымыз мүмкін.

Өзім оқу жылының басында Астана қаласындағы ұйым төрағаларына арналған курста білім алдым. Одан келгеннен кейін көрген-білгенімді басқалармен де бөлістім. Жастардың жігерін оятуда аталған курстардың да берері мол деп білемін.

Ерлан ЖҰМАХАН:

– Белсенділігі аз, енжар жастардың шығуы тәрбиеге барып тіреледі. Өкінішке қарай, еркін өскен ұл-қыздар өз мүддесін басқалардан биік қоюға бейім. Сондықтан да олар қоғамға қажет болса да, өзіне пайдасы жоқ іспен айналысқысы келмейді. Шын мәнінде, ұлттық мүдде біз үшін бәрінен биік тұруы керек еді. Жеңіл ақша, жайлы өмірге құмартқандар айналасын ұмыта бастайды. Білімді тек жұмыс істеу үшін, жұмысты тек күн көру үшін істеуге болмайды. Жастардың алған білімі де, еткен қызметі де тек өзіне емес, елге пайдалы болу керек. Егер ұлттық тәрбиемізді шегендесек, еңбекқор, жалынды жастарымыздың қатары артары сөзсіз.

– Жастарға жолдаған үндеуінде Президент бүгінгі ұрпақтың бойында терең білім, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттер болу керек екенін айтты. Аталған қасиеттерді адам бойына сіңіретін ең алдымен университет пен колледждер екені мәлім. Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулудағы оқу орындарындағы тәрбие жұмысына көңіліңіз тола ма?

Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕН:

– Мен 2013-2017 жылдар аралығында жергілікті университет қабырғасында білім алдым. Содан бері онда бірқатар өзгерістер орын алды. Студенттер де, олармен жұмыс істеу тәсілдері де бұрынғыдай емес екенін байқап жүрміз. Білім орындарында тәрбиеге жауапты департаменттер мен бөлімдер бар. Өкінішке қарай, онда келеңсіз жайттар да орын алып жатады. Өз кезегімізде біз де олармен ынтымақтасып, түрлі рухани, мәдени шаралар ұйымастыруға атсалысамыз.

Әлфараби МЫҢБАЙ:

– Қазіргі студенттерді алып қарасақ, олардың бәрі бірдей емес. Ондағылар әлеуметтік жағдайына, шыққан ортасына қарай әртүрлі мінезімен, әрекетімен көрініп жатады. Студенттермен еліміздегі жастар ресурстық орталықтары да белсенді жұмыс істеуде. Өткен жылдары ерікті жастардың қатары артқанына куә болдық. Студент тек өзі оқитын орынмен шектеліп қалмай, басқа ұйымдармен де қарым-қатынаста болуы керек. Бұл ретте көп нәрсе сондағы басшылыққа, тәрбие жұмысына жауапты мамандарға да байланысты. Егер 5 балдық өлшеммен алсақ, ондағы жұмыстарға “4” деген баға қоятын едім.

Бекзат ЛАТЫПОВА:

–Университетімізде жастарға арналған түрлі деңгейдегі мәнді, мағыналы шаралар өтіп тұрады. Қазіргі студенттердің қалауы да қызығушылығы да әртүрлі ғой. Жұмысты олардың бәріне ұнайтындай етіп үйлестіру мүмкін емес. Сонда да біз студенттермен жұмыс барысында әр бағытты қамтуға тырысамыз. Спорт та, шығармашылық та, ғылым да, ойын-сауық та назардан тыс қалмайды. Оқу орындарында өткен кей шараларды сынайтындар да бар. Олардың айтуынша, біз ойын-сауыққа басымдық береді екенбіз. Алайда бұл адамдар заман талабын ескермейді. Түрлі мерекелерді атап өту, көңілді кештер өткізу де жастардың белсенділігін арттырып, жаңа орта қалыптастырудың бір жолы ғой. Бұдан бөлек, қайырымдылық кештерін, кинокөрсетілімдерді де қолға алдық. Одан жиналған қаражат мұқтаж жандарға табысталады.

Білім алушылардың өздеріне келсек, олардың ішінде болашағынан үміт күттіретіндерін көріп қуанып қаламын. Кейбірі ерікті болып, кейбірі үлкен додаларда өңір намысын қорғап жүр. Уақыттың тығыздығына қарамастан табыс тауып, тәжірибе жинақтап, жұмыс істейтіндері де көп. Меніңше, келешекте олар биік жетістіктерге жетіп, халқына қалаулы азамат болады. Ал қалғандары да бос жүрмей осы қатарластарынан үлгі алып, әрекет етсін деп тілейміз.

Ерлан ЖҰМАХАН:

– Иә, оқу орындары тек білім берумен айналыспай, тәрбие беріп, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, қабілетін шыңдайтын орын болуы тиіс. Тәрбие жұмысының да көптеген бағыттары бар ғой. Ондағы мамандар бір уақытта жастармен адамгершілік құндылықтар, мемлекеттік бағдарламалар, бос уақытты пайдалы өткізу, мәдениет, спорт, білім алушылардың психологиялық жағдайы бойынша жұмыс істеуі керек. Ал іс жүзінде осының бірі орындалса, бірі кенже қалып жатады. Мысалы, өзім оқитын оқу орнында рухани, мәдени шаралар сирек өткізіледі. Әрине, маған да ондағы қызықты сайыстарға, ойындарға, кештерге бару ұнайды. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды деп ойлаймын. Әрі студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру да – үлкен мәселе. Ондағы жастарға арналған үйірмелер жылдан-жылға жабылып, қысқарып келеді. Сабақтан тыс кезде не істерін білмегендердің көбі пайдасыз іске бой ұрып, опық жеп жатады.

–Талапты жастардың қарқынды еңбек етіп, жетістікке жету жолында қандай кедергілер бар, оларды қалай еңсереміз?

Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕН:

– Шынымен де елім, жерім дейтін жанашыр жандар өте көп. Соған қарамастан, жастарымыздың алдында тұрған ең басты 3 мәселе бар. Олар – сапалы білім алу, жұмыссыздық, және баспана. Бұған қосымша азаматтық белсенділік пен бос уақытты тиімді өткізуді де атауға болады. Оны шешу үшін жыл сайын қаржы бөлініп, бағдарламалар іске қосылғанымен, кедергілерді толық еңсердік деуге әлі ерте. Қарапайым диплом алып шыққан түлек екі қолға бір күрек іздеп сарсаңға түседі. Жұмыс табылса, лайықты баспана таппай қиналады. Кейіннен отбасы құру да оңайға соқпайды. Сондықтан да мемлекет осы 5 кедергіні назарда ұстап, кешенді шаралар қабылдауы керек. Оған белсенді жастар да өз үлестерін қосады деп сенемін.

Әлфараби МЫҢБАЙ:

– Мұндай кедергілерді алыстан іздеудің керегі жоқ. Жастар кемшілікті алдымен өз бойынан іздеуі тиіс. Олардың бүгінгі күнгі ең басты кемшілігі – өздеріне есеп бермейді, күндерін жоспарлай алмайды. Бос уақытымызды пайдасыз өткізіп аламыз. Ал өзге түйткілдерге келсек, осыған дейін 29 жастан асқандар түрлі жобалар мен жеңілдіктерден тыс қалып келді. Олар жұмысқа тұруда, пәтер алуда кедергілерге жиі кездесетін. Енді жас санаты 35 жасқа дейін болғандықтан, арнайы бағдарламалардың шарапатын көретіндер саны артады деп ойлаймын.

Бекзат ЛАТЫПОВА:

– Бұл орайда мен белсенді студенттерді қолдау мәселесіне тоқталар едім. Кейде жаңа жобаны қолға алған студенттер, түрлі ұйымдарда кедергілерге кездеседі. Олардың өз ойларын жүзеге асыруға оқу орындарындағы ережелер мүмкіндік бермейді. Кейде жастар ұйымдарына берілетін көмек жеткіліксіз болып жатады. Алайда ол қаржы біз өткізетін шаралардың шығынын толық өтемейді. Мұны көрген ұйым мүшелері өздері қол ұшын созып жатады. Жастар өтініш білдіретін кей мамандар бұл жұмыстың бәрін тиісті деңгейде қабылдап, айтарлықтай мән бермейді. Соның бәріне қарамастан, белсенді білім алушылар тығырықтан жол тауып, қарқынды жұмыс істеп келеді. Мұндайда бізді қашан да қолдап отыратын жастар ресурстық орталығы мен жастар қанатының да көмегін ерекше атап өтуге болады.

Ерлан ЖҰМАХАН:

– Жастардың алдында тұрған ең басты кедергі – әлеуметтік мәселелер. Оған әсіресе жаңа ғана диплом алған түлектер ұрынады. Патриоттықты ту етіп, кез келген жұмысқа көзді жұмып кірісіп кетуге болмайды. Жағдайы жоқ жастар жұмыс істеп жарытпайды. Мойнындағы несиесін, баспанасының жоқтығын ойлап жүргендердің басқа іске бас көтеруге шамасы келмейді. Қайтсем табысымды арттырамын дегендер жұмысына да дұрыстап ден қоймайды. Өңірімізге өзге өңірлерден келген студенттер маман болғаннан кейін баспананың жоқтығынан басқа жаққа кетіп қалады. Егер жастарға уақытша баспана беріліп, бағдарламалар тиімді жұмыс істесе, бұл кедергілерді еңсеруге болады.

– Жалынды жастарды тәрбилеудің тірегі ұлттық рух пен ұлттық тәрбие екені белгілі. Алайда бүгінде жас ұрпақтың санасына жат идеологиялар мен мәдениеттер ықпал етуде. Бүгінгі жастарды осындай бөгде ағымдар мен жаһанданудың зардабынан қалай құтқарып қала аламыз?

Біржан ҚҰДАЙБЕРГЕН:

– Сандық технологиялар дамыған сайын ғаламтордың өмірімізде алатын орны артып келеді. Бұл процестің пайдасымен қатар зиянын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, оған тосқауыл қою мүмкін емес. Бұған еліміздің даму жолындағы өтпелі кезең деп қарау керек. Бүгінде жастарға ең үлкен әсер ететін тарап – ғаламтор. Ол желіні әркім пайдаланғандықтан, ұлттық болмысымызға қайшы ақпараттар да тарап жатады. Бұдан шығатын бір жол – келешек ұрпақтың санасына салт-дәстүріміз бен асыл құндылықтарымызды сіңіріп, осы бағыттағы жұмысты үдету. Оның бәрі мектеп қабырғасынан бастау алып, кейін де жалғасын табуы тиіс.

Әлфараби МЫҢБАЙ:

– Бізге ең бастысы өз идеологиямызды туралау керек. Бұл – бір орталықтың ғана емес, мемлекеттің әр саласының алдында тұрған міндет. Ұлттық тәрбие мен патриоттыққа баулу кейде кейінгі сатыға сырғып кетеді. Бұл – бір ғана адамның емес, жалпы қоғамның кемшілігі. Дана Абай да егер кімде-кім жолдан тайса, оған замандастары кінәлі екенін айтып кетті ғой. Сондықтан бұған әскери мекемелер, оқу орындарымен қоса қоғам да үлес қосуы керек. Сол кезде бұл қауіптің алдын алуға болады.

Бекзат ЛАТЫПОВА:

– Әрине, бұл әр адамның өзіне байланысты. Мен бұл қауіптің алдын алудың тиімді тәсілі ретінде бос уақытты тиімді пайдалануды ұсынар едім. Өзім де қасымда жүрген жандарды пайдалы іске шақырып, бастамашы болып отырамын. Уақыттың қадірін білетін адам оны мәнсіз өткенін қаламайды. Өзін-өзі үнемі дамытып отыратын жандардың теріс жолға түсіп, бағытынан жаңылатын кезі сирек. Алға қойған айқын мақсатымыз, жоспарымыз болса, теріс ағымдардың әсері болмайды.

Ерлан ЖҰМАХАН:

– Мұның бәрі тал бесіктен басталады. Ана сүтімен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жастар өзгенің жылтырағына қызықпайды. Тамыры берік ағаш құлаймайтыны сияқты ұрпаққа неғұрлым терең тәрбие, білім бере алсақ, олардың ерік-жігері де берік болмақ. Өтпелі дүниенің бәрі өткен күнге қалмақ. Ал келер күнге жарайтын дүние қай кезде де өшпейді. Бүгінгі ұрпақты ғаламтордың шырмауынан алып шығу оңай болмасы анық. Цифрландырудың зиянын көріп, қиын жағдайда қалғандардың оқиғасынан сабақ алған жөн.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp