Былтыр 1 наурызда еліміздің бас партиясының атауы “Amanat” деп өзгертілді. Ребрендинг тек маңдайшадағы жазуды ауыстыру ғана емес, сонымен қатар партияның жұмыс моделін, оның құрылымын түбегейлі қайта құру жолындағы маңызды қадам болып есептеледі. Форумда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның келешегі туралы айта келіп, Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі ауқымды міндеттерді ойдағыдай орындау үшін алдағы мақсат-міндеттерді айқындап алу жолдарына тоқталды. “Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту. Бұл – уақыт талабы. Ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет”, – деген Мемлекет басшысы орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партия ұйымдарымен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарауға, атап айтқанда, аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдар өздігінен жұмыс істеуге, орталық аппарат нұсқаушылық және “қолмен” басқару тәжірибесінен арылуға, оның міндеті жалпы партиялық бағыт беру, әдістемелік және идеологиялық қолдауды қамтамасыз ету, кадрларды оқыту, жүйелік проблемаларды талдау екенін атап көрсетіп, сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа өзара қарым-қатынас мәдениетін орнықтыру қажеттігіне назар аударды. Ал Президенттің партия төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатып, саяси ұйым қатарынан шығу туралы шешімі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылтудың саяси үдерісі ретінде қабылданды. Мұндай ұстаным саяси жүйеде тең мүмкіндікке, әділдіктің орнауына жол ашып, халықтың билікке деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.
Озық ой мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің, халықтың пікірі мен ел мүддесін әрдайым ескеретін беделді саяси ұйым ретінде ірге бекіткен “Amanat” партиясы демократиялы, теңгерімді саяси жүйе құру жолында батыл қадамдар жасап, әкімшілік ресурстарсыз-ақ заманауи талаптарға бейімделуге, саяси құрылымы мен парадигмасын жаңғыртуға, ұстанған позициясын күшейтуге болатынын барлық деңгейде көрсете бастады. Бұл ретте, алдымен, қатары сапалық жағынан нығайып келе жатқан бастауыш партия ұйымдары негізгі тірек, басты күш саналады. Аудан бойынша 2 мыңға жуық мүше 19 бастауыш партия ұйымына біріккен. Төменгі буын күнделікті қызметін ашықтыққа, кері байланысқа құра отырып, елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру арқылы жұртшылықты мейлінше толғандыратын әлеуметтік мәселелерге үңілу, ұтымды ұсыныстар мен пікірлерді елеусіз қалдырмау тәжірибесіне бет бұрды. Нақты істерге көбірек назар аударылып, қоғамдық-саяси және идеологиялық шаралардың мазмұны толықтырылып, әдіс-тәсілдері жетілдіріліп, бастамалар қолдау тауып отырады.
Филиалдың жуырда өткен есеп-беру конференциясында алдағы міндеттер, партиялық қадағалауды күшейтудің жолдары нақтыланды. Халық пен биліктің арасындағы өзара берік қарым-қатынасты нығайтудың оңтайлы бір құралы ретінде қоғамдық қабылдаудың жұмысы жандандырылып, сервистік тәсілдер енгізілді. Нәтижесінде мәселелер ашық талқыланып, тезірек шешімін табатын болды. Партиялық бақылау комиссиясы және филиал жанындағы 4 қоғамдық кеңес тарапынан сайлауалды уәделердің іске асырылу барысына жүйелі түрде сараптама жасалып, сапалық көрсеткіштер негізге алынды. Алдағы уақытта да тікелей диалогты жалғастырып, проблемаларды шешуде барлық мүдделі құрылымдардың іс-қимылдары үйлестірілетін болады.
Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар әлеуметтік-экономикалық мәселелермен тығыз байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Мысалы, “Жер аманаты” және “Ауыл аманаты” партиялық жобаларының мәні айрықша. Өткен референдумда Конституцияның алтыншы бабына енгізілген нормаға сәйкес, заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті қойылды. Филиалдың, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірлесе әрекет етуімен мемлекеттік меншікке 71,2 мың гектар жер телімі өткізілді. Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы шеңберінде уәлихановтықтар да жылдық өсімі 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алуға, кооператив құруға және техниканы лизинг арқылы рәсімдеуге, сөйтіп, табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.
“Бақытты отбасы”, “Ардагерлерді ардақтайық”, “Кедергісіз келешек”, “Ұлттық мұра” партиялық жобалары көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды, аға буын өкілдерін, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдауға, ұлттық мәдени және рухани құндылықтарды сақтауға бағытталған. Жол картасында белгіленген іс-шараларды орындау аясында баспана жайын шешуде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Кішкенекөл ауылында 11,5 шақырым көше жолдары қалпына келтіріліп, қанағаттанарлық жағдайдағылар үлесі 72 пайызды құрады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы бірқатар оң өзгерістерге қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша сайлауалды бағдарламаға енген 8 көрсеткіш орындалмады. Оның басты себебі – қаржыландырудың жеткіліксіздігіне, құрылыс материалдарының қымбаттауына келіп тіреледі. Сайлауалды бағдарламаның іске асырылуына партиялық бақылаудың, қоғамдық мониторинг жүргізудің ықпалы артты. Оған – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрілік препараттар орналасқан 83 нысанның тексерілуі дәлел.
Партияның XXIV съезінде жаңа саяси платформаның қабылдануы маңызды саяси оқиғалардың бірі болып, адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігіне қатысты негізгі принциптер белгіленді. Біз өз жұмысымызда онда айқындалған қағидаттарды басшылыққа ала отырып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауда жедел әрекет етіп, тиімді шешімдер ұсынып келеміз.
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өскелең ұрпақтың рөлін күшейту – партияның негізгі басымдықтықтарының бірі болып табылады. Әсіресе ауыл жастарының сауаттылығын арттырып, оларға “әлеуметтік лифт” қалыптастыру өте маңызды. Партия форумының бірінде жастар қанатында 100 мыңнан астам мүше бола тұра, осынау телегей-теңіз ресурстың толық пайдаланылмай отырғаны орынды сынға алынған болатын. Шын ниетімен қоғамдық жұмыстарға араласқысы келетін, көшбасшылық қасиеттерге ие жастар қаладан орын таппайды, ауылға келгілері келмейді. Тіпті араларында жүзеге асырылып жатқан озық жобаларды білмейтіндері де бар. Өз басым Президенттің жастарды техникалық мамандықтарға баулу керек деген ұсынысын қолдаймын. Шаруашылықтарда механизаторлар, инженерлер, механиктер жетіспейді. Оның тапшылығы көктемгі, күзгі науқан кездерінде айрықша сезіледі. Осындай қат мамандықтарды даярлау үшін жергілікті жерлерде кәсіптік-техникалық колледждерді көбейту керек.
Ауданда “Жастар рухы” жастар қанатының қызметі қайта жаңғырып, 200-ге жуық белсендінің қолдауымен 60-тан астам іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде ең ауқымдылары – “Көше Fest”, “Жастарға кеңес, “Dombra Party”, сондай-ақ киелі жерлерге экспедициялар мен түрлі профилактикалық рейдтер. Жастарымыз Қостанай облысында өрттен зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек көрсетуде де белсенділік танытты.
Қазақстанда алғаш рет ауылдық округ әкімдерін төте сайлаудың енгізілгеніне үшінші жыл. Бұл қадам ашық та әділ саяси бәсекелестіктің кепілі ретінде орнығып, саяси жүйені құраушы институт ретінде танылған партия ұйымдарының да белсенді жұмыс істеуін жандандырды. 7 ауылдық округте әкімдер сайланып, бәрінде біздің партия өкілдері жеңіске жетті. Олар бүгінде өздерін жақсы қырынан көрсетіп, ерінбей еңбек етіп келеді. Аудандық мәслихаттағы 10 депутаттың 9-ы – “Amanat” партиясының мүшесі. Депутаттық фракцияда да басымдыққа ие. Партиялық құрылыс пен демократиялық өзгерістердің төменнен басталатынын ескерсек, қоғамдық-саяси жұмыстардағы көшбасшылар маңайына білікті жандарды шоғырландырудан ұтарымыз көп болмақ.
Мемлекет басшысының: “Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермеген жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет”, – деген тапсырмасы қоғамдық диалогқа, ашықтыққа, адамдардың қажеттіліктеріне барынша ден қоюды жүктейді. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы азаматтардың барлық сындарлы ұсыныстарына жедел және тиімді жауап беруге көмектеседі. Осыған орай халықпен жұмыс істеудің тың форматына көше отырып, фракция мүшелерінің есептік кездесулерге міндетті түрде қатысу, жергілікті жерлерде болып жатқан барлық процестерге жіті араласу, өтініш-тілектерді жинақтап, тиісті органдарға ұсыну, уәде еткен міндеттемелерді сөзсіз орындау бағыттары сараланды. Фракция мүшелері өткізген 59 қабылдауға 122 адам жүгініп, 54 мәселе шешімін тапты. 68 өтініш бойынша түсініктеме берілді.
Қазақстанның саяси өмірінде аса маңызды тарихи міндеттер тұр. Соның бірі – аудан әкімдерін тікелей сайлау. Партияның міндеті болашақта азаматтардың сенімі мен қолдауына лайықты үміткерлерді ұсына отырып, жауапты науқанның ұтымды өтуіне белсене атсалысу. Екіншіден, саяси жаңғыртуды одан әрі жалғастыру және мемлекеттік басқаруға қабілетті кәсіби кадрлар әзірлеу. Үшіншіден, жаңа саяси жағдайда азаматтық қоғам институттарын – үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, саяси партиялар, кәсіподақтардың рөлін нығайту. Ауыл және аудан әкімдерін, аудандық мәслихат депутаттырын тікелей сайлау, Парламент Мәжілісі, облыстық, облыстық маңызы бар аудандардың халық қалаулыларын аралас жүйе негізінде таңдау – мұның бәрі Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық реформаларының жүзеге асуына қызмет етпек.
Маржан ЛАТЫПОВА,
“Amanat” партиясы Уәлиханов аудандық филиалының төрайымы.