Жерлесіміз Ербол Хамитов ел тарихында парабиатлоннан әлем чемпионатында медаль жеңіп алған тұңғыш қазақстандық атанды.
Пара спортшылар арасындағы әлем чемпионаты Швецияның Эстерсунд қаласында өтіп жатыр. Оған дүниежүзінің 18 елінен 102 спортшы қатысуда. Байрақты бәсекенің алғашқы күнінде Ербол Хамитов парабиатлоннан 7,5 км қашықтықта сынға түсіп, қола жүлдеге ие болды. Ол екі ату кезеңінде бір рет қана мүлт кетіп, үшінші орынға табан тіреді. Алтын медальді канадалық Кэмерон Коллин жеңіп алса, күміс жүлде АҚШ спортшысы Арон Пикеге бұйырды.
Қазақстан құрамасының сапында Ербол Хамитовтен бөлек, тағы 6 спортшы өнер көрсетуде. Александр Герлиц, Денис Петренко, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Денис Зинов және Нұрлан Әлімовтер де жүлде алады деген үміт бар.