Петропавлдық отбасының пайдаланған су үшін қарызы 800 мың теңгеге жеткен. Олар шамамен 20 жылдай пайдаланған су үшін коммуналдық ақы төлемеген. Сумен қамтитын компания соттың шешімімен борышкерлерге қатаң шара қолдана бастады.
“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғындары сумен қамтушы компанияға 30 млн. теңгеге жуық қарыз. Егер тұтынушы екі айдан артық коммуналдық ақыны төлемесе, компания қызмет көрсетуді тоқтатуға құқылы.
“Коммуналдық ақы айына орташа 3,5 мың теңге шығады. Біз отбасына қаншама ескерткенімізбен қарыздан құтылуға тырыспады. Суды пайдаланушыларға қатаң шара қолданбас бұрын 30 күн бұрын ескертіп, тұтынушыға хабарлама жібереміз. Егер осы аралықта қарызды төлемесе, соттың шешімімен кәріздік құбырға бітеуіш салынады. Әдетте мұндай шараны берешегі 15 мың теңгеден асып кеткен жағдайда қолданамыз. Төлеген жағдайда бітеуішті ақша төлеп алғызады”, – дейді кәсіпорынның тұтынушылармен жұмыс бойынша бөлім басшысы Нұргүл Самалықова.
Мамандардың айтуынша, бітеуіш қойғаннан кейін ғана тұрғындар қарыздан құтылуға тырысады екен. Ал жалпы Петропавлда қазір 500-ден астам абонент қасақана төлемеуші ретінде сумен қамтитын компанияның есебінде тұр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.