«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Сергелдеңге салған субсидия

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін құрылымдар мемлекет қа­зынасынан бөлінетін субсидияны майшелпекке балап, қалтаға тоғыт­қан құлқынқұмарлардың талайын әшкерелеп, жегендерін желкесінен шығарып жатыр. Сонда да қылмыс­тың азаятын түрі байқалмайды. Осы себепті Президент Қасым-Жомарт То­қаев халыққа арнаған Жол­дауын­да субсидиялау мәселесіне арнайы тоқ­талды. “Соңғы бес жыл­дың өзінде суб­сидиялауға 2 трлн. теңгеден ас­там қаржы бөлінді. Өкі­нішке қарай, агроөнеркәсіп кеше­ніне қатысты қоз­ғалған қылмыстық істердің жарты­сы­нан астамы суб­сидияны талан-таражға салуға бай­ланысты болып отыр”, – деген Мем­лекет басшысы суб­­сидиялау тә­сілдерін қайта қарап, рәсімдеу тәртібінің түсінікті әрі то­лы­ғымен ашық болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Санамалай берсең, қылмыстық құйтырқылықтың қаншама түрі со­паң етіп шыға келеді. Мысалы, “жоқ малға” субсидия рәсімдеп, күдікке ілінгендердің арасында солтүстік­қа­зақ­стандықтар да бар. “Субсидия­лау” ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша 2021 жылы қарастырыл­ған 98 млрд. 701 млн. теңгенің ең көбі Алматы (15,4 млрд.) және Сол­түстік Қазақстан (8,8 млрд.) облыс­тарына берілген. Оның қаншалықты әділ бөлінгенін тиісті орындар анықтай жатар. Біздің айтпағымыз, заңды бе­лінен баса отырып, өте қомақты қаражатты ірі шаруашы­лықтармен қатар шенеуніктердің де шүлен та­ратқандай бөліске салаты­ны, қар­пып қа­латыны, пара ретінде әртүрлі сый­ақы алып отыратыны жасырын емес. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы тал­дау көрсеткендей, мемлекеттік суб­сидияға шын мұқ­таждардың бә­рінің бірдей қолы жете бермейді. Облыс­тық ауыл ша­руашылығы және жер қатынастары басқармасы Қы­зылжар ауданында асылтұқымды ірі қара алып, фер­мерлік шаруашылық ашу үшін субсидия рәсімдеуге кел­ген бір кәсіпкердің өтінішін қанағат­тан­дыр­ма­ған. Ондағы себеп – вете­ринарлық бақылау қызметі беретін есептік нө­мірдің болмауы. Бизнес өкілі шешім­мен келіспей, кәсіпкер­лер палатасына шағымданған. Он­дағылар мәсе­лені зерделей келіп, асылтұқымды мал шаруашылығын да­мытуды суб­сидиялау талапта­рын­да есептік нөмірдің болуы мін­детті емес екенін, тек екі жағдайда ғана, атап айтқанда, ұсынған дерек­тер дұрыс толтырыл­маса және бел­гілен­ген шарттарға сәйкес келмесе ғана субсидиядан бас тартылаты­нын анық­таған. Соған қарағанда құ­жат­тар дайындаудағы қағазбасты­лық­­тың көптігі әкімшілік кедергілер ре­тінде әдейі жасалған жоқ па деген ой туады.

Мемлекеттің қаржысын “бармақ басты, көз қыстылықпен” жымқы­рып, алаяқтық айла-шарғылар ар­қылы бас пайдасына жаратып жат­қан­дарды табаға салғандай қуы­рып, көзіне көк шыбын үймелетіп жатса, “бәрекелдіден” басқа айта­рымыз жоқ. Десек те, кей тергеу­шілердің кәсіби біліксіздігі, адам тағдырына салғырт қарау, факті­лерді жете тексермеу, әйтеуір қа­раласам деген оймен, рапорт қуалаушылық салда­рынан “қосақ” арасында еш жазық­сыз кетіп қала­тындар жоқ емес. Со­лардың бірі – Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты Олег Адам ел арасында білікті де тәжірибелі басшы, қайы­рымды меценат ретінде кеңінен танымал. Адал ниетімен, шын пейілімен еліміздің өркендеуіне үлес қосуды басты мақсат еткен Олег Эрихович мысқалдап жинаған абырой-беделін шөміштеп төгіп ала жаздаған, уайым-қайғысын ішке бүгіп, қан жұтқандай жүрген күнде­рін еске алса, ішкі жан дүниесін ащы өк­сік қысқандай, ауыр мұңға бөле­неді. Жамбыл ауданында орналас­қан, өңірдегі ірі әрі жұмысшыларына барлық әлеуметтік жағдайды жасап отырған мақтаулы шаруашылық 37 мың гектардан астам алқапқа дәнді, майлы, бұршақты дақылдар егіп, бұ­дан бөлек, асылтұқымды ірі қара өсі­румен айналысады. Астықтың орта­ша өнімділігі 20-25 центнерден кемі­ген емес. 2019 жылы күздік би­дайдың әр гектарынан 71,4 центнер­ден өнім алынып, рекордтық көрсет­кішке қол жеткізген. 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Тек был­тырдың өзінде ғана 31 млн. теңгенің қайы­рымдылық шаралары көрсе­тілген.

Субсидияға қатысты заңнама­лар мен ережелерді, қойылатын талаптарды бес саусағындай жетік білетін басшының ауқымды бағдар­ламаларға қатысуы бірінші рет емес. Соңғы рет 767,3 млн. теңгеге субси­дия рәсімдеп, өндіріс орында­рын кеңейтуге, жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұм­саған. Түскен табыстың едәуір бөлігі елді мекендерді дамытуға, әлеу­меттік мұқтаждықтарды ше­шуге жұм­салған. 2020 жылы наурыз айында селекциялық және тұқымды асыл­дандыру жұмыстарын жүргізу мақса­тымен үкіметтік бағдарламаға тағы да жүгінуге бекінген. Серік­тестіктің ақпараттық-талдамалық жүйесі арқы­лы жіберілген элек­трондық өтінім мақұлданып, есеп­шотына 35 млн. теңге қаражат аударылған. Кейін бұл қаржының 1,1 мың бас малға деп алынғаны, сатылып кеткен 246 бас сиырдың есептен шығарылмағаны белгілі болған. Ветеринар Гүлнәр Хасе­нова тарапынан жіберілген тех­никалық қателіктер дереу түзетіліп, тиісті сома қайтарылған.

Алайда тергеу орындары Олег Адамның қаржыны қайтарғанына қарамастан қылмыстық қудалау ісіне жедел кірісіп кетеді. Айыптау бабы бірнеше рет өзгертіліп, эконо­ми­калық тергеу департаменті серік­тестік басшысы мен ветеринарға алдау жолымен сөз байласты деген ауыр айып тағады. Бұл жерде топтық келісімнің жоқтығы айдан анық екені, өтінімдер электрондық база арқылы ғана қабылданатыны, 21 млн. теңге мөлшеріндегі ақша­лай қаражат сот­қа дейінгі тергеп-тексерудің бірың­ғай тізіліміне енгізілгенге дейін қайта­рылғаны, басқа мақсатқа жұмсалма­ғаны ескерілмегенін, сондай-ақ ау­дандық ветеринарлық бөлімнің ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру базасында орын алған қарама-қайшылықты да айта кеткен жөн. “Артық сиырлар” жайлы ақ­парат бола тұра, субсидияға қа­тысты өтінімнің қабылдануы, элек­трондық жүйедегі кемшіліктер жайлы тіс жармауы түсініксіз.

Казанка, Мирное, Миролюбово, Пресновка ауылдарының үш жүзге жуық тұрғыны қолдау хат жолдап, Олег Адамға араша сұрайды. Мұн­дай азаматтар қылмыстық жауап­кершілікке тартылса, еліміздің аг­рар­лық секторында адал басшылар қалмайды. Ол туған жерінің нағыз патриоты, оны арам пиғылды жан­дар­мен қатар қою еш ақылға сый­майды, деген жанашыр жандар ойларын ашық жеткізеді.

“Шатило және К” ЖШС-ның бас­шылығына өздерінің кінәсіздігін ал­дымен Петропавл қалалық, сосын об­лыстық сотта дәлелдеуіне тура кел­ді. Адвокат Ирина Кошекова субси­дияларды рәсімдеу үрдісін элек­трондық өтінім қалыптас­тыра­ты­нына, “адам факторы” ешқан­дай рөл атқармайтынына, алаяқтыққа жол берілмейтініне, көрінеу жалған мә­ліметтер енгізу мүмкін еместігіне нақты фактілер келтірді. Сот Олег Адам мен Гүлнәр Хасенованы кінә­сіз, іс-әрекеттерінде алаяқтық, ымы­раласу жоқ деген үкім шығарды.

Сергелдеңге салған субсидия оқиғасына соттың бірінші сатысын­да-ақ нүкте қойылуы керек еді. Алайда үкіммен келіспеген про­куратура аппеляциялық талап жа­зып, үш жыл­ға бас бостандығынан айыруды сұ­райды. Облыстық сот­тың қылмыс­тық істер жөніндегі алқасы қалалық соттың үкімін өз­геріссіз қалдырып, жақында ол заңды күшіне енді. Мем­лекеттік айыптаушының фермер заңсыз субсидия алды, қасақана қыл­мыстық құқық бұзушылық жасады деген аппеляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp