Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру жөніндегі тәжірибесін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Қазақстанның өзге өңірлеріне тарату жоспарланып отыр. Бұл туралы “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Сауда министрлігі, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының қатысуымен өткен бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуде айтылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербайдың айтуынша, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру үшін “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталын толықтыруға 15 млрд. теңге бөлінген болатын. Нәтижесінде қанатқақты жоба өңірде 17 жаңа өндіріс ошағын ашуға мүмкіндік берді. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, жылыжай кешендері және майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорындары салынды.
Өткен жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 23 инвестициялық жобаны қаржыландыру үшін тағы 20 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат тауарлы-сүт фермаларын, қой, құс, шошқа өсіру, майлы дақылдарды өңдеу, көкөністер мен картоп өсіру үшін су құбырларын тарту және инфрақұрылымды дамытуға берілді.
– Екі жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 21 тауарлы-сүт фермасы салынды. 2020 жылға дейін еліміз бойынша жыл сайын орта есеппен 2-3 тауарлы-сүт фермасы салынып келгенін ескерген жөн. Соның арқасында еліміз бойынша 584 мың тонна сүт немесе барлық сүттің 10,5 пайызы теріскейде өндірілді, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстың тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне тарату мәселесін пысықтап жатыр. Бұл ішкі нарықты сүт өнімдерімен, құс етімен, маусымдық көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге негізгі борышты өтеу бойынша 24 ай жеңілдікті кезеңмен 2,5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен 10 жылға дейінгі мерзімге қарыз беру жоспарланып отырғанын атап өткен жөн.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.