«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАН АУРУХАНАЛАРЫНА – ЖАҢА КӨЛІКТЕР

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы бірқатар медициналық мекемелерде болып, ондағы оң өзгерістермен, түйткілді мәселелермен танысты.

Ең алдымен өңір басшысы кардиологиялық орталыққа ат басын бұрды. Орталық соңғы жылдары жаңа қондырғылармен толығып, қызмет көрсету аясы кеңейген. Бүгінде мұнда күніне 20-ға жуық ота жасалады. Орталыққа өңір бойынша баламасы жоқ аппараттар қойылған. Олардың көмегімен жүрегі сыр берген науқастарды да аман алып қалуға мүмкіндік бар. Мысалы мұндағы экстракорпоральды мембраналық оксигенация аппаратына жыл сайын жүрегі мен өкпесі қатты зақымданған 5-6 адам қосылып, сауығып шығады. Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Асқар Молжігітовтің айтуынша, аталған қондырғының көмегімен өкпесінің 99 пайызы зақымданған науқас та аман қалған. Сонымен қатар жасанды бүйрек аппараты мен балон контропульсаторы да қиын жағдайға түскендердің дертін жазуға себеп болып отыр.

Айдарбек Сапаров оңалту бөлімшесі мен тәулік бойы жұмыс істейтін зертхананың жұмысымен танысып, ем алып жатқан науқастармен және дәрігерлермен кездесті. Кездесу барысында мамандар қосымша ангиографиялық қондырғы керек екенін жеткізді. Аталған аппараттың біреуі істен шығыпты, барлық жүктеме қалған жалғыз жабдыққа түсіп отыр. Мамандар ол сынса, қиын жағдайда қаламыз ба деп алаңдайды. Бүгінде бір ангиографиялық аппараттың құны 800 млн. теңгеден асады екен. Облыс әкімі орталық жұмысына барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Былтыр білікті мамандармен толығып, кадр жетіспеушілігі мәселесі түгелдей шешілген. Мекемедегі дәрігерлердің орташа жалақысы – 750 мың теңге. Кардиологиялық орталық дәрігерлері Швеция, Ұлыбритания елдеріндегі әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады. Нәтижесінде елімізде алғаш болып аорталық клапанның котетерлік трансплантациясы жасалған. Орталық мамандары алдағы уақытта бұл отаны тұрақты түрде өздері жасауды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі облыстық ауруханада да болды. Бірнеше жыл бұрын ғана ашылған шұғыл көмек көрсету бөлімшесі түрлі жарақат алған, ауыр жағдайда түскен науқастарды қабылдайды. Бөлімшеде жедел көмек көрсетуге арналған құрал-жабдық жеткілікті. Емдеу мекемесі компьютерлік томография және ангиографиялық қондырғылармен толыққан. Бұрын мамандар кей науқастарды басқа емдеу мекемелері немесе кардиологиялық орталыққа жөнелтіп келсе, өткен жылдан бастап ангиографиялық қондырғының арқасында қажетті нейрохирургиялық көмекті өздері де көрсете бастады.

Өңір басшысы №3 қалалық аурухананың жұмысымен де танысты. Мұнда қондырғылар жеткілікті болғанмен, келетін науқастар көп, ғимарат тарлық етіп отыр екен. Әсіресе жансақтау бөліміне түсетін жүктеме ауыр. Себебі қала бойынша ауыр жағдайдағы науқастардың бәрі осында жеткізіледі. Мұнда кейбір науқастар бірнеше ай бойы жататындықтан орын жетіспей, бөлмелерге қосымша кереуеттер қойылады екен. Мәселен, 12 адамға шақталған бөлімшеде 15 науқасқа дейін жатады. Мекеме директоры Жанна Маутова жаңадан ангиограф алынса, ауруханаға түсетін салмақ азаяр еді деп отыр. Мұнда облыс әкімі жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің жұмысымен танысты. Жанна Маутова облыс әкіміне кадр жетіспеушілігі жайлы да айтты. Бүгінде ауруханада 18 дәрігердің орны бос.

– Мен қаламыздағы медициналық мекемелерді аралап, ондағы жағдаймен танысудамын. Мұндайда дәрігерлер мәселелерді бүгіп қалмай, ашық айтқандары дұрыс. Бүгін көтерілген мәселелер талқыланып алдымен әкімдік, кейін министрлік деңгейінде қаралады, – деді кездесу соңында Айдарбек Сапаров.

Ауруханалардағы жағдаймен танысқаннан кейін өңір басшысы аудандағы емдеу мекемелеріне арналған жаңа санитарлық көліктерді көрді. Бұл күні облыстың әр ауданына бір-бірден жаңа көліктің кілті берілді. Қызылжар ауданында халық санының көп болуына байланысты оларға екі “Жедел жәрдем” жөнелтілді. Елді мекендердегі емдеу мекемелерінің жаңа техникамен толығуы “Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту” жобасы аясында жүзеге асып отыр. Игі шараға аудандардағы ауруханалардың бас дәрігерлері мен жаңа көліктің тізгінін ұстайтын қызметкерлер келді.

– Бүгін сіздерді қуанышты себеппен шақырып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту” жобасы жасалғаны белгілі. Осының аясында тиісті жұмыстар басталып кетті. Жоба аясында облыста 46 денсаулық сақтау нысаны салынады. Құрылысқа биыл кірісеміз. Қазіргі таңда санитарлық көліктердің 60 пайызы ескірген. Жаңа 14 көлік бұл көрсеткішті 10 пайызға жақсартуға мүмкіндік береді. “Жедел жәрдем” көліктерін жаңалау әлі де жалғасын таба бермек. Биыл медициналық техника мен қондырғылар алуға – 5, ал медициналық мекемелерді жөндеуге 1,5 млрд. теңге бөлінеді, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірге медициналық мамандарды тарту үшін арнайы бағдарлама дайындалып жатқанын айта кеткен жөн. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтің сөзінше, бағдарлама аясында өңірге мамандар шақырылып қана қоймай, теріскейлік жастар да білім алып, дәрігерлер қатарын толықтырмақ.

Медицина қызметкерлері болса “Жедел жәрдем” көліктерінің жаңарғанына ризашылықтарын білдірді. Олардың сөзінше, жаңа техника ауылдағы ағайынға көмек беру жағын жеңілдемек.

– Біздің аурухананың автопаркі жыл сайын толығып келеді. Игі жоба Тайыншадағы емдеу мекемесінің жұмысына оң серпін берді. Осының арқасында компьютерлік томограф алынды. Биыл сандық ангиографиялық жүйе мен магнитті резонансты томогроф алынады. Ауруханамыздың 6 бөлімшесі жөнделмек. Барлық медициналық көмекті жергілікті жерде көрсететін боламыз, – дейді Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Кұдратуллаев.

Әрқайсысының құны 18 млн. теңге тұратын автокөліктер жағдайы орташа науқастарды тасымалдауға және өзге де амбулаторлық көмек түрлерін көрсетуге арналғанын айта кеткен жөн.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp